Әлемді шарлаған індет соңғы екі жылда елімізді әбігерге салғаны рас. Бұл орайда кеселдің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шаралар да жоқ емес.
Шапағат МАМЫТХАН
Дүниені дүрбелеңге салған пандемия әлемді «коронавируспен күрес» деген бір мақсатқа біріктірді. Адамзат тарихында бұрын-соңды ауа арқылы тез жұғатын мұндай вирус болмаған. Күресе жүріп, ауруды басты зерттеу нысанына айналдырған елдер «індетті тоқтататын тиімді жол – екпе» деп қорытындылады.
Жұққыштығы өте жоғары коронавирус тәрізді індетті аурулармен күресудегі ең негізгі шара – ағзаны вакциналық препараттардың көмегімен иммундау. Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған. Вакцина деген – аурудың алдын алу үшін қолданылатын биопрепарат. Қазіргі вакциналар иммуногенді штаммдардан және әлсіретілген вирустан жасалған. Сондықтан вакцинадан қорқудың қажеті жоқ.
Жамбыл облысы бойынша 262182 адамға алғашқы екпе жасалды. Ал вакцинаның екінші компоненті 143 031 тұлғаға жүргізілді. Бұл облыс халқының вакцинациялауға жататын адам санының 24,6 пайызын құрайды. Өткен тәулікте коронавирустық инфекцияға оң ПТР бар – 53, пневмонияның 22 жағдайы анықталды.
Екпе алған азаматтардың қатарын күні кеше «ЖамбылГипс» зауытының қызметкерлері толықтырды. Техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекшісі Лариса Разумованың айтуынша, вакцина салғызғандардың жалпы саны – 70 адам. Бұл 78%-ды құрайды. Оның 15-і вакцинация төлқұжатын алған. Екпенің бірінші компонентін қабылдаған қалған 22 пайыз қызметкер 30 шілдеде екпенің екінші компонентін салғызатын болады. Тамыз айында вакцина қабылдағандар саны 85 пайызға жетеді. Ал өзге қызметкерлердің екпе салдыруға болмайтынын дәлелдейтін құжаттары бар екен. Індетті түбегейлі жою үшін жалпы халықтың вакцина салдыруы маңызды.
Маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау және қолды жуу өмір нормасына айналып кетті. Осы үш ережені сақтауды ұмытпау қажет. Қазір бір рет ауырған адамның екінші рет қайта ауырып қалмауы маңызды.