Ай-күннің аманында аймақтарды су басып, қаншама отбасының қиын жағдайда қалуы қалың жұрттың қабырғасын қайыстырып отыр. Қанша жерден «тілсіз жаудың» зардабы дегенімізбен алдын алу шараларының дер кезінде жүргізілмегені сөзсіз. Дейтұрғанмен ешкім де жауапкершіліктен жалтара алмайды. Орны толмас өкінішке кінәлілердің барлығы заң алдында да, ар алдында да жауап береді. Қалыптасқан ахуалға байланысты шұғыл жиын өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар лауазымды тұлғаларға тәртіптік шара қолданды.
Халық даналығында «Сабыр түбі – сары алтын» деген сөз бар. Қандай қиын жағдайда да бірлігімізді бекемдеп, жұдырықтай жұмылсақ қана сын сағатынан сүрінбей өтеміз. Мемлекет тарапынан әрбір зардап шеккен отбасына материалдық көмек көрсетіледі. Мәжіліс депутаттары да халықпен бірге екенін көрсетіп, өңірлерде жүр. Еріктілер де төтенше жағдай зардаптарын жоюға атсалысады. Ең бастысы ешкім де көмектен тыс қалмайды. Осы орайда жалған ақпаратқа емес ресми хабарларға сүйенгеніміз абзал.
Гулам Умаров,
облыстық «Қан орталығының» директоры,
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты