Заманауи кешен – ел игілігі үшін

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Сондықтан балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау мемлекеттің басты бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында осы мәселеге баса назар аударған еді.

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деген болатын Президент өз сөзінде.
Мемлекеттің жан-жақты қолдауының нәтижесінде елді мекендерде түрлі спорт нысандары бой көтеруде. Айталық, Республика күніне орай Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылуына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, ауылдықтарды қуанышымен құттықтады.
– Бұқаралық спортты дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында. Елімізде бұл бағытта барлық жағдай жасалуда. Өңірімізде де спорт саласының дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінгі жаңа нысан – соның бір көрінісі.
Бұл спорт кешені жергілікті тұрғындардың игілігіне қызмет етіп, болашақ әлем чемпиондары мен жүлдегерлердің шығатынына сенімім мол. Спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік беретін кешен стандартты үлгіде жабдықталған.
Қазіргі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындардың саны 489 мыңнан астам адамға немесе облыс тұрғындарының 40 пайызына жетті. Заманауи спорт кешендері бар шалғай ауылдардың да қатары артып келеді, – деген аймақ басшысы салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға да тоқталып өтті.
Келесі кезекте ауыл ақсақалы Жарқын Қалыбаев тұрғындар атынан ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, облыста жыл сайын жаңа спорт кешендері бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Өткен жылы елді мекендерде 4 спорт нысаны мен 62 спорт алаңшасы қолданысқа берілсе, биыл 23 спорт нысаны мен 38 спорт алаңшасының құрылысы жүруде. Ағымдағы жылы 16 нысанның ашылуы жоспарланған.
Ал Жамбыл ауданы бойынша 174 спорттық нысан болса, соның жалғасы ретінде ашылған жаңа кешен ойын, жаттығу, бокс, күрес залдарымен қамтылған. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 337 миллион 809 мың теңге қаржы қарастырылып, құрылысын бас мердігер «Бақыт таңы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Енді аталған кешенде ауыл тұрғындарының спорттың 10-ға жуық түрімен айналысуына мүмкіндік туып отыр.

Comments (0)
Add Comment