Жұмысқа кетіп қайта оралмаған: Алматыда 5 қаңтарда жоғалған азаматтарды іздеу жалғасуда

Алматыда полицейлер мен еріктілер жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жоғалған азаматтарды іздестіріп жатыр. Кейбірі өз жақындарын бір аптадан ұзақ уақыт іздеген. Еріктілердің сөзінше, басым бөлігі 5 қаңтарда жоғалып кеткен. Оқиғалары да ұқсас: жұмыстан асыға қайтқанымен, үйлеріне жете алмаған. Туыстары олардың жағдайынан хабарсыз. Полицияға арыз жазған. Қазір мәйітханалар мен тергеу изоляторларын тексеруде, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Еріктілер сағаттап компьютер алдында отырып, келіп түскен өтініштерді өңдейді. Айтуларынша, алғашқы өтініштер 7 қаңтардан бастап, қалада ғаламтор бірнеше сағатқа қосылғанда келе бастаған. Еріктілер өтінішті Instagram арқылы да қабылдайды. Сонымен қатар кей ақпараттарды полицейлер береді. Төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан жұмыс істеуге мәжбүр. Мәйітханалар, ауруханалар мен уақытша тергеу изоляторларына хабарласып, жоғалғандарды іздеуде.

«Қазір іздеу қиынға соғады, себебі қай жерде жоғалғандары түсініксіз. Басқа күндері адамның қай жерден шыққанын біліп, камера арқылы жүрген бағытын анықтауға болады. Бұл іздеуді жеңілдетер еді», – дейді LIDER.KZ еріктілер қозғалысының басшысы Дильмира Блац.

Еріктілер барлығының оқиғасы ұқсас екенін айтады. 5 қаңтар күні жоғалғандар жұмысқа барып, үйге қайтып оралмаған. Байланысқа шықпайды. Олардың басым бөлігі ер адамдар. Кейбірі өз туыстарын мәйітханалардан да іздеуде.

«2003 жылы туған, аспаз. Достық даңғылының бойында аспаз болып жұмыс істеді. Осыдан кейін ештеңе айтпады, жоғалып кетті. Болды. Басқа жаңалық жоқ. Оның телефоны табылды. Ауруханада оның ұялы телефоны ғана бар екенін, ал басқа мәліметтер жоқ екенін айтты», – дейді жақынын іздеген Алматы тұрғыны.

1 аптада еріктілер 106 өтінішті өңдеген. Бүгінге дейін 88 адам табылған, 7-нің қаза тапқаны белгілі болды. Қай жерде және қалай жан тапсырғаны беймәлім.

«Өкінішке орай, ақпарат рас бола бермейді, яғни жоғалғандардың қайда барғаны туралы шынайы мәлімет айтпайды. Мүмкін нұсқалардың барлығын қарастырамыз. Тіпті ол митингке шықса да, барлық жерден іздейміз. Кейде расымен нан сатып алу үшін шығып, жоғалып кеткендер де болады», – дейді ерікті Зарина Вильковиская.

Алматы полиция департаментінде жоғалған адамдар жайлы 29 өтініштің келіп түскені туралы мәлімдеді. 30 адам табылған.

Comments (0)
Add Comment