30 жастағы Әйкерім Белгібаеваның Алматыға қоныс аударғанына төрт жыл болған. Пәтерден-пәтерге көшіп, өз баспанасына жете алмай жүрген ару 2021 жылы “Алматы жастары” бағдарламасына қатысып, бағын сынап көрмекке бел буады. 22 жасынан бастап Отбасы банкінде шот ашып, ақша жинаған ол небәрі жарты жылда армандаған, өз ойындағы пәтерінің кілтін иеленеді. Stan.kz тілшісі Әйкерімнен баспана алу барысын сұрап білді.
Әйкерім Белгібаева – маркетинг саласының маманы. Қарағанды қаласында туып өскен, бастапқыда мемлекеттік қызметте болған. 2017 жылы Алматыға көшіп келіп, жұмыс бағытын өзгертеді. Осы уақыт аралығында бірнеше пәтер ауыстырып, түрлі бағдарламаларды қарастырып жүріпті. Баспана алу мақсатында 22 жасынан бастап Отбасы банкінде шот ашып, қаражат жинай бастаған.
“Алматыға келмей тұрып Қарағандыда мемлекеттік қызметкерлерге арналған бағдарламаға құжаттарымды жинап, тапсырмақ болдым. Өкінішке қарай, бағдарламаның шарттары күрделі екен, жалақым да сәйкес келмеді. Оңтүстік астанаға көшкен соң, “Алматы жастары” бағдарламасы туралы естідім, оның артықшылығы көп екенін білдім,” –дейді жас маман.
Жергілікті телеарналардың бірінде жұмыс істейтін Әйкерім “БАҚ қызметкерлері” категориясы бойынша “Алматы жастары” бағдарламасымен баспаналы болған.
“Бағдарлама іске қосылған жылы әріптестерімнің бір сыпырасы өтініш жолдады. Сол жылғы байқауға үлгермей қалып, құжаттарды келесі жылы тапсыруды ұйғардым. Бастапқыда қатысушыларға Алматыда екі жыл тіркеуі болу керек деген талап қойылды. Оны естіп, өтпейтін шығармын деп көңілім түсті, себебі Алматыда тіркелмеген едім. Төрт жылда төрт үй ауыстырдым, бір жерде тұрақты екі жылдық тіркеуім болған емес. 2021 жылы бағдарлама қайта шыққанда тіркеу қажет емес екенін біліп, қуанып қалдым”, – деп есіне алады ол.
Әйкерім Белгібаева, жеке архивтен
Осылайша Әйкерім аз уақыттың ішінде баспана кілтін қолына ұстаған бақытты жандардың бірі атанған.
“Былтыр көктемде құжаттарымды дайындап бағдарламға ұсындым. Бастапқыда резерв тізіміне түсіп, 1-2 айдан соң тізім бойынша көтеріле бастадым. Тамыздың соңына қарай маған негізгі тізімге енгенім туралы хабарлады. Бәрі аз ғана уақыттың ішінде болып кетті. Ал пәтердің кілті қыркүйектің басында қолыма тиді. Бір бөлмелі пәтердің бағасы 18 миллион теңге болды, банк маған осы соманы рәсімдеуге рұқсат берді”, – дейді жас маман.
Әйкерім төлем қабілеттілігін растаған соң, үй іздеу оңай болмағанын айтады. Алайда екі аптаның ішінде өзіне ұнаған, бағдарлама шарттарына сәйкес келетін пәтер табылған.
“Отбасы банк” қызметкерлері менімен 24/7 режимде байланыста болып, толыққанды ақпарат беріп отырғаны жұмысты жеңілдетті. Осы ретте Алматы қаласындағы “Отбасы банк” АҚ-ның №2 қызмет көрсету орталығының маманы Қожахмет Ділмағанбетовтың кәсібилігі үлкен демеу болғанын атап өту керек. Оның көмегі болмағанда, үлгермей қалар ма едім деп ойлаймын. Бірінші рет банкпен жұмыс істеп жатқан жоқпын, алайда осындай қолдау берілгені қатты ұнады”, – дейді ол.
Баспана кілтін алған күнді Әйкерім қуанышпен еске алады. Анасының туған күніне тамаша сыйлық болғанын айтады.
“Былтыр жаздан бастап анаммен бірге пәтерді жалға алып тұрып жүрдік. Ол уақытта баға да шарықтап тұрған. Осы кезде бізге үй иесі “пәтерді бір айда босатыңдар” демесі бар ма? Бір қызығы, дәл осы сәтте бағдарламадан өткенім туралы хабар алдым. Құдайдың берген сыйы деп қуандым. Анамның да қуанышында шек жоқ еді. Өз үйім болатынына бір аптадай сенбей жүрдім. Баспанама анамның туған күніне дейін кірсек деп іштей тілеген едім. Осы тілек қабыл болды. 22 қыркүйек анамның туған күні болса, 20 қыркүйекте өз үйіме көштім. Шынымды айтсам, бұл расымен менің үйім деген сенімділік пәтерге жиһаз алып, жөндеу жұмыстарын жасап жүрген кезде келді”, – дейді маман.
Айта кетейік, 2017 жылдан бастап іске қосылған “Алматы жастары” жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы бүгінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бағдарлама қатысушылары тұрғын үйді 25 жылға дейінгі мерзімге несие арқылы рәсімдей алады. Оған қатысушылардың жасы 35-тен аспауы қажет және соңғы 5 жыл ішінде өтініш берушінің, сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Тұрғын үйге жасалатын алғашқы жарна — 10%-дан басталады. Ал несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 5%-ға тең (ЖТСМ 5,2%-дан бастап).
Бағдарламаға қатысушылар Алматы қаласында орналасқан үйлерді алғашқы немесе екінші нарықтан таңдауға болады. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы қолданысқа енгізілген үй, салынып жатқан тұрғын үй алуға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ аталған бағдарламаға денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері, БАҚ, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары саласының мамандары қатыса алады. Тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй алуға берілетін максималды сома – 18 миллион теңге. Ал егер жылжымайтын мүлік 18 миллион теңгеден асатын болса, өтініш беруші айырманы өз қаражатынан төлей алады. Өз кезегінде Әйкерім былтырдан бастап пәтерге берілетін қаржы сомасының өскені –өте тиімді шешім болды дейді.
Бүгінде Әйкерім “Ақсай” ықшамауданында бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Үйдің ай сайынғы ипотекалық төлеміне 140 мың теңгеден салып отырады. Айтуынша, бұрынырақ дәл осы соманы пәтер ақысы үшін төлейтін.
Әйкерім алматылықтарға бағдарламаға қатысу кезінде есте ұстау қажет кеңестерін де айтып өтті.
“Банк пәтер сомасын бекіту кезінде несие тарихына назар аударады. Бастапқы жарнаның сомасын дайындап, заңгерлер қызметіне, құжаттарды рәсімдеуге артық қаражат дайын тұрғаны абзал. Менімен бірге тапсырған жандардың ішінде бастапқы жарнасын жинап үлгермей қалғандар да болды. Сондықтан, бағдарламаға қатысушыларға айтарым, ертерек қамданыңыздар!”, – деп қорытындылады ойын Әйкерім.
Айта кетейік, былтыр 10 наурыздан бастап 31 наурыз аралығында жүргізілген “Алматы жастары” бағдарламасына 10 мыңға жуық өтініш түскен. Жыл қорытындысы бойынша барлығы 1000-нан аса пәтер табысталған. Өтініштердің дені – білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен жолданған.