Ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдың 16 қазан күні «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Жолдауында еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынған болатын. Бұл бағдарлама елімізді әлемдегі ең қауіпсіз, тұрақты, экономикасы орнықты елге айналуына бағытталған ұзақ мерзімді даму жолын белгілеп берді.

Қазіргі таңда «Қазақстан-2030» Стратегиясы тәуелсіз мемлекеттің экономикасы серпінді дамып келе жатқанын көрсетті. Жалпы аталған стратегия ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы, шетел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардың деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу, Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты, энергетика ресурстары, инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс және кәсіби мемлекет қатарлы ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыруды қарастырады. Бұл басымдықтар елдің дамуының орта және ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму жоспарын қалыптастыру үшін негіз қалады.
Жолдаудағы бірінші бағыт – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұл аумақтық тұтастықты толық сақтай отырып, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуы. Мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін барлық қажеттіліктер шеңберіндегі бастапқы шарт – ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттіліктің сақталуы. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі көрсеткіші ретінде демократиялы, индустриясы дамыған басты мемлекеттермен байланыстарды күшейту көзделген. Мұның өзі халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстанға қолдау жасаудың жақсы жолға қойылуын, бай табиғи қорлардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етіп, азаматтардың өз еліне деген сүйіспеншілік сезімін арттырады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысындағы сөзсіз басым бағыт сыртқы саяси қызметке, еліміздің өз көршілерімен және дүние жүзінің жетекші мемлекеттерімен өзара тиімді қатынастар қалыптастыруға саяды. Ішкі саясаттың орнықтылығы және қоғамның шоғырлануы – қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының кепілі. Бұл салада барша азамат үшін тең мүмкіндіктің және барлық этностық топтар үшін тең құқықтың болуына кепілдік беру, ауқаттылар мен кедейлер арасындағы айырманы азайту көзделген. Ал ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы бағыты бойынша, 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлік сақталып, нығайтылды. Қазақстан бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды. Сонымен бірге әлемдік және дәстүрлі діндердің съезі біздің елімізде өтіп келеді. Сонымен қатар үшінші бағытта шетел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардың деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу бойынша дамудың нақты, орнықты және үдемелі қарқынына қол жеткізу міндеті қойылған еді. Осы міндет тарихи тұрғыдан алғанда аса қысқа мерзімде шешілді. Дәл осы «Қазақстан-2030» Стратегиясында басты назар экономикалық өсуге аударылған болатын. Төртінші бағыт бойынша адамдардың жағдайын түбегейлі өзгертудің, өмір сүру жағдайын жақсартудың өмірлік маңызы бар. Атқарылған жұмыстың нәтижесі бойынша халықтың нақтылы ақшалай кірістері 16 есе өсті. Денсаулық сақтаудың бес инновациялық объекті-сі – балаларды оңалту, ана мен бала, нейрохирургия, шұғыл медициналық көмек және кардиология орталықтары кіретін медициналық кластер құрылды. Елдің барлық өңірлерінде сапалы медициналық қызметтер алу үшін қажетті жағдай жасалды. Еліміздің ең шалғай аудандарын медициналық қызметтермен қамтитын көлік медицинасы жедел қарқынмен дамуда. Ұлттық скрининг жүйесі ауруларды бастапқы сатысында анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Дәрі-дәрмекпен тегін және жеңілдікпен қамтамасыз ету енгізілді. Энергетикалық ресустар бағыты бойынша өсім көңіл қуантады. Айталық, Қазақстанның мұнай-газ кешені күллі экономиканың локомотиві ретінде басқа салалардың дамуына ықпалын тигізеді. Экономиканың заманауи, тиімді мұнай-газ және тау-кен өндіру саласын құруға тиіс болатын. Соның нәтижесінде бүгін шикізат секторының табысын болашақ экономиканы құру үшін пайдаланудамыз. Елдің ІЖӨ-де мұнай-газ саласы үлесінің тұрақты өсу қарқыны байқалады. Айталық, ол 1997 жылғы 3,7 пайыздан 2006 жылы 14,7 пайызға және 2011 жылы 25 пайызға өсті. Ал алтыншы бағытты айтар болсақ, инфрақұрылымды дамыту міндеті басты міндеттердің бірі ретінде алға қойылды. Нәтижесінде өткен жылдар ішінде өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы мен тыныс-тіршілік инфрақұрылымының ірі стратегиялық объектілері іске қосылды. Бұл – автомобиль және теміржол магистральдары, құбыр жолдары, логистикалық орталықтар, терминалдар, әуежайлар, вокзалдар, порттар және өзгелері. Осының барлығы көптеген қазақстандықтарға жұмыс тауып бергенін сызып айту керек. «Өзен-Түрікменстан шекарасы» теміржол желісі салынды, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдеріне жол ашылды. «Қорғас-Жетіген» жолы төселіп, Қытайдың және күллі Азия құрлығының нарықтарына еніп, Шығыс қақпасы айқара аштылды. Жолаудағы соңғы «Кәсіби мемлекет» бағыты бойынша әкімшілік-әміршілдік жүйенің басқару дәстүрлерінен түбегейлі бас тартып, басқарушылардың заманауи әрі тиімді корпусы құрылуға тиіс болатын. Мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткізілген болатын. Осылайша Стратегияда белгіленген негізгі міндеттер орындалды, қалғандары орындалу үстінде. Бүгінгі күні біздің әрқайсысымыз «Стратегия іске асты, заманауи Қазақстан орнықты» деп айта аламыз. Бұл – еліміздің бірлігі, табанды да қажырлы еңбегінің нәтижесі, ұмтылыстары мен үміттерінің жанды көрінісі.
Жолдауда бүкіл күш-жігерді осы бағыттарға жұмылдырудың, мүмкіндіктерді шоғырландырудың және үйлестірудің келелі идеялары айқын тұжырымдалған, басқару жүйесіндегі реформаларды жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерін түбірімен қайта қарау қажеттілігі атап көрсетілген. Бұл – қысқа және ұзақ мерзімді негізгі бағыттарды іске асыру барысында, ең алдымен, еліміздің барлық азаматтарының бостандығына кепілдік беруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және ертеңгі күнге деген сенімін нығайтуға бағытталған бірден-бір ресми құжат. Қазақстан осы міндеттерді орындай отырып, 2030 жылға қарай дамыған елдердің деңгейіне жетуге, дүние жүзінің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды көздейді. Реформалар стратегиясында және саяси құрамдағы өзара ажырамайтын байланыста болатыны ескерілген. Бәсекелестік қабілеті ашық та риясыз жағдайда қалыптасқан қоғам орнату одан әрі демократияландыру арқылы өтеді, ол, түптеп келгенде, сайлауды әділ өткізуге, саяси партиялардың, Парламенттің рөлін, Үкіметтің мүмкіндігін күшейтуге, сот жүйесін реформалауға, БАҚ-қа еркіндік беруге, әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтуге саяды.
Құнды құжатта болашаққа болжам, қазіргі жағдайға талдау жасалып, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары, республиканың дамуының ерекшеліктері айтылды. Аталған бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары көрсетілді. Әлемдік сарапшылар қоғамдастығының адам дамуының орта мерзімдік трендтеріне қатысты байламдарын шартты түрде үш блокқа бөліп қарауға болады ден көзқарастарын ортаға салады. Атап айтқанда, бірінші блокта сарапшылар айтарлықтай ілгерілеушіліктер байқалатын салаларға назар аударады. Екіншісі – бұл белгісіздік аймағы көрінеді. Ал үшіншісі – айтарлықтай өзгерістер болжанбайтын үдерістер мен құбылыстар. Қазақстан – өзінің белгілі тарихы мен өзіндік болашағы бар еуразиялық ел. Сондықтан оның моделі басқа ешкімнің моделіне ұқсамайды, ол өз бойына әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін сіңіретін, өзіндік экономикалық стратегиясы бар мемлекет.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясының тағы бір негізгі басымдықтарының бірі – шетелдік инвестициялар мен ішкі жинақтардың жоғары деңгейімен ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында қаржы саласының негізгі институттары қалыптасып, осы саланың қарқынды дамуының берік негізін жасадық. 2003 жылға қарай шетел сарапшылары экономикалық реформалардың мақсатты жүргізілуінің, қолайлы инвестициялық климаттың жасалуының, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің арқасында Қазақстан экономикалық өсу қарқыны бойынша әлемдегі көшбасшылардың біріне айналғанын атап өтті. 2002 жылдан бастап ұлттық және шетел валютасындағы кредиттік рейтингте Қазақстанның деңгейі «тұрақтыдан» «жағымдыға» көтерілді. Қазақстанның кредиттік рейтингінің инвестициялық деңгейге дейін көтерілуі қаржы саласының дамуы бойынша ТМД елдері ішінде алдыңғы қатарда екенінің дәлелі болды.
«Қазақстан-2030» Стратегиясының қабылдануы елде нарықтық экономиканың қалыптасуын, демократиялық бағыттағы құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің құрылғанын, оның ішкі тұрақтылығын анықтап берді. Осының нәтижесінде Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толық құқылы және жауапты мүшесі ретінде айқындала түсті. Бүгінде дамыған 30 елмен тереземізді теңестіру үшін көптеген экономикалық және әлеуметтік тұрғыдағы кедергілерден өтуіміз қажет. Экономиканы құру, инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы, сондай-ақ денсаулық және білім беру саласын дамыту – жас мемлекеттердің алдына қойылған мақсаттардың кішкене бөлігі ғана. Осыған орай, елдің дамуын сауатты стратегиялық жоспарлаудың маңызы зор.
Бәрімізге мәлім «Қазақстан-2030» Стратегиясының басты мақсаты – халқының әл-ауқаты жақсы, ынтымағы мықты, саяси тұрақтылығы мығым тәуелсіз мемлекет құру болатын. Стратегия қабылданған жылы азиялық қаржы дағдарысының күрмеуі де шешілді. Бұл жағдай – ұзақ мерзімге жоспарланған стратегияның құндылығын арттыра түсті. Міне, осылайша жаңа стратегия қоғамға, бизнеске дем берді, сондай-ақ әлемдік нарық сәт сайын құбылып тұрған кезде мемлекеттік сектордың өз бағыт-бағдарын айқындауына жәрдемдесіп, дағдарысқа қарсы тиімді құралға айналды. «Қазақстан-2030» Стратегиясында халыққа дамудың тың, озық үлгісін ұсынылды. Елдің алыс келешегіне бастар алдын ала болжанған, кең, айқын жолдың көкжиегі ашылды. Бұл үнемі әлемдік дамудың соңынан еріп отыратын ескі сүрлеу-соқпақтан батыл түрде бас тартып, тыңнан жол салу еді. Осы құнды құжаттың нәтижесінде Қазақстан Республикасы әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына және орташа даму деңгейі бар елдер тобына кірді. Сонымен қатар әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге бағытталған cтратегиясы қабылданды. 2017 жылдың басынан бастап Қазақстанда ІІІ жаңғырту жүзеге асырылды. Осы мақсатта конституциялық реформа жүргізілді, экономикалық өзгерістердің келесі кезеңіне басымдықтар анықталды, ал «Рухани жаңғыру» қоғамдық санасын жаңғырту бағдарламасы қабылданды.
«Қазақстан-2030» Стратегиясы шын мәнісінде тарихи оқиға, тарихи меже болып қалыптасты. Бұл өз кезегінде келешекке көз жүгірту ғана емес, елдің діттеген мақсат-мұраттарды орындауға деген үлкен құлшынысы болатын. Бұл туралы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында: «2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде ресми түрде жарияланды. Сол күні мен еліміздің Парламентінде Қазақстан халқына арналған Жолдауыммен шығып сөйледім. Маған халыққа Жолдау деген идеяның өзі ұнады, оның ел құлағына сіңісті болып кеткеніне қуанамын. Қазір жыл сайынғы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы дәстүрге айналды. Онда бұл нағыз керектінің өзі болды. Республиканың барша халқына, барлық азаматарына үн тастай отырып, біз Стратегияның ерекше рөлі мен мәртебесін атап көрсеттік. Президенттің Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнау дәстүрі «Қазақстан-2030» Стратегиясынан басталады. Әрбір мұндай Жолдау – біздің жалпы Стратегиямыздың және біздің жолымыздың құрамдас бөлігі. Ал кейінгі жылдардағы Жолдау «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің» белгісі болды», – деп жазады.
Аталған Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев бір күнмен өмір сүруге болмайтынын айтып, жаңа ғасырға тың бастамалармен аяқ басу қажеттігін жеткізген. Қазақстанның нарықтық экономикаға ғана емес, жаңа демократияға да бет алғанын мәлімдеген болатын. Ал оған жету үшін нақты бір стратегия мен жоспар болуы шарт. Сонда ғана Үкімет және басқа мемлекеттік органдар бір мақсатқа жұмыс істейді. Осыған байланысты Назарбаев стратегиялық жоспарлау жұмысын қолға алуды тапсырған еді.
«Мемлекеттік қызметшілер күнде стратегиялық мақсатқа жұмыс істеуге тиіс. Ал заңдар мен шешімдер сол стратегиямызға сай болуы қажет. Келесі жылдан бастап біздің жыл сайынғы жоспарларымыз ұзақ мерзімді басымдықтармен үндесуі шарт. Бұдан бөлек, мониторинг жүйесі алға қойған мақсаттарды қалайша орындағанымызды көрсетуі керек. Сол себепті бізге стратегиялық жос- парлау және бақылау жүйесі қажет», – деген болатын. Осылайша, Тұңғыш Президент Жолдаудың өзін стратегиялық жоспар ретінде белгілеп, одан кейінгі жылдары жасалған жұмысты қорытындылап отыратынын жеткізді. Ал әрбір Жолдау жаңа мақсат-міндеттерді айқындайтын болды.
Алғашқы Жолдау стратегиялық жоспарлаудың басы болғаннан кейін өте көлемді болып шыққан болатын. Оның ішінде нақты 7 міндет белгіленіп, соның бәрін іске асыру жолдары көрсетілген. Атап айтқанда, табиғи ресурстарды сақтау, экология, білім мен денсаулық, экономиканы әртараптандыру, жолдардың құрылысы, көлік және коммуникацияны жетілдіру, шағын әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру, жемқорлықпен күресу, кәсіби мамандарды даярлау, мұнай-газ құбырларын тарту, бизнесті дамыту, тұрғын үй бағдарламасын іске асыру, ауылдың проблемасы және тағы басқа маңызды мәселелер бар.
Сол Жолдауда Н.Назарбаев 2030 жылы Қазақстанның қандай болатынын да елестетіп көрді. Сондай-ақ халықты өз күшімен табыс табуға үндеген еді. Батыл бастамаларды да жариялады. Мәселен, халықтың денсаулығын сақтау аясында алкоголь мен темекінің жарнамасына түбегейлі тыйым салуға үндеді. Сонымен қатар алғашқы Жолдауда 25-30 мың теңгенің шағын кредитін таратуды да тапсырған. Ол кезде доллардың бағамы 78,4 теңге болды. Сөйтіп, ауылдың тұрғындары өз кәсібін ашсын деп, үш жылда 150 мың адамға кредит берілсін деген нақты тапсыра да берілген. Сол кезде «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасы ұсынылды.
Шынымен де, 2012 жылы еліміз «Қазақстан-2030» Стратегиясының барлық міндеттерін мерзімінен бұрын орындап, әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына және даму деңгейі орташа елдер тобына енді. Әрбір мемлекет өзінің дамуы және әлемдік аренада өзінің орныны қалыптастыруы алдына қойған мақсатына байланысты. Мемлекеттің мақсаты ретінде бүгінгі таңда ұзақ, орта, қысқа мерзімді даму жоспарлары арқасында жүзеге асырылып отырылады. Сондай ұзақ жылдық даму жоспары ретінде стратегиялық жоспарды атауға болады.
Бұл басымдық тәртібімен айтар болсақ, ауыл шаруашылығы, орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, туризм, тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылымды жақсарту көзделген. Осы салаларды дамыту арқылы Қазақстан экономикасының құрылымдық мәселелері ғана емес, жұмыспен қамту және кедейлікпен күрес мәселелерін де шешуге мүмкіндік береді. Бұлар – қазіргі таңдағы ерекше маңызды проблемалардың бірі. Экономикалық өсудің Қазақстан экономикасы үшін маңызды екені баршамызға аян. Қарқында экономика болмайынша халықтың әлеуметтік мәселелерін қаржыландыру, қоғамды жемқорлық пен қылмыскерліктен қорғау мүмкін емес. Сондықтан да бұл басымдық бүгін де, ертең де өз құнын жоймайтын маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Қазақстанның дамуы үшін бұл қабылданған стратегияның, менің ойымша, маңызы зор. Себебі біздің әсем мемлекетіміздің дамуына және мақсаттарын айқындауына ең қажетті осы стратегия болып табылады. Себебі бұл стратегияда қарастырылған әрбір басымдылыққа ие бағыттар экономиканың өсуіне, халықты өркениеттілікке жеткізуге, жалпы Қазақстанды алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көруімізге зор ықпалын тигізеді. Сонымен қатар мемлекетіміздің халықты әлеуметтік қорғау және әл-ауқатын көтеру бағдарламасы көптеген шаралар арқылы жүргізіліп жатыр. Мысалы, «Ауыл жылы» деп жарияланған жылдан бастап ауылдағы денсаулық жағдайы мен білімді сапаландыру саясаты біршама жақсы нәтижелерін беруде. Бұл көптеген мемлекетіміздің тәуелсіздігін алғаннан кейінгі қиын-қыстау кезеңіндегі жабылып қалған немесе қысқарған денсаулық сақтау орындары және мектеп, кітапханалар қайта ашылып, өз қызметтерін жоғары деңгейдегі жағдайда жүргізуде.
Бәріміз мәлім «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» Стратегиялары арасында сабақтастық бар. Мысалы, екі стратегия да сол тарихи кезеңдердің ерекшелігінен туындайды. Бұл ерекшеліктер екі стратегияда да жан-жақты ашылған. Сонымен қатар екі стратегия да жеті басымдықтан тұрады. Бұл басымдықтардың орындары ауысқан, атаулары өзгерген. «Қазақстан-2030» Стратегиясының бірінші басымдығы «Ұлттық қауіпсіздік» деп аталады. Ал «Қазақстан-2050» Стратегиясында ұлттық қауіпсіздік мәселесі алтыншы басымдықта көрсетіліп, «Дәйекті де болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту» деп аталады. Сондай-ақ экономикалық өсу «Қазақстан-2030» Стратегиясының үшінші басымдығын құраса, «Қазақстан-2050» Стратегиясында бұл мәселе бірінші басымдыққа ие болып отыр және «Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестицияларымен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм» деп аталады.
«Қазақстан-2030» Стратегиясында екінші басымдығы Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы стратегиясының «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деген жетінші басымдығында айтылады. Атап айтарлық нәрсе, екі стратегияның да басымдықтарының саны бірдей, бірақ олардың құрылымдық атаулары әртүрлі болғанымен, ішкі мазмұны біртұтастықты құрайды. Екі стратегияда өздері қабылданған тарихи кезеңнің ерекшеліктерін, қиындықтары мен проблемаларын терең талқылап, болашақтың бағдарламаларын жан-жақты ғылыми негіздеп, оларды орындаудың жолдары мен әдістерін көрсетіп берген. «Қазақстан-2030» Стратегиясы негізінде Қазақстан қалыптасқан мемлекет ретінде орнықты. Республикамызды әлем мойындап қана қоймай, еліміз халықаралық қатынастардың субъектісіне айналды. Оның дәлелі – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы болып, оның Астана саммитін өткізуі. Еліміздің Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі. Қазақстанның әлемдік экономикалық дағдарыстың бірінші кезеңінен қиналмай өтуі. Әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлерінің төрт бірдей съезінің Астанада өтуі. Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуын айтуға болады.
Қазақ елінің 2030 жылға дейін даму бағыттары айқындалған Жолдаудың тарихи маңызы өте зор. Бұл – мемлекет өмірінің, қоғам мен экономиканың барлық тараптарын одан әрі жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы.
Жолдау бойынша Н.Назарбаевтың жалпыұлттық идеясы болашақ табыстардың негізі екені баса айтылды.
Ал ең бастысы – еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жарияланды. «Мәңгілік ел» идеясы – елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея. Сонымен қатар Жолдауда Елбасы қазақ халқы үшін маңызды міндет қойды, ол – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру. Осы міндет аясында қағазбастылық пен құжат айналымын азайтып, жергілікті билік өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін арттырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына дербестік беру қолға алынды. Осының барлығы дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық – ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі. Сондықтан оны болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда.
«Қазақстан-2030» Стратегиясы егеменді республиканың экономикасы серпінді дамып келе жатқан әлемдегі ең бір қауіпсіз, тұрақты, экологиялық орнықты елге айналуына бағытталған ұзақ мерзімді даму жолын белгілеп берді. Ерекше атап өтерлігі, Қазақстан бұрынғы КСРО-ның жаңа тәуелсіз мемлекеттері арасында бірінші болып аса ауқымды стратегиялық жоспарлауға кірісті. Тәуелсіздік алған елдердің көпшілігі тек бірнеше жыл өткен соң ғана осындай ұзақ мерзімді бағдарламаның қажеттігін түсініп, біздің үлгіге ойысқан болатын.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment