Жұматай Көксубай – «Әулиеата үздігі»

Кеше Жұмысшы мамандықтары жылының жабылу салтанатына орай «Еңбегім – еліме: адал еңбек, айқын мақсат» атты форум өтті. Жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен жастар қатысты.

Ең әуелі аймақ басшысы сөз алып, ізгі тілегін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, оның негізгі мақсаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, еңбек адамының мәртебесін көтеру, қоғамда кәсібилік пен еңбекті бағалауды насихаттау, сондай-ақ техникалық білім беруді реформалау екенін атап өтті.

Бұл бастама қоғамда адал еңбекті, кәсіби шеберлікті дәріптеуге, «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын нығайтуға бағытталған. Осының аясында облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылды. Айталық, жергілікті бюджеттен 223 миллион теңге қаржы бөлініп, 6 салалық кешен ашу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жұмыс берушілер есебінен 4 колледжге 46 миллион теңгеге құрал-жабдықтар алынды, – деген Ербол Шырақпайұлы «Ең үздік жұмыс берушілер», жастар арасындағы «Әулиеата үздігі» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауларының жеңімпаздары мен «Worldskills» чемпионатының алтын медаль иегерлерін марапаттады.

Солардың қатарында әріптесіміз, «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Жұматай Көксубай да бар. Ол «Әулиеата үздігі» байқауының «Үздік жас ақын» номинациясына ие болды.

Сонымен қатар облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есен Өтеулиев – «Үздік жас журналист», Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Бақыт Бекмаханов пен №69 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балжан Жүнісова – «Үздік жас педагог», Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Ердәуіт Әбділда – «Үздік жас спортшы», Байзақ аудандық орталық ауруханасы клиникалық-диагностикалық зертханасының меңгерушісі Назерке Турдалиева – «Үздік жас медицина саласының маманы», А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұрсұлтан Маханов – «Үздік жас өнер саласының маманы», облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының құқық бұзушылар профилактикасын ұйымдастыру бөлімі ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Алишер Калышев – «Үздік жас құқық қорғау қызметкері», облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығы өңірлік геоақпараттық жүйені дамыту бөлімінің инспекторы Жандос Молдахан – «Үздік жас ІТ-маман», Байзақ аудандық орталық ауруханасы емхана бөлімінің әлеуметтік қызметкері Арайлым Үйкекбай – «Үздік жас әлеуметтік сала қызметкері», «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, «Sunqar» волонтерлық қозғалысының жетекшісі Еркін Әбдиев пен облыстық Жастар ресурстық орталығының Уақытша бос жүрген жастар және отбасылармен жұмыс бөлімінің басшысы Әлихан Нарегеев «Үздік жас волонтер» номинацияларына лайық деп танылды.

Келесі кезекте «Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» кен-байыту кешенінің техник-технолог маманы Әлібек Сатқанбаев, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Өндірісті автоматтандыру жүйесі» мамандығының 3-курс студенті Айбек Коммунарбек сөз сөйлеп, жұмысшы мамандықтарының ел дамуындағы рөліне айрықша тоқталды.

Шара соңы К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment