Үздіктер арасында – бірінші

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ-дың қоғам игілігіне бағытталып отырған ерен еңбегі, жоғары кәсіби құзыреттілігі мен аймақтағы педагог қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жоғарылату мен жаңа заман ұстаздарын даярлау, олардың біліктіліктерін арттыру жүйесіне қосқан үлесі үшін 2019 жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 1-орынды иеленді және «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрағасы, п.ғ.д., профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Г.К.Ахметованың мадақтамасымен марапатталды.

Айта кететін жайт, филиал республикадағы облыстық 16 филиалдың ішінен 2017 жылы – 3-орын, 2018 жылы 2-орынды иеленген, ал 2019 жылы 1-орынға шығуы заңдылық. Жамбыл-«Өрлеу» ұжымын осы жетістігімен құттықтай отырып, осы марапат бірінші рет Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлердің республикалық тамыз кеңесінде тапсырылғанын ерекше атап өту керек. Филиал осы жеңіске жоспарлы түрде жетті. Өйткені, біріншіден, Жамбыл-«Өрлеудің» әрбір 10-шы қызметкері мектепте, ЖОО-да, балалар үйінде, интернаттарда қызмет еткен педагогтар және ұстаздар династиясының өкілдері; екіншіден, олар дарынды ғалымдар – профессор-оқытушылар құрамының үштен бір бөлігінің ғылым докторы, ғылым кандидаты және PhD докторы ғылыми атақ-дәрежесі бар, ал оқытушылардың жартысынан көбі магистрлер; үшіншіден, қазақ және өзбек, орыс және украин, кәріс пен марий халықтарын біріктіріп отырған ынтымақты ұжым; төртіншіден, ұжым мүшелері білім беру проблемасының бел ортасында, себебі біздің үлкен жанұяда барлығы 200-ден аса бала, 70-тен аса немере бар. Осының барлығын қосқанда Жамбыл-«Өрлеудің» әрбір қызметкерінің отбасында 3 бала білім алып, тәрбиеленіп отыр.
Сонымен қатар Жамбыл-«Өрлеу» педагогикалық ғылымның жетістіктерін, әлемдік және қазақстандық тәжірибені тарату негізінде педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесін түбегейлі жаңартуға бағытталған ғылыми-әдістемелік орталық ретінде жүйелі түрде үздіксіз қызмет ету миссиясын іске асырып отыр. Филиалдың білім берудің ұлттық моделін жаңғырту жағдайында педагогикалық кадрлардың кәсіби деңгейі мен құзыреттілігін жетілдіруге жағдай жасауға бағытталған мақсаты да айқын. Ұжым осы жолда бар күш-жігерін аямай еңбек етті, бірлік пен берекенің арқасында жүкті жұмыла көтеру арқылы жеткен жеңіс, шын мәнінде, лайықты деп бағаланды. Ендігі меже – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз кеңесінде айтқан оң шешімін табуға тиісті көптеген түйіткілді мəселелермен байланысты, оның ішінде төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге өседі, бұл білім саласына білікті мамандарды тарту мен мұғалім мәртебесін көтерудегі үлкен әрі маңызды қадам болатыны сөзсіз. Көптен бері ұстаздар мен ата-аналар тарапынан көтеріліп жүрген әліппе мәселесі де өз шешімін тауып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі білім беру саласында қайта қолданылатын болды. Сондай-ақ Елбасы елдегі педагогтардың жүктемесін азайту, олардың абыройы мен беделін көтеру, материалдық жағдайын жақсартуға қатысты қордаланған мәселелердің түйінін шешуге қатысты Үкіметке нақты тапсырмалар берді. ҚР Президенті және Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов айтып өткен түйткілді мәселелер «Өрлеу» ұжымы алдында атқарылуы тиіс міндеттер мен мақсаттарды да межелеп берді.
Біздің өрлеу жолымыз айқын. Біз оны қалай жүзеге асыруды білеміз. Ұжымның әрбір қызметкерінің таңдауы – «Өрлеу». Филиал директоры, п.ғ.к., қауым.профессор Г.О.Медетбекованың басшылығымен еңбекте жеткен толағай табыстар, ұжымның әрбір мүшесінің бойындағы сарқылмас қуат «Өрлеудің» баспалдағын биіктетуге, мерейі мен мәртебесін көтеруге бағытталған. Аймақтағы табыстылық, кәсібилік, тұрақтылық және адалдық алаңы болып отырған Жамбыл-«Өрлеу» ұжымы, жеңістеріңіз құтты болсын!

Баян Муртазаева,
оқу жұмысы және мониторингтік қызмет бөлімінің баспа жұмысы бойынша бас маманы,
Жамбыл-«Өрлеу»

Comments (0)
Add Comment