Әз Наурыз – достық пен мейірім тойы

Күллі мұсылман елдеріне ортақ мейрам Наурыз тойының мейірім мен шаттықтың, қуаныш пен ырыздықтың бастауы екені анық. Наурызда «Самарқанның көк тасы да жібиді» деген аталы сөзге мән берсек, көктем жүректегі ренішті кешіріп, жанардағы мұңды сейілтіп, жанның бір тамшы өкпеге қиюға келмейтін пенделік кемшілігін ысырып, уақыттың уысында ізгіліктің нұрына ғана малынатын мейрам екенін ұғамыз. Сондықтан Наурыз қастерлі, қасиетті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Әр шаңырақ есігін айқара ашып, ескісін жаңалап, жаңасын әспеттеп, қара қазанда жеті дәмнен дайындалған наурыз көжені бұрқ-сарқ қайнатып, алыстан ат артып, сағынып жеткендерді құшақ жая қарсы алып, әр үйден ән әуелеп, ерекше көңілге бөлейтін аяулы күн. Жүзі бал-бұл жайнаған көпшіліктің көкейінде күй күмбірлеп, бір-біріне құшақ жайып, төс қағыстырып, көктемнің келгеніне, таңның атқанына, қыстан аман шығып, көктемге есен жеткеніне шаттанып, мәре-сәре күй кешері анық. Сауапты амалдың бірі – ағаш отырғызу үрдісі де осы күні жалғасын табады. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі сынды ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.

Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ. Ежелгі гректер – патрих, тәжіктер – гүл гардон, бәйшешек, хорезмдіктер – наусарджи, татарлар – нардуган, буряттар – сагаан сара, армяндар – навасарди, чуваштар – норис ояхе деп түрліше атаған екен. Сондай-ақ олардың жаңа күн туғанда дастарқанға қоятын тағамдары да сан алуан. Өздеріне тән жоралғылары тағы бар.

Мухабат ТУРДЫЕВА,
ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы:

– Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілі Отанымыздың гүлденуіне өз үлесін қосуда. Қазақ халқының тағдырдың тәлкегімен әрбір этностың қалыптасуына көмек көрсеткенін ешқашан ұмытпаймыз. Барлығымыз құнарлы топыраққа қоныс аударып, бақытты күн кешудеміз. Осындай мейірімділік пен қамқорлықтан кейін біз жыл сайын Наурыз мерекесін қуанышпен атап өтеміз. Дәстүр бойынша «Наурыз байрамы» күні қарсаңында этномәдени бірлестік мүшелерімен қайырымдылық акцияларын өткізіп тойлаймыз. Әртүрлі этностардың жастары, мектеп оқушылары және колледж студенттері үшін ашық есік күндерін өткіземіз. Мақсатымыз – Наурыз мерекесінің маңыздылығын түсіндіру. Осы берекелі жерде өмір сүріп жатқан барлық этностар өздерін біртұтас халықтың және тең құқықты Қазақстанның азаматы ретінде сезінеді.

Мен этномәдени бірлестік төрайымы, ҚХА мүшесі ретінде балаларым мен немерелерімнің болашағына сенімдімін. Мен қазақ халқына және түрлі этностарға алғысымды білдіремін. Біздің оларға беретін құндылықтарымыз бар: бұл – біздің бірлігіміз. Өйткені Қазақстан – біздің ортақ үйіміз.

Ольга ДАВЛЯТОВА,
облыстық тәжік этнобірлестігінің мүшесі, ҚХА Аналар кеңесінің өкілі:

– Наурыз мейрамы – барша түркі халықтары үшін, оған қоса Қазақстанда тұратын этнос өкілдері үшін де басты мереке. Тәжік этносы үшін бұл мейрам «сумаляк» тағамын дайындаумен ерекшеленеді. Ежелгі уақытта сумаляк көктемгі егіс басталғанға дейін дайындалатын салттық тағам ретінде ұсынылған. Ол ұнтақталған бидай дәндерінен дайындалады, одан соң ұн араластырылып, қазандықтағы мақта майында 20-24 сағат бойы қайнатылады. Бұл тағам адамдарға күш-жігер беріп, рухани азықты болуға зор пайдасын тигізеді деген наным бар.

Бұл – халықтың байырғы заманнан келе жатқан сенім-ниеті, бұл да бір тәжік халқының салт-дәстүріне жатады. Сондай-ақ, осы тұста айта кетейік, аталмыш тағамға дайындау сәтінде кішкене тастар қосылады екен, олар қазанның түбіндегі тағамның түбін күйдіріп алу қаупінен сақтану үшін қолданылады. Сіз егер осындай тасты тамақтану кезінде ыдысыңыздан тауып алсаңыз, онда жасырын тілек тілеуіңіз керек және ол міндетті түрде орындалады деген сенім бар тәжік халқында. Осыған қоса, сумалякты дайындау барысында аталмыш асты қыз-келіншектер бір дауыста әндерін шырқай, билерін билей жүріп, бір-бірімен әзілдесе, көңілді жүріп пісіру керек деп саналады. Салқындағаннан кейін сумаляк толы ыдыс дастарқанға қойылады. Тағамның «талабы» – қыстан аман-есен шығу, астықтың молшылығы.

Латиф АЙДАРОВ,
ҚР «Барбанг» күрдтер қауымдастығының вице-президенті:

– Жаңа жыл мерекесін бір кездері зороастризмді мойындаған Орталық Азия, Кавказ және Таяу Шығыстың көптеген халықтары атап өтетін. Алайда уақыт өте келе бұл халықтардың барлығы дерлік исламға бет бұрды. Нәтижесінде Наурыз діни маңыздылығын жоғалтты. Дегенмен көп ұлттар Наурызды ұлттық деңгейде тойлауды бастады. Осыған сәйкес әр халықта мерекенің тарихы туралы аңыздар пайда бола бастады. Күрдтерде де осындай аңыз бар: «Б.з.д. 612 жылы Күрдістан аумағында Дахак есімді әмірші билік етті. Бір күні ол өте қауіпті дәрі-дәрмекпен емделетін қорқынышты аурумен ауырады. Ол күн сайын ең әдемі екі жас жігітті өлтіріп, миын жараға қолданды. Бақытсыз және өлімге душар болған темір ұстасы Кава тиранға құрбан болмау үшін әбден күреседі. Каваның бес ұлы болған. Олардың кезегі келгенде, әкесі оларды қорғау үшін барын салады. Үлкен батылдықпен күзетшіге шабуыл жасап, әміршіні өлтірді. Содан кейін аты аңызға айналған кейіпкер биік жартасқа көтеріліп, адамдарға келе жатқан бостандық туралы хабарлау үшін от жағады».

Осылайша, Новруз күрдтер үшін махаббат пен еркіндік мерекесіне айналды. Сондықтан миллиондаған күрдтер бұл мерекені әлемнің көптеген елдерінде атап өтеді, ал от неғұрлым ашық болса, музыка соғұрлым қатты болады.

Біздің отбасымыз үшін де Новруз ерекше мереке, үлкен дастарқан жайылады, туыстарымыз, достарымыз үйге жиналады. Ауламызда от жағып, айналасында «күрд бары» деп аталатын достық биін билейміз. Баршаңызды осы ерекше мерекемен құттықтаймын. Ортақ Отанымызда, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан әр күн – біз үшін мереке!

Эсьмира МАМЕДОВА,
«Мехрибан» әзірбайжан этномәдени орталығының төрайымы:

– «Наурыз» сөзі әзірбайжан тілінде «новруз» – жаңа күн деген мағынаны білдіреді. Табиғат-ананың қайта оянып, айналаның құлпыратын шағын біз ерекше салтанатпен атап өтеміз. Наурыз айы келерден бір ай бұрын әр аптаның сейсенбісі түрлі жоралғыларға арналған мерекелер тойланады. Бірінші «су чәршәнбасы», екінші сейсенбіде «от чәршәнбасы», үшіншіде «топрак чәршәнбасы», соңғы қорытынды сейсенбіде «ахыр чәршәнба ақшамы» тойланады. Бұл соңғы сейсенбіде әр отбасы өз үйінің шатырында немесе ауласында отбасының әр мүшесі от жағып, үстінен «менің бар қиыншылығым саған, ал сенің бар бақытың маған» деген сөздерді қайталап бірнеше мәрте қарғиды. Бұл «барлық сырқат, түрлі аурулар, қиыншылықтар артта қалсын» деген мағынаны білдіреді. Отты сөндіру үшін үстіне су құюға болмайды. Өздігінен сөнген оттың күлін бозбалалар мен бойжеткендер ыдысқа салып, ауылдың сыртына тастайды. Бұл «барлық ауыртпашылық өткен жылда қалсын» деген ойды білдіреді. Біз өз әулетімізде бұл мейрамды дөңгелек үстел басында атап өтеміз. Дастарқанымызда міндетті түрде бидай ұнынан әзірленген «сэмәни» тағамы тұрады. Сондай-ақ дәстүрлі «пахлава», «шәкәр бура», «гоғал», «лаваш», «чөчә» сынды тағамдар дастарқанымызға сән береді. Міндетті түрде жаңа күн, жаңа жылдың құрметіне жұмыртқа бояймыз. Бұл күні табалдырықтан аттаған әр қонақ дастарқаннан дәм татпай шықпайды.

Сондай-ақ отбасында мүмкіндігі шектеулі мүшесі, науқас балалары бар жанұяларға садақа немесе арнайы әзірленген тағам беріледі. Отбасының әр мүшесі ауласына ағаш отырғызуы міндеттеледі. Әйелдер жағы шаштарын қынамен бояйды. Жаңа киім киеді. Бұл – мерекеге ерекше көңіл-күй сыйлау үшін арнайы жасалынатын жоралғылар. «Жаңа жылды қалай қарсы алса, жыл солай өтеді» деген ұғым бар. «Жаңа жылдың бірінші күнінде әр отбасы бір тәулік бойы үйлерінде шырақ жағып қоюы тиіс. Бұл – ырыс пен берекенің нышаны. Ежелгі наным-сенімдер бойынша үлкен кісілер келер жылдың құрғақ немесе жаңбырлы, шаруаға жайлы не жайсыз болатынын болжаған. Осы себепті де Наурыз ең көңілді, шаттыққа толы мереке болып саналады. Бүгінде Наурыз мерекесін құшағы кең, көңілі дархан қазақ халқымен бірге тойлайтынымыз ерекше қуантады. Біздер, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері күн сайын бірлігімізді мығымдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бейбітшілікті ту еткен ел екенімізді дәлелдеп келеміз. Наурыз мерекесі – осының айқын нышаны. Мұсылмандарға ортақ мерекеге айналған Наурыз тойымен барша бауырлас халықтарды шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жыл әр отбасыға шаттық пен береке, молшылық пен қуаныш алып келсін!

Comments (0)
Add Comment