Үздіктерден үлгі ал!

Дүбірлі додалардың дарабоздары

Бала әлемі мөп-мөлдір, тұп-тұнық. Ойлары да тап-таза. Шашасына шаң жұқпаған жүйрік, топ жарған үздік, үзеңгілестерінен оқ бойы озық болуға талпынған балғындар қашанда болашағынан мол үміт күттіреді. Елі мен жерінің атын шығарып, даңқын асырып, күні-түні жаттығып, оқып, ізденіс үстінде жүрген жастар өңірімізде аз емес. Бірі спорт майталманы болса, екіншісі өнер өлкесінің өрені, енді бірі қолына қалам алып, теңдессіз туындылар тудыруда.

Міне, сондай жалынды жастың бірі – «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша Халықаралық ғылыми байқаудың I орын иегері Сабина Мұратбайқызы. Ол «Экология және ғарыш қызметі» секциясы бойынша облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатының оқушысы.
– Сәби кезімнен бері білім алуға ұмтылатынмын. Тіпті балабақшада мектепке жіберсін деп сұрайтынмын. Осылайша 2011 жылы Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектебіне 0 «Ә» сыныбына барып, менің білім әлеміне саяхатым басталды. 2-сыныпқа дейін осы мектепте оқыдым. Кейін ата-аналарым менің ерекше қабілеттерімді байқап, үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің қабылдау емтихандарын тапсыруға жіберді. Жеткілікті ұпай санын жинап, келесі 4 жылымды МДБАМ-да өткіздім. Осы уақыт аралығында көптеген облыстық және республикалық деңгейде өтетін сайыстарға қатысып көрдім. 7-сыныпта қаламызда мамандандырылған IT лицей-интернатының ашылуы жайлы білгенде, ұсынылған көптеген мүмкіндіктерді жоғалтқым келмеді. Тағы қабылдау емтихандарын тапсырып, 2018 оқу жылын осы мектепте бастадым. Бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Себебі осы мектепте мұғалімдер мені ақпараттық технологиялар бағытындағы сан жетпес ілім-білімге үйретті. Солардың ішінде: робототехника, бағдарлама, 3D-дизайн және тағы да басқалары. 2021 жылы жетекшіміз, сонымен қатар біздің еңбек пәні мұғаліміміз Сон Андрей Михайлович білімімізді қоршаған ортамызға пайда әкелу үшін қалай қолдануға болатындығы жайлы идея ұсынды. Серіктесім Бағлан Ерасылмен жабық кеңістіктегі климатты бақылау үшін «Arduino» микроконтроллерінде негізделген схемамен жұмыс істей бастадық.
2022 жылы ғылыми жобамызды халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» сайысында ұсынуға шешім қабылдадық. 3 мамыр күні мүмкіндігімізше жақсы қорғауға тырыстық. 3 күннен кейін 1-орынға ие болғанымызды білгенде, қуанышымыз шексіз болды, – дейді Сабина.
Ағымдағы жылы өткен «Uluslararası türkçe olimpiyatları» халықаралық олимпиадасының алтын медаль иегері Мерей Байғаниннің де бағындырған биігі аз емес. Ол бүгінде Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 8-сыныбында білім алуда.
– 2008 жылы Тараз қаласында дүниеге келдім. Балалық шағым №11 орта мектебінен бастау алды. Кішкентай кезімнен мәнерлеп өлең оқуға қатты қызықтым. Мектептегі іс-шаралардың ашылу салтанаты менің өлең оқуымнан басталатын. 2020 жылы болашаққа деген үлкен қадаммен облыстық Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатына оқуға түстім. Лицей өмірімді толықтай өзгертіп, өзімді жаңа қырымнан тани бастадым. БТС – Білім тексеру сынақтары мен ҚБО – Қазақстан білім олимпиадаларында алғашқы орындардан көріндім. Химияға қызығушылығым оянып, түрлі олимпиадаларға қатыстым.
2021 жылы «Юниор» олимпиадасының облыстық кезеңінде І орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алдым. Онда бағым жанып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталдым. Бұл жеңіс өміріме үлкен мотивация болды.
Лицейде шет тілдерін жетік меңгереміз, соның бір дәлелі – 2022 жылы өткен «Uluslararası türkçe olimpiyatları» халықаралық олимпиадасының алтын медаль иегері атандым. Мені қолдаған барша жандарға алғысым шексіз. «Болашақ бүгіннен басталады» деген ұстанымды үйреткен білім ордасына қарыздармын! – дейді Мерей.
«Созвездие» 22-ші Халықаралық Бүкілресейлік олимпиадасының 1 орын иегері, үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің оқушысы Сардор Бердібаевтың да жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе.
– 2-сынып оқып жүргенде, қоршаған орта қатты қызықтырып, табиғи өнімдерге терең үңіле бастадым. Содан бастап биологиямен айналысуды қолға алдым. Өсімдіктің құрылысы, оның бүршік жаруы мен дамып, жетілуі, одан өндірілетін дәрі-дәрмектің түрлері қатты қызықтырды.
Өсімдік қалай өсірілетінін зерттеп, адамдарды олардың көмегімен қалай емдеу керектігін меңгергім келіп, биология пәніне дендеп кірістім. 8 жасымда өз қызығушылығыма байланысты алғашқы Мақтау қағазына қол жеткіздім. 5-сыныпта химия мен биологияны мәңгілік серігім етіп таңдайтынымды білдім. Өйткені мен дәрігер болғым келеді. Адамдарға көмектесіп, дертіне шипа ұсынғанды ұнатамын. Осы орайда ізденіп жүріп, биология пәнінің ұстазы Ляззат Жайнақованың жетекшілігімен серіктесім Алуа Дукенбай екеуміз арамшөптің көмегімен фитошай мен алкоголь тұнбаларын жасап шығардық. Наурыз айында бізге халықаралық «Созвездие» олимпиадасына Королев қаласына Ресейге баруға ұсыныс түсті. Біз өз жобамызды ойдағыдай қорғап шықтық. Және де Қазақстан мен Ресейдің барлық облыстары арасында бірінші орын иеленіп, алтын медальге қол жеткіздік. Мен Қазақстан Респибликасынан келген қатысушы ретінде жүргізуші болып, байқаудың «Ең үздік сәлемдесу» айдарында «Ең көңілді және сүйкімді» балалар номинациясын иелендім. Алдағы уақытта медицина саласын зерттеп, осы салада тереңінен тер төгіп, еңбек етсем деген ниетім бар, – дейді Сардор.
Міне, бұл шашасына шаң жуытпай, жасындай жарқылдаған жастарымыз. Сөз жоқ, бұл балғындар – еліміздің ертеңі, кемел келешегіміздің кепілі. Осындай дарынды жастар алдағы уақытта да көптеп шығатынына бек сенімдіміз. Ендеше, үздіктерден үлгі алайық!

Әмина Ескермес,
Нұргүл ОРАЗБЕК,
Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенттері

Comments (0)
Add Comment