Жастар мәселесі – кез келген, оның ішінде жасампаз жолға қадам басқан Қазақстан үшін ең маңызды саясаттың бірі. Сол себепті елімізде жастар саясаты оң бағытқа қойылып, ел болашағы саналатын азаматтарға қолдау ерек. Сөзіміздің айқын дәлелі ретінде Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының соңғы жылдардағы жұмысы мен жеткен жетістігін тілге тиек етсек болады.
Облыс орталығы тұрғындарының 30 пайызы – 18 бен 29 аралығындағы жастар. Біздің мақсат – осы топтағы әрбір жанға көмек көрсету, олардың болашағына сенім ұялату. Бұл бағытта орталық мамандарының ұйытқы болуымен «Мәдени-шығармашылық», «Рухани-адамгершілік», «Құқықтық», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу», «Психологиялық-танымдық», «Діни», «Жастарға кеңес», «Әскери-патриоттық», «Экологиялық мәдениет», «Этносаралық келісім», «Спорттық» бағыттары бойынша 884 іс-шара өткізіліп, 30000-ға жуық жас қамтылды.
Әрине, біздің жұмысымыз тек жоғарыдағы іс-шарамен шектеліп қана қоймайды. Қолына диплом алып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жас түлектердің жұмыспен қамтылуын басты назарға аламыз. Одан бөлек, NEET, яғни бос жүрген жастардың білім алуына немесе бір іспен айналысуына түрткі боламыз. Мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып отырғанының тағы бір айғағы – былтыр бизнес гранттардың 72 пайызы жастардың үлесінде болды. Осы жылы 1248 жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, 3 айда оның 500-ден астамы еңбекпен қамтылды. Орталық мамандары қала маңында орналасқан «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Жиделі», «Қайнар», «Барысхан» елді мекендарінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде сол аймақтағы кәсіпкерлік нысандарынан ашылған 50 жаңа жұмыс орнына жастар тартылуда. Жұмыссыз- дық мәселесі «Жастар практикасы», «Кәсіптік оқыту», «Қайта даярлау» және «Мемлекеттік грант» беру арқылы іске асуда. Жаңашыл идея ұсынған жас кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грант көлемі биыл 400 еселенген АЕК артқаны тағы бір қуантты. Бұл еліміздегі ісін дөңгелетіп, қатарластарына үлгі боламын деген жандарға үлкен мүмкіндік болмақ.
Бұдан бөлек, мемлекетте әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталған. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, жас отбасылардың баспанамен қамту, табыс деңгейін көтеру, білім алу мүмкіндігін кеңейту. Орталық бұл бағытта да арнайы білікті мамандардың қатысуымен құқықтық, медициналық кеңестер ұйымдастырып отырады.
Ақын Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін» деген өлең жолдары қай кезде де өзектілігін, маңыздылығын жоймақ емес. Күш-қайрат тасып тұрған шақта оны тек өз игілігіне жұмсай білу өскелең ұрпақтың парасатты қадамы болмақ. Ал ел ертеңі мен және менің қатарластарым десек, біздің жарқын болашақ үшін қабылданып жатқан қадау-қадау жобаларды мүлт жібермей, оны сіздерге түсіндіру, ұғындыру – орталықтың міндеті.
Сөздің түйіні, жастарға әрдайым жол ашық. Басқалай болуы да мүмкін емес. Өйткені ертеңгі ел басқару тізгіні бүгінгі қыз-жігіттерге берілетін үлкен аманат болмақ.
Абзал Есіркепов,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры