Владимир Зеленский Джо Байденге Ресей мұнайын импорттауға тыйым салғаны үшін алғыс айтты. Енді ол бұл шектеу Ресей экономикасына қатты соққы болады деп есептейді деп хабарлады turkystan.kz.
Еске сала кетсек, кеше АҚШ Ресей мұнайын сатып алуға тыйым салған сәтте-ақ «қара алтын» бағасы шарықтап шыға келді. Дегенмен, Еуропа елдері бұл санкцияға әлі қосылған жоқ.
«Мен бұл шешім үшін АҚШ Президенті Джо Байденге жеке алғысымды білдіремін. Осындай қадамға барып, бүкіл әлемге белгі бергені үшін. Себебі, Ресейге төленген әр тиын оқ пен бомбаға айналып, өзге тәуелсіз елдерге бағытталып жатыр. Ресей не халықаралық құқықты қорғайтын болады, не онда соғыс ашатын ақшасы болмайды», – деді Украина Президенті.
Есесіне, Ресей вице-премьері Александр Новак Батыс елдері «Солтүстік ағын-2» жобасын тоқтатқаны үшін Еуропаға «Солтүстік ағын-1» газ құбыры бойынша газ жеткізуді доғаратындарын мәлімдеді. Сөйткен жағдайда Еуропа елдерінде де газ бағасы бірден шарықтайтын болады.