Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Мемлекет басшысының жыл сайын халыққа Жолдау арнауы дәстүрімізге берік енген. Өтетін айы, уақыты, сағатына дейін алдын ала хабарланғандықтан, көпшілік Жолдауды асыға күтеді. «Бұл жолы қандай мәселелер көтеріледі, Президент халыққа қандай жақсылықтар ұсынады екен?» деп елеңдейді. Бұл Жолдаудан өзімнің де, елдің де үміті ақталды.
Биылғы Жолдаудың жүгі тым салмақты. Көтерілген мәселелер өте өзекті, қазіргі қалыптасып отырған күрделі жағдайға байланысты кезегін күтіп тұрған міндеттер жан-жақты қамтылған. Мені ерекше қуанышқа бөлеген бір жай – Жолдаудың жүректен шыққаны. «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің барлығын мойныма алуға дайынмын», – деді Президент ағынан жарылып. Әрине, жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді.
Жолдау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне де тоқталды. Елімізде дәл қазіргі уақытта БАҚ-қа үлкен жауапкершілік артылған.
Мемлекет басшысының: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін аса маңызды. Отандық ақпарат құралдарының өңірде, Қазақстанда және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты», – деген сөздері де маған ерекше ұнады. Сондай-ақ оның: «Журналистер өздеріне және азаматтарға шынайы жанашыр болуға тиіс, БАҚ бекерден-бекер төртінші билік атанбаса керек, сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн», – деген сөздері де ерекше әсер етті.
Президент алмағайып заманда алдымызда тұрған міндеттерді айқындап берді. Сөз жоқ, еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры осы мәселелердің қалай шешілетініне тікелей байланысты. Демек, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруға халық болып жұмылуымыз керек. Ол үшін Жолдауды насихаттауға жаңа көзқарас қажет. Айтылған сөз жерде қалмай, қоғамның әр мүшесінің санасына терең сіңірілсе ғана біз өз мақсатымызға жетеміз. Жаңа Қазақстанды тезірек құру үшін бізге сөз емес, нақты іс керек. Олай болса, ағайын бүгінгідей күрделі кезеңде берекесіз істерден бас тартып, Мемлекет басшысының төңірегіне топтасайық, ортақ міндеттерді шешуге ел болып жұмылайық!
Дүйсенбек Орманов,
ардагер журналист