Жүйелі жұмыстың оң нәтижесі

Өңірде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу қарқыны өткен жылдарға қарағанда 4,6 есеге артып, 3377,1 тонна қалдық сұрыпталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов баяндады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Баспасөз брифингі барысында өткен жылғы межелер мен негізгі көрсеткіштерге тоқталған мекеме басшысы басқармаға қарасты салаларда атқарылған жұмыстарға жеке тоқталды. Атап айтқанда, Тараз қаласы мен аудан әкімдері арасында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру бойынша 2018-2020 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, қалдықтарды бөлек жинауды, сұрыптауды енгізу, қалдықтарды орналастыратын орындарын және полигондарды қалпына келтіру, жаңа полигондар салу, қалдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысын бастау, техникамен қамту шаралары бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Тараз қаласында тұрмыстық қалдықтар саласындағы қызметпен айналысатын 21, өңір бойынша 33 кәсіпорын, 124 арнайы көліктер жұмыс істейді. Бүгінде 501 контейнерлік алаңдар 3460 дана контейнерлермен қамтылған. 2018 жылы 3377,1 тонна қалдық сұрыпталып өңделген. Сондай-ақ, 1753,1 тонна шикізат сұрыпталып, басқа мекемелерге өңдеуге жеткізілген. Нұржан Молдиярұлының айтуынша, бүгінгі таңда Жамбыл облысында қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, орман-тоғайлы аумақтарды ұлғайту, қорғау сынды жауапты міндеттер жүзеге асырылуда. Бұл ретте өңірдегі орман шаруашылығы саласында атқарылып жатқан шаралар оң нәтижесін беруде.


– Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр. Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5000 гектар жерге орман ағаштары көшеттен және тұқымнан егілуде. 2018 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында 39 орман өрті оқиғасы тіркеліп, 146,4 мың гектар алқапты өрт шалды. Өрттен келген шығын 74 млн. 892 мың теңгені құрады. Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 52,2 пайызды құрап отыр. 2018 жылы мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық базаларын жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен – 235 млн.теңге бөлініп, қажетті құралдар алынды. 2019 жылға облыстық бюджеттен 130 млн. тенге бөлініп, оған орман шаруашылығы мекемелеріне қажетті техникалар алу жоспарлануда, – деді Нұржан Нұржігітов.


Көктемнің келуімен өзендер мен су қоймалары орналасқан аумақтарда су тасқыны қаупі арта түседі. Табиғи ресурстарды пайдалану басқармасының бұл бағыт бойынша да атқарған шаралары аз емес. Мекеме қызметкерлері мен құзырлы органдардың өкілдерінен құралған комиссия тобы кезең-кезеңімен облыс аумағында су шаруашылығы нысандарын зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып хабарласу сызбасы бекітіліп, кезекшілік ұйымдастырылады. Су қоймаларының техникалық жағдайлары және келіп-кетіп жатқан судың мөлшері жайлы мәлімет тиісінше облыстық әкімдікке, облыстық Шу-Талас бассейіндік инспекциясына, облыстық прокуратураға, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне уақытылы берілуде. Қыс-көктем мезгіліндегі табиғи факторлардың әсерінен туындайтын су тасқынының алдын алу мақсатында облыс аумағында орналасқан су қоймалар мен бөгеттердегі келіп-кетіп жатқан су көлемі жайлы мәліметтерді дер кезінде нақты берілуін қамтамасыз ету үшін қажетті құрылғылар мен техникалар алынған.


Басқараманың экологиялық реттеу, жер қойнауын пайдалану, жануарлар дүниесі және балық шаруашылығы салалары бойынша да тындырымды тірліктері баршылық. Жиын барысында басқарма басшысы Нұржан Молдиярұлы аталған бағыттар бойынша жоспарларымен кеңінен бөлісіп, жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижелі екенін жеткізді.

Comments (0)
Add Comment