«Гауһартас» мейрамханасында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша облыстық іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Абай мұрасы» атты отбасылық байқауы қорытындысының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ
Байқау «Отбасылық көркемсөз оқу», «Отбасылық саз аспаптарында орындау» және «Отбасылық вокалдық орындау» аталымдары бойынша өтті. Сайыс қазақтың ұлы ақыны Абай мұрасын кеңінен насихаттап, ел ішін өнер кенішіне бөлеп, ақын шығармашылығы-ның терең танылуына қолдау көрсетіп, сонымен қатар әр отбасының әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
Ұлы Абайдың әнін тамылжыта орындап, поэзиясын шарықтата оқудан қатысушылар алдына жан салмады. Ұлттың ұлылығын асқақтатып, тәлім-тәрбиенің шыңына жетелейтін Абай шығармасын дәріптеп, өнерімен өрге талпынғандар арасында ең жас қатысушы небәрі 3 жаста.
Отбасылық байқаудың қорытындысы бойынша Тараз қаласы мен Қордай ауданынан қатысушылар саны өте көп болды. Өнерін ортаға салған әр отбасын қазылар алқасы сын тезінен өткізіп, сараптап, жоғары бағаға лайық деп тапқан үздіктерін анықтап, ынта-жігеріне баға бере отырып қорытындысын шығарды.
«Отбасылық көркемсөз оқу» аталымы бойынша Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы, Іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали қазылық етіп, сайысқа қатысушыларды марапаттады. 1-орынды Асқарбек әулеті, 2-орынды Исатаевтар отбасы және 3-орынды қалалық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығынан қатысқан Овчинниковтер отбасы иеленді. Ал Қордай ауданынан қатысқан Парса және сарысулық Саухумовтар отбасы ынталандыру сыйлығына қол жеткізді.
«Отбасылық саз аспаптарында ойнау» аталымы бойынша әділ қазылар алқасының төрайымы, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының міндетін атқарушы Меруерт Лештаева марапаттады. 1-орын биігінен Жуалы ауданынан Жаңабаевтар отбасы көрінсе, 2-орын қордайлық Сәрсенбаевтар әулетіне, 3-орын да қордайлық Тәуекеловтер отбасына бұйырды. Сонымен қатар Қордай ауданынан Көбеевтер отбасы және тараздық Досановтар отбасы ынталандыру сыйлығына ие болды.
Үшінші – «Отбасылық вокалдық орындау» аталымы бойынша жеңімпаздарды марапаттау Орынқыз Жолдасоваға бұйырды. 1-орын жүзден жүйрік шығып, оза шапқан Жамбыл ауданынан Байдалиевтер отбасына, 2-орын тараздық Нұрпейісовтерге, ал 3-орын Жамбыл ауданынан қатысқан Қасымбековтерге бұйырды. Бұл аталым бойынша ынталандыру сыйлығына сарысулық Тоқпановтар мен тараздық Манаповтар отбасы ие болды. Ән-жырмен көмкерілген сиқырлы кеш барысында қазылар алқасы атынан арнайы естелік сыйлықтар да тағайындалды. Өзгеше өнер көрсетіп, алайда жүлделі орынға ие бола алмай қалған ерекше отбасыларды қазылар алқасы осылайша назардан тыс қалдырмауға атсалысты.
Кеш соңында «Отбасылық вокалдық орындау» аталымы бойынша қатысып, жүлделі 1-орынға ие болған Асқар және Анар Байдалиевтер отбасы әннен шашу шашып, көрермен көзайымына айналды.