Жұлдызы нұрлы суреткер

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Жазушының шеберлік қырлары жөнінде сөз қозғау – күрделі де ауқымды мәселе. Шығармашылық процесс қаншалықты терең, жан-жақты болса, жазушының суреткерлік қырлары да соншалықты кең, әр алуан болуы мүмкін.

Авторға қойылатын басты талап «Әдебиетке не әкелді, қандай көркемдік әлем жасады?» деген сұрақтан басталса керек. Бұл ретте жазушы Ш.Мұртазаның қазақ әдебиетіне әкелген көркемдік әлемі – өз алдына үлкен дүние. Әлдебір тақырыптың, әлдекім жазушының тасасында қалған жоқ. Қайта өзгелерге үлгі болатындай, тыңнан жол салып, бұл тек Шерхан Мұртазаның ғана қаламына тән жаңалық дейтіндей көркем дүниелер ұсынды. Мәселен, азаттық жолындағы күрескер, мемлекет қайраткері, тарихи тұлға Тұрар Рысқұлов бейнесі. Мұхтар Әуезов десе, ұлы ақын Абай образы еске түсетініндей, Шерхан Мұртаза десе, қазіргі таңда алдымен арда азамат Тұрар Рысқұлов бейнесі ойға оралады. Бұл айтар ауызға жеңіл болғанмен, мұнда жазушылық қажырлы еңбек, күнді түнге ұластырған тынымсыз ізденіс, жүректің батылдығы, айта берсек, суреткерлік тағдыр бар. Бұл туындыдағы үлкен ерекшелік – Кремль шындығының суреттелуі. Жазушы шығарманың бас геройы Тұрардың мемлекеттік, қайраткерлік қызметін, халық тағдыры жолында еш нәрседен тайынбаған халықшылдық тұлғасын терең ашуда бұл мүмкіндікті сәтті пайдаланған. Сондай-ақ сталиндік қуғындау мен жазалаудың шектен тыс аяусыздығын образ тағдырлары арқылы шебер бейнелейді.
Оқырманға кеңінен танымал «Ай мен Айша» дилогиясы да – жазушы шығармашылығының үлкен табысы. Мұнда да автордың жазушылық шеберлік қырлары молынан көрініс береді. Тұтастай алғанда, автобиографиялық материалды көркемдік үлгіге көтерудегі қазақ әдебиетіндегі зор жетістігі бар шығарма деп қабылдауға болады. Бұл шығармада автобиографиялық материал қоғам, дәуір шындығымен ұласып, тұтас полотно құрған. Сондықтан бұл туынды бала Барсханның өмір жолы, тағдыр талайы ғана емес, Айша секілді қайсар да қажырлы, бір әулеттің шаңырағын жықпаған қазақ әйелінің толыққанды бейнесі болумен қатар, қазақ халқының басынан өткерген қиын-қыстау жылдарының көркем шежіресі болып шыққан.

1. Ана – құдірет, ана – өмір…
(Халық жазушысы Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасындағы Айша)

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» ғылыми орталығы ашылғанда, алғашқы жылдары Шер-ағаң – Шерхан Мұртаза орталыққа жиі келетін. Әлі 80 жылдығын атап өтпеген кезі, бақуатты әрі Тараз қаласында тұрады.
Жұмыс үстінде, әр алуан жағдайда отырған біз өре түрегелеміз.
– Ассалаумағалейкүм, Шер-аға! Аманбысыз?
Шер-ағаның бір қасиеті – қолды қысып амандасады. Бетіңе зер сала қарайды. «Е-е…», – дейді даусын созып.
Содан соң бір қабырғаны алып тұрған кітаптары, суреттері жайғасқан қоңыр-сары шкафқа беттейді.
Әр суретке ұзақ қарап үңіледі. Ойына қимас күндер, сағынышты сәттер, алыс жылдар оралатын болар. Оралмағанда ше?! Әр суретте тұнып тұрған сыр бар ғой. Міне, мизамшуақ риясыздықпен өзара әңгімелесіп отырған сөз зергері Ғабит Мүсірепов пен «сары шал» Ғабиден Мұстафиннің қасында, екеуін қапсыра құшақтап тұр. Жап-жас кезі. Шашы қап-қара. Күлімсіреп қалыпты. Ал мына сурет… Жазушы үңіліп кідіреді. Айша анасы… Басында қақырадай аппақ кимешек, үстінде қара барқыт желбегей. Жұқа қара торы өңінен тағдырдың талай дауылдары соқса да, ықпаған қайсарлық табы аңғарылады.
Бәлкім, Шер-аға Айша анасын, алыс қалған балалық шағын сағынатын болар.
Бұл туралы «Ай мен Айша» романының прологінде жазады.
«– Сен қайдан келдің? – дегенде бір данышпан:
– Мен балалықтың елінен келдім, – деген екен. Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды.
Мен де солардың бірімін.
Анамның аты Айша еді.
Аз ба, көп пе – алпыстан астым.
Аз ба, көп пе – ірілі-уақты кітап жаздым.
«Халық жазушысы» атандым. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері тек балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі мені балалық шағымдай байыта алмады.
Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді.
Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді.
Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым.
Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым – олар да түсіме кірмеді.
Түсімде ылғи балалық шағымды көремін.
Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін.
Түсімде ылғи туған үйімді көремін.
Түсіме ылғи Айша кіреді…»
Анадан биік, анадан құдіретті ешкім жоқ. Алып анадан туады.
Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Шер-ағаның – Шерхан Мұртаза болып қалыптасуында анасы Айшаның орны ерекше. Жазушы өзі айтқандай, әкесі Мұртаза түсіне сирек кіреді. Өйткені әкесі ұсталып кеткенде, ол бес-ақ жаста екен. Елесі еміс-еміс қана есінде. Ал содан кейінгі халық басына түскен 30-40-жылдардың ауыртпалығын Барсхан-Шерхан анасымен, інісімен бірге көреді. Оңай тимеді. Бала болса да, олардың көрген азабы мен қиындығы, оны жеңіп шыққан қажыр-қайсарлығы бір кітапқа жүк болды. Бұл жөнінде «Ай мен Айша» романында көркем суреттеледі.
Жалпы «Ай мен Айша» дилогиясы – жазушының анасына арнап сөзбен сомдаған сәулетті естелік-ескерткіші. Мұндағы Айша бейнесі – М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Зере әжемен, Ұлжан анамен, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесіндегі Ұлпанмен қатар тұратын образ. Заманы бөлек, тартқан қайғы-қасіреті бөлек болғанмен, қазақ анасының барлық жақсы қасиетін, дәстүр-салтын бойына жинақтаған және бүгінгі жастарға үлгі боларлық қасиетті жан.
Заманның «құйыны» соғып, шаңырақ шайқалғанда, қандай ауыртпалық кез болса да, жанкештілікпен төзіп, күресіп бақты. Мұртаза отбасының ошағын сөндірмеді. Сөйтіп жүріп бүтін бір әулетті жетілдірді, жалғастырды.
«Түн ортасы болар, мен Айшаның айқайынан ояндым. Елегізген шынысыз шамның сәулесімен сорайып-сорайып бөтен біреулер көрінеді. Олар Мұртазаны итеріп-итеріп алдарына салып алып кетті. Айша айқайлап арттарынан шықты. Дірдек қағып мен де шықтым. Серейіп-серейіп үш-төрт адам сай жаққа қарай кетіп бара жатыр. Сайдағы көпір сықырлады. Айша сайдың қабағына дейін қалмай еріп барып еді. Мұртазаның дауысын анық естідім:
– Қайт! Балалар қорқып қалады! – деді.
Түнгі аяз бұл дауысты қайталап шыққандай болды. Сықыр-сықыр дыбыс алыстап, Айшаның аяғының астындағы қар ғана қаршылдайды.
Айша есіктің алдындағы ербиіп тұрған мені көтеріп алып, бауырына қысып, аспандағы топ-толық Айға қарап:
– О, Жаратқан, басқа-басқа, мына үрпек балапандай үш нәрестенің не жазығы бар еді? – деді.
Толықсып тұрған Ай бір аунап түскендей болды.
Мен лезде есейіп шыға келдім.
Енді мені қорғайтын Әке жоқ екенін сұңғылалықпен сезіп қойған сияқты едім.
Жаңа ғана жарқырап тұрған Ай бұлттың ішіне сүңгіп кетті де, жетімдіктің алғашқы түні жан-жақтан қаптап келе жатты».
Бұл Барсхан-Шерханның балалықтың алаңсыз әдемі, шуақты күндерімен қоштасуы еді. Бұл Айша ананың басына қасірет бұлтының үйірілу кезі болатын. Бұл – 37-нің ызғарлы шындығының шығармадағы көрінісі. Олардың бұдан былайғы тірлігі өмір, ұрпақ жалғастығы үшін күреске құрылды.
Жазушы Барсхан мен Айша бейнесін жасауда жаратылыстың тамаша көрінісі Ай образын үнемі назарда ұстап отырады. Ай – символдық образ. Бірде ол қоғамның көрінісімен астасып жатса, бірде кейіпкер басындағы әр алуан күймен (қуанышпен, болмаса қиындық, қайғымен) шектесе суреттеледі. Ай – жазушының бала кезінде басынан өткерген талай оқиғалардың куәсі іспетті. Ай автордың көңіліне қозғау салады, алыста қалған оқиғаны еске түсіреді.
Романда Айшаның басына бұлт талай үйіріледі. Тұрмыстың қиындығы, ертеден қара кешке дейін жегілген ауыр жұмыс – «көппен көрген ұлы той» ғой. Адамның адамға жасаған жәбірін айтсаңшы. Қоғамның кесапатына айналған Тасбеттен көрген қиянаты мен қорлығын Айша ана өмір бойы ұмытпай өткен шығар. Барсхан-Шерханның жан дүниесін де талай рет шоқ болып күйдірген. Тіпті бірде қолына айырды алып, Тасбетке қарсы ұмтылып, бала Барсхан шаншып тастай жаздайды.
«– Не болды, айтсаңшы, – деймін.
– Ай, Барсхан, Барсхан! Не жаздық бұл қу Құдайға! Ана Тасбет түп-тұқиянымыздан түк қалдырмай қорлады ғой, ойбай, қорлады ғой, – деп жұдырығымен жерді қойып-қойып қалды…
– Сен жаңа атқа мініп қайда кетіп қалып едің? «Балаң бұзық, рұқсатсыз кетіп қалды, жұмысты тоқтатты, зиянкес» деп мені жерден алып, жерге салды ғой Тасбет. Мыналар көріп тұр ғой, – деп қасындағыларды меңзеді.
– Әке-шешеден, ата-бабадан түк қалдырған жоқ. Әлдеқашан айдалада сүйегі қурап қалған Мұртазаны да қорлады…
…Көкірегімді бір дүлей кернеп кетті. Не екенін білмеймін. Көзімнің алды бұлдырап, түк көрінбей кетті. Жалғыз анам зар жылайды. Күлгенін, қуанғанын көргеніміз аз. Ол күлсе, күн күлгендей жарасады. Бірақ күлгеннен зарлағаны көп. Неге? Қашанғы қорлана береді? Менен медет күткендей болды ғой, маған шағынды ғой. Бұрын да талай қорлық көргенде маған бүйтіп шағынбайтын. Онда менікі не тұрыс?
Жүгіріп барып Молдарайымның бес ақалы айырын ала салып, маяның түбінде шалжиып, басы қисайып, ұйқылы-ояу мүлгіп отырған Тасбетке тұра жүгіріппін. Байқаусызда қапы қалмасын деген оймен:
– Тасбет! – деп ақырып жіберіппін. Сөйтсем, дауысым ақыруға жарап қапты, қанша дегенмен он екіге толайын дедім ғой.
Селк етті. Бағжаң етіп көзі ашылды. Бес ақалы айырды қос қолдап ұсынған күйі кеуде тұсын ала періп кеп қалып ем, жантайып үлгірді. Бес ақалы айыр маяға бойлай кіріп кетті.
Сол арада адамдар: Молдарайым, Әліқұл, Сүлеймен, Жолдасбек тағы басқалары лезде жиналып қапты. Айырды маядан қайта суыра беріп едім, бәрі бас салды. Бесақаны тастай салып, Тасбеттің алқымына қол салдым, білем. Бәрі маған тағы жабылды. Ажыратып алды. Сонда да бұлқынып-бұлқынып араларынан шыға бергенімде, қайдан келгенін білмеймін, мұғалима апайдың алма бет қызы:
– Болмайды, болмайды, – деп шырылдады. Шыр-шыр етіп қолын ербеңдетті.
Сол екі арада молотилка басындағы әйелдер де жетті. Айша:
– Барсхан, балам, қоя ғой. Бар екенсің. Тәуба, тәуба Құдайға! Менен туған ұл бар екен. Менің қорғаным бар екен, жұртым! Енді өлмейді екенмін, – деді».
Романдағы қызу динамикамен, психологиялық дәлел – тереңдікпен жазылған осы эпизодтан Айша ананың намысқойлығы, қайраты мен өткірлігі жақсы аңғарылады. Әулетін, көз жазып қалған ер азаматын қорлауға жол бермей алысты. Алыса жүріп ұрпағын шыңдады. Халқының сүйікті қаламгері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның бойынан жұрты жалындаған өткірлік пен әділетсіздікке төзбейтін қайсарлықты, ұлт намысын бірінші орынған қоятын шыншылдықты көрсе, оның мұндай дара болмысының қалыптасуында Айша анасының ықпалы мол болғанын жоғарыдағы эпизодтан жақсы аңғарамыз.
Бар қиындықты жеңіп, ұрпағын бүгінгі күнге жеткізген, әулетін жалғастырған Ана бақыты осында болар, бәлкім. Ана атын әуелетіп, мәңгілікке рухани ескерткіш қойған жазушы Шерхан Мұртазаның қаламгерлік бақытының бір сыры осында шығар, мүмкін.

2. Оттай ыстық туған жер
(Ш.Мұртаза туындыларындағы атамекен бейнесі)

Бірде қазіргі қазақ прозасында өзіндік беталысы бар танымал жазушы сөз арасында:
– Бүгінгі прозада табиғат көрінісі оншалықты көп суреттелмейді. Көп суреттеудің қажеті де жоқ. Кімнің туған жері кімге керек? Кім оқиды? – деді.
Қаламгердің сөзінде шындықтың ізі болғанмен, сөз таластыра кетпедім. Біріншіден, әдептілік. Екіншіден, салыстырмалы жағдайда. Орта қол жазушының қарабайыр баяндауы, шынында, кімге керек.
Ал дарынды жазушылардың шығармаларындағы қиыннан қиыстырылып суреттелетін туған жер бейнесі – қазақ даласының ғажап та қайталанбас келбетін көз алдыңа әкеліп қана қоймайды, сонымен бірге тұнған сыры мен тарихын тереңнен тартып жайып салады. Ұлы даланың әрбір бөлігі мен титімдей бөлшегіне шейін қаншалықты сыр мен тарих жатқанын жан дүниеңмен сезінгенде, ата-бабаның бізге аманаттап жеткізген қаһармандығына бас иіп, осындай байтақ өлкенің перзенті болып ғұмыр кешіп жатқаныңа шүкіршілік дейсің.
Туған жердің осындай керемет табиғаты мен қайталанбас сұлулығын шығармаларында шебер келістіре бейнелеген таңдаулы суреткердің бірі – біз білгенде, Шер-аға – Шерхан Мұртаза.
Жазушының «Ай мен Айша» дилогиясы мен әңгімелерінде Жуалы өңірінің көркем көрінісі мен таза ауасы, мөлдір бұлағы мен аспанмен тірескен асқақ таулары бірде кейіпкердің басындағы әр алуан жағдаймен, енді бірде сол кейіпкердің толғаныс-тебіренісімен өріліп, түрлі көркемдік қызмет атқарып жатады.
Автобиографиялық шығармада әсіресе туған жер табиғатының орны ерекше болып келеді. Онда ол оқиғалардың басын біріктіретін және кейіпкерлердің түрлі психологиялық жай-күйін суреттеуге мол мүмкіндік беретін көркем фонға айналады.
Әлбетте, мұнда суреткердің зерде-танымының рөлі елеулі. Туған жердің көркем бейнесін бала күнінен көкірегіне түйіп өскен ол кейін шығармашылық процесте қиял әлемімен байытылған атамекеннің тұтас полотносын жасап, оқырманға ұсынады. Ал өз кезегінде бұл сөзбен кестеленген көркем пейзаж оқырманның туған жерге деген сүйіспеншілігін, мақтаныш сезімін еселейді.
Жазушы Ш.Мұртазаның бала көңілінде жатталып қалған туған жер бейнесінің бастапқы көрінісі шығармада былай суреттелген:
«Қарны тоқ, қайғысы жоқ, киімі бүтін бес жасар ойын баласына қыстың кешкі аязы қызық та болуы мүмкін. Бес жасар баланың миы әлі нүкте түспеген ақ қағаздай. Әсерлі оқиға, сұлу сурет сол аппақ қағазға өшпестей жазылып қалар.
Әлі есімде: темір ұста үйінің іргесінде асық ойнаған балалардың арасында мен де бармын. Батқан күннің қызылы Талас Алатауының қарлы шыңдарын балқытып жібергендей еді. Теріскейдегі Қаратаудың үстінде қызғылт көгілдір құстар түйдек-түйдегімен қалқып тұрғандай екен. Құстар емес, бұлттар екенін сеземін. Қошқаратаға қонақтаған қоқиқаздар секілді.
Таулар балқып жатса да, жылуы жоқ. Алаулаған бетіңді сүйер шымыр аяз тек біздің Жуалыда, Мыңбұлақта ғана болады деседі».
Кейіпкер қабылдауымен, толғанысымен берілген пейзаждан автордың бала күнге, туған жерге деген сағынышы байқалады. Сол кездегі бұлар ойнаған темір ұстаның үйі бүгінде жұртқа айналып кеткен шығар-ау!.. Бірақ балалықтың белгісін жазушы көңілі жазбай табады. Басқаларға еш мәні жоқтай көрінетін жатаған үйдің орны оған соншалықты ыстық, көңіліне етене жақын. Өйткені онда тұнған сыр бар. Балалық шақтың елесі, ізі жатыр. Қаншалықты ауыр, тауқыметті болғанмен, балалық шақтың аты – балалық шақ! Жазушы жүректің терең түкпірінде тулаған, ғұмыр бойы өшпеген аңсауды оқырманына туған өлке табиғатының ерекшелігін суреттеумен жеткізеді.
Қаламгердің бала көңілінде сол бір айрықша суық қыс күні бүгінге шейін ұмтылмастай сақталып қалыпты. Себебі алты күн қатарынан боран соққан. Анасы Айша екеуі өлместің қамымен тосын қарекетке барған. Оны қалай ұмытсын?! Соғыс деген сойқанның қиын кезі. Өздері ел қатарлы әупіріммен күн көрсе де, ашыққан ешкілердің азынап бақыруы азапқа салған. Жем-шөп жоқ. «Жем табылса, өзіміз жемекшіміз» дейді автор уақыттың ауыртпалығын меңзеп. Өздері қорек етіп отырған қызылшадан талғажу болсын деп аздап турап бергенмен, аш ешкінің жұмырына жұқ болар емес. Азынап тағы бақырады.
«О, сіздер біздің Жуалының боранын білмейсіздер ғой. Дүниені бір тарының қауызына сыйдырып жіберетін боран – сол. 1943 жылдың ақпанында сол сұрапыл әсіресе қатты қаһарланды. Әр сайдың басында бүрісіп-бүрісіп отырған үйлер бір-біріне бара алмай қалды. Шақпақ тауы неге долдан- ды – бір Жаратушыдан басқа жан білмейді. Орха, Ноха деген екі арысын бірдей соғысқа жіберген Мамыт шалдың өзі бұл азапқа шыдай алмай:
– Мұндай сұмдықты көргенше, сол соғысқа мен де кеткенім дұрыс еді ғой! – депті дейді».
Автордың туған жер табиғатының ерекше мінезінен хабар беретін бұл суреттемесі әдеби тұрғыдан келсек, сюжеттік байланыс қызметін атқарып тұр. Жазушыға туған жердің осы дүлей боранына шейін қымбат. Дүниені бір тарының қауызына сыйдырып жібергендей табиғаттың бұл дүлей көрінісін ол уақыт өте келе бәрібір үлкен сағынышпен, аса бір ыстық дүниесіндей еске алады. Өйткені оның арғы жағында өзінің қиын да болса қимас балалық кезі тұр ғой. Сондағы Айша екеуі барған Молдарайым шал жоталап жинаған мая шөптің бұрқыраған иісін айтсаңшы. Барсхан-Шерханның көңіліне көктемнің бар байлығы, хош иісі құйылғандай.
«Жарықтық біздің Төскейдің шөбі-ай… Қозы қарынға құйып пісірген уыздай екен. Амал жоқ, мал емессің, әйтпесе асап-асап жегің келеді. Хош иіс бұрқ ете қалды. Қақаған қыс емес, жайраңдаған жаз оралды. Киікоты аралас бидайық пен майлы шытыр, көдесі мен қызыл изені, иіс майлы қылшасы мен жусаны, қызыл жоңышқасы, гүлқайыр мен көкемаралы сол қалпында тірі күніндегідей сиқырлы. Әттең, шама жетсе, маяны түгел көтеріп әкетсе…
Маяның осы қуысына жата қалып, тырп етпестен ұйықтасаң ғой, шіркін…»
Туған жер табиғатын суреттеудегі, біздіңше, жазушы дүниетанымы деген – осы. Былайғы адамға мұның бәрі бір шөп, бір иіс болып көрінуі, сезінуі мүмкін. Ал жазушы Шерхан Мұртаза үшін бөлек. Әр шөптің өз атауы, өз сипаты, өз иісі бар. Жазушы әр тал шөптің қасиетіне шейін терең сезініп, оқырманына жеткізе жазады. Бір жақсысы, автордың романы мен әңгімелерінен шөптің, сайраған құстың мың түрлі атауы мен қасиет-ерекшелігін танисың. Көзі қарақты оқырман оның шығармаларын оқи отырып, қазақ даласының сұлулығы мен байлығын сезініп қана қоймайды, құнды сабақ та алады.
Жазушы туындысында орнымен суреттелген туған жер табиғаты әлдебір орта қол жазушының қарабайыр баяндауындай артық, керексіз дүниеге айналмайды, қайта керісінше, шығарманың мазмұнын, көркемдігін байытып, негізгі оқиғамен жымдасып кетіп жатады.
Мұндай сұлу табиғаттың аясында кімнің көңілі көтерілмейді. Уақыттың қытымыр қиыншылығы еңсесін езген Айша да бір сәт сергіп әлдебір ұмыт әннің әуенін ыңылдайды. Көк есек пысқырынады. Келе жатқан беті – Ақсайдың аузы. Кенет Айша оған:
– Әй, Барсхан, – дейді.
– Сен осы келе жатқан Төсіміз бір кездегі Бердімбет бабаңның жайлауы екенін білмейсің, ә?
Барсхан-Шерхан:
– Қайдан білейін, колхоздікі дейді ғой, – деп жауап береді.
– Бұрын анау Керегетас, сонау Үңгіртас, мына Төс – бәрі бабаңдікі болатын. Мұндаға дейін, кәмпеске келгенге дейін, біз де жайлауға шығып, ақ үй тігетінбіз, – дейді ішкі сырды ашып.
Шешесі Айшадан осындай әңгіме естіп, көңіліне тоқыған жазушы бұл өлкені неге сүйіспеншілікке бөлеп жазбасын. Ата-бабасының, кешегі «халық жауы» болып ұсталып кеткен әкесі Мұртазаның табанының ізі қалған жер ғой. Бір кездері ата-бабасы да, әкесі Мұртаза да небір қызықты күндерін осы төскейде өткізген болар-ау.
Жазушы «Тәуба!» дейді. Қазаққа осыншалықты ұланғайыр кеңістік бергеніне, соның бір пұшпағында шешесі Айша екеуі жер басып келе жатқанына сол уақытта шүкіршілік етеді.
«Тәуба!» дедім. Қарын ашқанда жейтін көк жуа бергеніңе тәуба. Көк зеңгір аспан жерге құлап кетпесін деп тіреуіш қылып қойған Тәңіртауды көрсеткеніңе тәуба! Найзаның ұшындай өткір Манас шыңын көрсеткеніңе тәуба!
Айша айтады: осы Манас шыңының төбесінде Манастың күлік атының қазығы бар дейді. Бұл шың қазір үшкір болып тұрғанмен, басына шықсаң жайлау дейді. Жаугершілікте Манас халқын бастап сол шыңға шығып кеткен дейді».
Жазушы туған жер табиғатының тауын, тасын суреттеп қана қоймайды, ретіне орай ол жөніндегі аңыз-әңгімелерді, тарихты алға тартады. Айша да көп аңыз-әңгімелерді айтқан. Соның бірі – хан жайлауының осы Мыңбұлақта болуы туралы. Ертеде, жазғы шілдеде Түркістан жақтан ба, әлде Түлкібас жақтан ба, жаз жайлауға хан ордасы көшіп келеді екен. Табиғат сыңсып тұр. Хан әсіресе жан-жануар біткеннің әдемісі еліктерді жақсы көргені сондай, мойындарына күміс қоңырау тақтырып қояды екен. Оларды өз қолымен жемдеп, сылап-сипап мәпелейді екен. Бала Барсхан-Шерхан қиялы шарықтап кетеді.
«Сөйтіп, бұл Мыңбұлақта ханның жазғы «резиденциясы» болған. Ақ Орда тігілген. Қай жерге тікті екен?.. А… бәлкім, осы біздің үй тұрған жер хан ордасының орны шығар, а? Өйткені біздің үй – Тәңіртауға қараған ең шеткі үй. Өзі өрлеуіт жерде тұр. Хан ордасын ойпауытқа тікпейді ғой. Және Мыңбұлақтың ішіндегі ең сұлуы, ең мөлдірі – біздің Жалбызбұлақ. Оның суы кәусар. Айналасына жалбыз иісі аңқып, әлі күнге дейін бүлдірген өседі. Жазда бұлбұл сайрайды».
Шығармада атамекен көркі әр алуан реңкте бейнеленеді. Кейіпкер басындағы қуаныш та, қайғы да, азапты күндердің сергелдеңі де туған жермен байланыста суреттеледі. Өйткені романның басты кейіпкерінің бірі болашақ ірі жазушы Барсхан-Шерхан бала айналадағы тамаша көрініске еш уақытта бейтарап қарай алмайды. Міне, бірінші кітаптың соңында ол туған жерімен қоштасып, әулетімен Әулиеатаға аттанып барады. Ықтиярсыз. Сол бір қиын күнде қанатымен су сепкен қарлығаштай болған, жаны жәннатта болғыр Сәли атасы мен Айша алда келеді. Есектің ноқта жібі соның қолында. Екі доңғалақты есек арбаның үстінде Батырхан мен Құрмаш. Артта қара сиырды жетектеп Барсхан-Шерхан келеді. Баланың көңіл-күйі туған жермен іштей сырласуымен, қоштасуымен беріледі.
«Айналайын Тәңіртау! Ая мені. Кетіп қалды деп қарғама. Дүние осылай боз боран бола бермес. Түзелер. Жуанқұлдар мен Тасбеттер мәңгілік емес қой. Олар да тұғырынан таяр. Ақжарылқап заман туып, азап қарыған арқамыз жылынар да жадырар.
Осы оймен келе жатқанымда, ап-ашық аспанды бұлт торлапты. Тәңіртау көрінбей қалды. Әуелі Шақпақ жақтан желдетіп барып, артынан себелеп жаңбыр жауды. Шаң тұтқан жусан мен дермен шөптің кермектеу исі бұрқ ете қалды. Бізді аяп адамдар, ағайындар төкпеген жасты аспан төкті. Аспан бәрін сезеді. Аспан бәрін көреді. Аспанның мейірімі түскен адам қор болмайды».
Әне, шығысқа қарай ағып жатқан Теріс өзені қалып барады. Оны көрген Барсхан-Шерхан көңілі тағы да толқып кетеді.
«Терістің» бойы «ен тоғай». Саздау жағалауда сыңсыған сәмбі тал. Бұйра тал. Әлі жап-жасыл. Мыңбұлаққа қарағанда Теріс өзенін жағалап отырған елде береке бар шығар. Өйткені біз сияқты орман-тоғайын отай бермепті. Атың Теріс болса да, бетің түзу болып, бізге ақ жол тілей гөр, қасиетті қасқа су! Шақпақ таудан бастау алып сен шығысқа тарттың. Арыс батысқа тартты. Күннің шығысына қарап тіке тартқан басқа бірде-бір өзен жоқ. Сондықтан сенде сыр да көп, мұң да көп, жыр да көп. Сонымен де қасиеттісің, қайран Теріс».
Шақпақ желі арқаларынан итермелейді. Бала Барсхан-Шерхан тағы да толқиды.
«Ай, Шақпақ жел, Шақпақ жел! Кімді ұшырарыңды білмейсің-ау. Біз сияқты жеңіл-желпі қаңбақтарды домалатқанша, жердің бетін, Жуалы жүзін арамдардан, әділетсіз хайуандардан тазартсаң еді… Дүлейсің ғой, дүлейсің, Шақпақ желі!»
Түйіндей айтқанда, «Ай мен Айша» дилогиясында туған жер табиғаты шығармаға ерекше рең, бай мазмұн берген. Әрине, бұл жазушы шеберлігіне, қалам қарымына байланысты. Туған жер табиғатын бейнелеуде жазушының дүниетаным кеңдігінің ерекше орын алатынын байқайсың. Егер Ш.Мұртаза туындыларында ұшырасатын аң, құс, шөп, жер-су атауларын тізіп, олардың қандай көркемдік реңкте пайдаланатынын түптей зерделесек, жазушының туған жерге шексіз сүйіспеншілігі, перзенттік парызы тереңірек ашыла түсері сөзсіз.

Comments (0)
Add Comment