Ұлтымыздың ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзі бар. Бұл көзқарас күні бүгінге дейін маңызын жойған емес. Әрине, жұмыстың жаманы болмайды. Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс.
Мәртебелі мамандық иелері туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына жасаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», – деген Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялаған болатын.
Жалпы, елімізде жұмысшы санатына әртүрлі мамандықтар кіреді. Олардың қатарында автокөліктер мен машиналарды жөндейтін мамандар, электр жүйелері мен құрылғыларын орнату және жөндеу, металл конструкцияларын өңдеу, жөндеу, металл бөлшектерін дәнекерлеу, ағаштан бұйымдар жасау, тәтті өнімдер дайындау, медициналық көмек көрсету, киім мен басқа текстиль бұйымдарын тігу және өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі сала мамандары маңызды рөл атқарады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Таудың айтуы бойынша, жұмысшы мамандар деп кәсіби білім алған, өз мамандығын терең меңгеріп, дағдыланған азаматтарды айтады.
– Айталық, арнайы оқып, білім алмайынша кез келген адам дәнекерлеуші секілді мамандық иесі бола алмайды. Демек, кәсіби білім алу арқылы белгілі бір мамандықты шебер игерген адамды жұмысшы мамандық иесі дейміз. Еңбек адамына аула сыпырушы, еден жуушы, көпшілік тамақтанатын асханадан мейманханаға дейінгі қоғамдық орындарды тазалаушы жандар да жатады. Дегенмен, олардың бет-беделін түсіруге болмайды. Өйткені қоғамға жайлы орта орнатып отырған – осындай қарапайым, қатардағы еңбек азаматтары, – дейді халық қалаулысы.
Оның пікіріне сүйенсек, бүгінде жұмысшы мамандықтарын оқытуда кейбір салада мамандардың аздығы қатты байқалады.
– Меніңше, қай бағытта ақсап тұрмыз, қандай мамандық иелеріне сұраныс көп, олар неге қат дегенді терең талдап, соған баса мән берген дұрыс. Биыл осы мәселенің түйіні оңынан шешіледі деп сенемін. Жалпы, Президент атап өткендей, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне ауқымды реформалар жасау керек. Білім саласында 16 жыл қызмет істеген тәжірибелі маман ретінде айтарым, саланы барынша өзгерту, қайта жаңғырту қажет. Кезінде кәсіптік-техникалық білім беретін мемлекеттік, жекеменшік 90-ға тарта ұйым болды. Рас, бұған дейін де кәсіптік оқыту жүйесінде бірнеше рет реформа жасалды. Олардың тиімді тұсы да, өкінішке қарай, ақталмаған жобалар да болды. Жұмысшы мамандықтарды дамыту үшін жаңа технологияларды кеңінен қамту, қолдану керек. Талапқа сай оқу бағдарламасы болуға тиіс, – дейді маман.
Сонымен қатар сарапшының сөзінше, теориялық білімнен гөрі практикалық үйретуге басымдық берген жөн.
– Бір ғана мысал, АҚШ-қа жоғары білім алуға барғанымда отбасыммен бірге көштік. Ұлымыз 9-сыныпты сол елде оқыды. Бірде физика пәнінің мұғалімі оқушыларға кәдімгі үтікті бөлшектеп, соны үйде құрап келуге беріпті. Бәріміз жабылып бірнеше күн құрастырдық. Тәжірибелік танымның өмірлік қажеттілікке қаншалықты керек екенін сонда бағамдадық. Бізде де сондай кәсіптік білім беретін колледждер мен өндіріс орындары арасында өзара байланыс орнағаны дұрыс. Дәнекерлеушіге зәру, ұстаға қолы жетпейтін мекемелер көп. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы осы олқылықтың кем-кетігін бүтіндейді деп сенеміз, – дейді Н.Тау.
Ағымдағы жылдың наурыз айында шаһар төрінде өткен «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында өткен Жұмысшы мамандықтары жылының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы – еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі екенін ерекше атап өткен болатын.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деп айрықша атап өтті. Қарапайым еңбекпен адал табысқа жететін жұмысшы мамандар қашан да көпке үлгі болатыны анық. Қажырлы еңбегімен ел дамуы мен экономиканың өсуіне үлес қосып жүрген жандарды таныту – біздің парызымыз. Осы жиынға өңірдегі «Қазфосфат», «Жамбылгипс», «Имстальком», «Энерджи Тараз» секілді өндірістің өзегі саналатын кәсіпорындар қатысып отыр. Бұл кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. 2025-2026 жылдары ІТ-hub ашу, халықаралық салалық аккредиттеуден өту, кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысына мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, жаңа мамандық ашу жұмыстары жалғасын таппақ. Сонымен қатар орта мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттері жасақталатын болады. Өңірдегі 42 колледжде 28 мыңнан аса жас білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер қатары артты. Соңғы үш жылда мемлекеттік тапсырыспен білім алған 8 мыңнан астам түлектің 86 пайызы еңбекпен қамтылған. Өңірге қажетті және сұранысқа ие жаңа мамандықтарды анықтауда алғашқылардың бірі болып жаңа мамандықтар атласы әзірленді, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Оның айтуы бойынша, өңірде биыл 37 инвестициялық жоба қолға алынады. Соның арқасында 1 300-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады десек, оның 91 пайызы жұмысшы мамандықтарына арналған. Сонымен қатар жаңа оқу жылында «Гидрогеологиялық және инженерлік геология», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандықтарын ашу жоспарлануда. Алдағы уақытта атом электр станциясы құрылысына қажетті кадр даярлау жұмыстары қолға алынбақ.
Сондай-ақ аймақта 2024-2025 оқу жылы 70 мамандық бойынша 7 486 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Оның ішінде 455 студент кәсіпорындарға қажет мамандық бойынша оқуға қабылданды. Осы ретте колледждер мен жұмыс беруші кәсіпорындар арасында 109 келісімшарт жасалғанын айта кету керек. Сонымен бірге білікті маман жетіспеушілігі бар салаларды кадрлармен қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі кәсіпорындардың қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесін кең көлемде ұйымдастыруды, «Жаңа мамандықтар атласы» жобасын сапалы іске асырылды.
Қорыта айтқанда, елімізде жұмысшы мамандықтарын қолдау мақсатында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жұмыс орындарын ашу және жұмыссыздықты төмендету үшін арналған. Әрі сала мамандықтарын әлеуметтік қорғау жүйесі біртіндеп дамып келеді, бірақ әлі де жетілдіруді қажет ететін аспектілер бар. Жұмысшылардың құқықтарын қорғау, еңбек шарттарын жақсарту және әлеуметтік қолдауды күшейту – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті деп санаймыз.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ