Зейнетақы жинағы: өтініш қабылдау басталды

Ағымдағы жылдың 21 қаңтарында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдаланатын біржолғы зейнетақының ережелерін бекіткен еді. Артынша екі күннен кейін-ақ арнайы сайт ашылып, азаматтардың өтінішін қабылдау басталды.

Сәндібек Піренов

Сонымен, зейнетақы жинағын бекітілген қаулыға сәйкес ұйымдастыруды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен «Отбасы банкі» АҚ жүзеге асырады. Қос тарап өтініштерді онлайн қабылдау мақсатында Enpf-otbasy.kz деп аталатын платформа құрды. Өткен сенбіде портал іске қосылғаннан-ақ 13 мыңнан астам азамат өтініш беріп үлгерген екен. Өздеріңізге белгілі, осы күнге дейін азаматтардың жас санаты мен еңбек өтіліне қарай зейнетақы қорынан алуға болатын соманың ережесі бекітілген-тін. БЖЗҚ деректеріне сай республика бойынша 761 мың, ал облыс бойынша 15,5 мыңнан астам азамат зейнетақы қорында жинақталған қаржыны мақсатты пайдалана алады екен. Ал бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласы көш басында болса, одан кейінгі қатарда Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Осы рейтингті соңына дейін қарасақ, халықтың әл-ауқатын салыстыра сипаттауға болады. Әзірге зейнетақы қорындағы жинағы бекітілген мөлшерден асқан салымшылар тек тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік алып отыр. Осыған дейін айтылып келген зейнетақы жинағын емдеуге жұмсаудың ережелері де белгілі болады. Бұл рәсім тек Отбасы банкі арқылы жүзеге асады екен. Ереже бойынша азаматқа Қазақстан аумағында ғана емес, шетелдегі медициналық ұйымдарда да ем алуға болады.

Отбасы банкінің нұсқаулығына сәйкес зейнетақы жинағын ипотекалық займ бойынша берешекті өтеу үшін пайдалануға рұқсат. Мәселен, азаматтар ипотекаға тұрғын үй немесе банктік қарыз шарты шеңберінде тұрғын үйге жөндеу жүргізіп, жеке үйдің құрылысы мен жер учаскесін сатып алу кезінде займ алған болса, оны толықтай немесе мүмкіндігінше өтеуге болады. Сондай-ақ салымшының пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып алуына әбден болады.

Отбасы банкінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй займын алу да қарастырылған. Ипотекалық несиені бастапқы жарна төлеу арқылы Ислам банкінің қаржыландыруымен алуға болады. Егер азаматтар тұрғын үй бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар аясында сатып алу құқығымен жалдау шартын жасасқан болса, онда олар зейнетақы жинағы есебінен жалдау төлемдерін ішінара немесе толық төлей алады.

Зейнетақы қорындағы азаматтардың мөлшерден асқан жинағын тиімді үлестіру бойынша осыған дейін бірқатар ұсыныстар айтылып, соның тиімдісі жүзеге асып жатқаны белгілі. Сол үшін де ереже салымшының сұранысына қарай орайластырылған. Мәселен, осы бағыт бойынша жер телімін сатып алу мен жеке тұрғын үй салу мәселесі де қаралған. Бұдан бөлек, басқа банктерден тұрғын үй сатып алуға, жеке тұрғын үй құрылысына ипотекалық несиелерді Отбасы банкінде қайта қаржыландыруға болады.

Бір өкініштісі, біржолғы зейнетақы төлемін пайдалана отырып, меншікке рәсімделген, берешегі бар ипотекалық тұрғын үйді бес жыл көлемінде сатуға жол берілмейді екен. Ал егер салымшы тұрғын үйді жекеменшікке, яғни өзіне бірден сатып алатын болса (БЖЗҚ-дағы қаражатқа), кез келген уақытта қайта сатуға құқылы. Бекітілген ережеге бағынбай, айласын асырып, қаражатты мақсатсыз пайдалануды көздегендерге жол берілмейді. Салымшыға туыстарының пәтерін немесе үйін сатып алуға рұқсат жоқ. Әрине, тұрғындар арасында жаңа бастамаға қатысты түрлі сауал туындауда. Соның бірі – «Зейнетақының бір бөлігін депозитке аударуға бола ма?» деген сұрақ. Белгілі болғандай, ережеге сәйкес зейнетақының шекті мөлшерінен артық соманы депозитке аударуға болмайды. Тек салымшы белгілі бір соманы тұрғын үйдің 50 пайызы ретінде аударып, үй алуға болады.

Салымшы біржолғы зейнетақы төлемін алған соң, жеке табыс салығын (ЖТС) өтеуі тиіс. Осы ретте салықты азаматтар уәкілетті операторға ЖТС бойынша өтініш беріп, онда төлемді бірден төлеуге, өзі белгілеген мерзімде немесе зейнетке шыққан кейін ай сайын мөлшермен төлеп отыруға келісім беріп, қол қояды. Газетіміздің алдағы санында күн санап толықтырылып жатқан ережеге өзгерістер енгізілсе кеңінен тарқататын боламыз.

Comments (0)
Add Comment