Жұмыстарды ширату жүктелді

Қазіргі таңда миллионнан астам тұрғыны бар облыста небәрі 32 флюроаппарат болса, оның 14-і ескіріп, тозығы жеткен.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Ал құрылғылардың жетіспеушілігі азаматтардың жоспарға сай рентгеннен өтуіне кедергі келтіре ме? Аймақ тұрғындарының шағымына арқау болған сауалдың жауабын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалық етуімен өткен үйлестіру кеңесінде таптық. Келелі жиынға ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов бастаған сала мамандары арнайы қатысты. Аймаққа жұмыс бабымен ат басын бұрған Мәлік Молдабекұлы он күн бойы әр аудандағы сала мамандарымен кездесіп, өкпе ауруының алдын алу төңірегінде пікір алмасады. Онда 2019-2020 жылдарға арналған Жамбыл облысында туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша жарты жылда атқарылған жұмыстар жайын облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бас дәрігері Қайрат Жетібаев баяндады.
– Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша облыста туберкулез аурушаңдығы 14,5 пайызға азайып отыр. Бүгінгі таңда облыста 32 флюрорентген аппараты бар, оның ішінде біреуі облыстық фтизиопульмонология орталығында орналасқан және 6 жылжымалы фг-қондырғы көлігі бар. 16 аппараттың пайдалану мерзімі аяқталғанына қарамастан жұмыс істеп тұр, соның ішінде 10-12 жылдан жоғары жұмыс істеп тұрған ескі, жиі істен шығатын, ауыстыруды қажет ететін аппараттар саны – 5 дана. Және 4 рентген аппараты мүлдем істен шыққан, – дейді бас дәрігер.
Өкпе ауруының алдын алу мен оны емдеу жолдарын жеңілдету, дертті ерте анықтау мақсатында шетелден «Gxpert» молекулярлы-генетикалық аппараттар алынған. Олар шілде айында Шу, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Талас аудандық орталық ауруханаларына орнатылмақ. Ал аталған аудандардың 5 бактериологиялық зертхана мамандары заманауи аппаратпен жұмыс жүргізу үшін облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бактериологиялық зертханасында алғашқы дайындық оқудан өткен.
Мұнымен қатар салада түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес. Мәселен, дертке шалдыққан науқастарға берілетін жәрдемақы деңгейі әр ауданда әртүрлі болса, салаға қажетті фтизиатрия мамандары тапшы екен. Сондай-ақ бірқатар мекемелерде 10-12 жылдан жоғары жұмыс істеп тұрған ескі, жиі істен шығатын, ауыстыруды қажет ететін 5 флюроаппарат пен жұмыс істемейтін 4 құрылғыны жаңа аппаратпен қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр. Келелі кеңесте Бекболат Серікбекұлы саладағы олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Comments (0)
Add Comment