Запорожье атом электр станциясы толығымен Ресей қарулы күштерінің бақылауында, станция штатты режимде жұмыс істеп тұр. Ал ныснады бұған дейін күзеткен украиналық сарбаздар қаруларын өткізіп, үйлеріне жіберілген, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресей қарулы күштерінің өкілі Украина әскерилерімен келіссөз өтіп, нәтижесінде олардың қаруларын өткізгенін мәлімдеген. Шамамен 240 адам әскери іс-қимылға қатыспау туралы құжатқа қол қойып, станция аумағынан шығарылған.
«Қазір станция штатты режимде жұмыс істеп тұр, нысан әкімшілігі өз міндетін атқаруда. Атом электр станциясын Ресей қарулы күштері толық өз бақылауына алды», – деп мәлімдеді қарулы күштер өкілі.
Ресейдің қорғаныс министрлігі 4 наурызда украиналық әскерилермен қарулы қақтығыс орын алып, оқу-жаттығу орталығында атыс болғанын хабарлаған еді.
«Қақтығыс кезінде атыс көздері жойылды. Артқа шегінген әскерилер оқу-жаттығу орталығына өрт қойды. Төтенше жағдай күштерінің көмегімен от ауыздықталды. Атыс және өрт кезінде нысанда бейбіт тұрғындар болған жоқ», – деп нақтылады Ресей қарулы күштерінің өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін Зеленский Запорожсктегі АЭС-те өрт басталып, арты үлкен апатқа әкеп соғуы мүмкін екенін айтқан.