Павлодарлық кәсіпкер қорғаныс министрлігінен ақшасын ала алмай жүр. Ол шамамен 130 млн теңгеге қызмет көрсеткен. Айтуынша, тендер арқылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы әскери қоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізген, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жұмыстары аяқталысымен, министрлік ақша төлеуден бас тартыпты. Павлодарлық кәсіпкер тендер арқылы былтыр Аягөз ауданындағы әскери қойманың қақпалары мен төбе жабындыларын ауыстырғанын айтты. Алайда, жұмысының ақысын әлі даулап жүр.
Айтуынша қорғаныс министрлігі қаражат төлеуден айнып қалған. Нақтырақ айтсақ олар бастапқыда кәсіпкерге жұмыс ұсынып, кейін оны өзге мердігерге беріп жіберіпті. Осылайша, бір жұмысқа екі рет конкурс өткізген деп отыр.
“Қорғаныс министрлігі төлем жасамағандықтан, біз биыл салықта төлей алмай отырмыз. Жалпы қарызымыз 12 млн теңгені құрады. Оның ішінде салықтан бөлек, жұмысшылардың жалақысы, бізге құрылыс материалдарын жеткізіп берген кәсіпорынға да қарызымыз бар. Банкротқа ұшыраудың алдында тұрмыз”, – дейді кәсіпкер Евгений Кузьменко.
Кәсіпкер жұмыстың жалпы көлемін 128 млн. 880 мыңға бағаланған. Ақысын төлемеген соң сотқа да жүгініпті. Алайда, сот кәсіпкердің арызын қанағаттандырмаған.
“Біз келісім шартты өзгерту жөнінде техникалық кеңес хаттамасы бойынша жұмыс жасадық. Ал сот бізге қосымша келісім шарт жасасу керек. Дегенмен тапсырыс беруші тарап атқарылаған жұмысты жоққа шығарып отырған жоқ. Бұл әскери қойма жабық мекеме. Сонда жабық мекемеге жеке меншік кәсіпорын жайдан жай кіре алмайды. Бізде барлығы құжат жүзінде болды. Бастысы атқарылған жұмыстың нәтижесі бар. Сот оны да көзге ілмей отыр”, – дейді кәсіпкердің адвокаты Мұхтар Батырбаев.
Амалы таусылған бизнесмен, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес өкілдеріне де жүгінген.
“Мемлекеттік сатып алу кезінде өрескел заң бұзушылық болған. Бұл бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізуі керек. Бюджет ақшасы болғандықтан, тиісті шара қолданылуы тиіс. Қазір Қаржы министрлігінің атына хат жаздық. Аталған факті бойынша тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Жұмыс орындалған. Сондықтан, министрлік ақы төлеуге міндетті”, – дейді өңірлік кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Серік Әбубәкіров.
Басы дауға қалған қорғаныс министрлігі болса, мұның барлығын жоққа шығарып әлек. Берген ақпараты қысқа, әрі жазбаша ғана болды.
“Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық экономикалық соты «МИККОН» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде таныды. Ал аталған кәсіпорынның атқарылған жұмыстарының актісін сот қабылдаудан бас тартты. Нұр-Сұлтан қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші инстанциядағы сот шешімінін өзгеріссіз қалдырды”, – деп мәлімдеді қорғаныс министрлігі.
Десе де, шығынға батқан кәсіпкер жұмысын дәлелдеу үшін енді Жоғары сотқа жүгінбек.