«Өз елімізде туып, ана тілін білмейтін мыңдаған қазақтар бар»: Белсенді Ауғанстандағы этникалық қазақтардың мәселесі жайлы айтты

Күн өткен сайын Ауғанстандағы этникалық қазақтардың мәселесі ушығып барады. Кейбір қандастарымыз көршіміз Өзбекстаннан да пана сұрауға мәжбүр. Оған себеп Кабулдағы Қазақстан елшілігінің талабы өте жоғары. Осыған орай, Stan.kz тілшісі шет мемлекеттердегі этникалық қазақтардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп жүрген, халықаралық «Атажұрт»  бірлестігінің жетекшісі Қыдырәлі Оразұлымен әңгімелескен еді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

– Қайырлы күн! Өздеріңіз білетіндей Қазақстанның СІМ Ауғанстанда 200-дей қазақ бар деген. Бірақ «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан құрылған Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы 1200-ге жуық Ауғанстанда тұратын этникалық қазақтардың тізімін әзірлеген болатын. Ал Қазақстан елшілігінің Ауғанстанда жұмыс жасағалы бері қандастардың тізімін нақты жасай алмауына не себеп болуы мүмкін?

– Қайырлы күн! Біріншіден, Ауғанстандағы қазақтар туралы біраз мәліметтерді ақтарып көрдік. Facebook әлеуметтік желісінде «Қажы Акпар Аюби» деген ағамыз бар. Өзі – Ауғанстандық. Бірақ қазіргі кезде Дания елінде тұрады. Ол кісі Ауғанстандағы қазақтар туралы көптеген мәліметтерді өз парақшасына жариялайды. Жуырда Facebook арқылы тікелей эфирге шықты. Сонда 1920-1925 жылдары аралығында бір зерттеушінің  «Гималайға саяхат» деген кітабынан мәліметтер келтірді. Осы кітапта 1825 жылы Ауғанстанда қазақтар болған дейді. Жалпы алғанда, 1916 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс және 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кездерінде ғана қазақтар қоныс аударды деу үлкен қате. Сол себепті де «тарыдай шашылған қазақ» деп бекер айтпаса керек. Ертеден-ақ, ата-бабаларымыз жан-жаққа шашырап кетті. Тіпті атам заманнан сол жерлерді мекен еткендері де болған. Осыған қарағанда біздің елшілік дұрыс статистикалық жұмыстарды жүргізбеген. Тек қана Кабулдың айналасында тұратын қазақтарды ғана санаған болуы керек. Шын мәнінде сол жылдардан бастап есептесе, онда Ауғанстандағы қазіргі қазақтардың саны бір миллионнан да асып кетеді. Ашаршылық немесе ұлт-азаттық көтеріліс кездерінде барғандар болса да, олар онда қазақтар болғаны үшін ғана барған. Кейбірі ауғандармен қыз алысып беріскенен сіңісіп те кеткен. Оларды түрінен я тілінен ажырату қиын. Бірақ, мәселе олардың тілінде болмауы керек қой! Өз елімізде туып, ана тілін білмейтін мыңдаған қазақтар бар. Ауғанстандағы этникалық қазақтар Құндыз, Мазари-Шариф және басқа да ірі қалаларында тұрады. Осы уақытқа дейін солардың барлығын анықтауға болатын еді. Өкінішке орай, елшілік мұндай жұмыстарды жүргізбеді.

 Елшіліктің ол жақтағы қандастарға ру және жеті аталарын толықтай білуі, ана тілінде еркін сөйлеуді талап етуі қаншалықты орынды?

– Мұндай талап өте қатал. Ауғанстанда аталары мыңдаған жыл жүрген қазақтардан қазақ тілін талап ету ұят нәрсе. Біздің билік 30 жылда Ауғанстанда қазақ мектептері мен курстарын ашса, онда қазақ тілін талап етуге болады. Алайда Ауғанстанда бірде-бір қазақ мектептері жоқ. Қайта Иран ислам республикасында қазақ радиосы мен мектептері бар. Кейбір ауған қазақтары Ирандағы ағайындарға барып ана тілдерін сақтап қалған. Бұл бір ғана фактор. Тағы бір ескеретін жайт, олардың ешқайсысының төлқұжатына «қазақ» деп ұлтын жазбайды. Бұрыңғы үкіметі кезінде анықтама ала алатын. Қазір тәліптер келген соң, ондай анықтама атымен жоқ. Ешкім оларға «қазақ екенсіңдер» деген анықтаманы бермейді. Сондықтан да оларға өте қиын. Тіпті кейбіреулерінің құжаттары да жоқ. Тек қана үйдің отағасында болуы мүмкін. Қазіргідей жағдайда бәрін тізе беру дұрыс емес. Елшілікке қазақ тілін жақсы меңгерген, қазағына бүйрегі бұрған азаматты басшы қылу керек. Мысалы, мені елшілікке жұмысқа қойса, тегін қызмет қылатын едім. «Біздің атажұртымыз бар-ау?!» деп, үлкен үмітпен қарап отырған халқымыздың кеудесінен итеріп жатқандаймыз. Бұл еліміз үшін өкінішті жағдай. Кейде демографиямызды қалай көбейтеміз деп басымызды ауыртамыз. Міне, демография дайын тұр! Біз әлемнің үшінші мемлекетіміз өз қандастарын Отанына шақырған. Тіпті осылай деп мақтанамыз! Ал енді шақырмақ түгілі, келеміз деген қазақтарды алып келе алмаймыз. Бұл енді нағыз екіжүзділік. Кейбір мемлекеттер осыған қарап бізді «мыналар өз қазақтарын енді не істейді?» екен деп сынайды. Еліміз саяси тұрғыда сынға да қалады. Араларында террористтік пиғылдары бар деп те қауіптенетін шығар. Бірақ көбісі қарапайым шаруа адамдары ғой. Расымен де солай ойласа, Сирия мен Ирактағы «ДАИШ» құрамында соғысқан қазақтарды да алып келді ғой. Оларға қарағанда бұлар қарапайым халық. Арасында апаларымыз зар жылап отыр. Кейбіріміз қиыншылық кезде қашып кетіп, енді бастарына іс түскенде келіп жатыр деуіміз мүмкін. Қайта бізді шетелдегі бес миллиондай қазақтарда ұлтымызды сақтап қалды. Бізге саяси тұрғыдан да, демографиялық жағынан да Ауғанстаннан қазақтарды алып келу өте маңызды.

 Жақында естігеніңіздей, Ираннан келген қандастарымыз солтүстік облыстарымызға орналасқан. Бірақ БАҚ беттерінде олардың жағдайлары толықтай жасалмағандығы айтылып жүр. Осы тұрғыда біздің билік қандастарды орналастыру мәселесінде толықтай дайын емес сияқты. Сіз қалай ойлайсыз? 

– Дұрыс айтасыз. Жалпы, бізде бағдарламалар өте керемет. Бірақ бағдарламалардың дұрыс жүзеге асу механизмдері жоқ. Қалай жұмыс істейміз деп ойланбайды. Өзім 2016 жылы шамамыз келгенше мемлекеттің бір жағына шығайын деп, солтүстік облыстарға қандастарды орналастыру бойынша ерікті түрде қызмет жасадым. Павлодар, Ақмола, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қандастарымызды орналастырдық. Сондағы ағайындар жаман болған жоқ. Бұл жерде дұрыс жұмыс істей білу керек. Солтүстіктегі климаттың суығы түк те емес. Ол жай ғана сылтау. Басты нәрсе ұйымдастыру. Мысалы, ауыл шаруашылығымен айналысатындарды жері бар жерлерге орналастырсын. Егін шаруашылығымен айналысқандарға өз кәсіптеріне мүмкіндіктер берсін. Көбісі солтүстікте жердің барлығы бос жатыр деп ойлайды. Олай емес! Кейбір алпауыт компаниялар түгелдей жерлерді иемденіп алған. Ауылдың айналасындағы жерлерді жекеменшікке алып алғандары бар. Бір ауылға барсам, бес қазақ отбасы бар екен. Сондағы ауылға 21 мыңдай гектар жер тиесілі. Соның 15 мыңдайын бір ғана шаруа алған. Қалған гектарға мал жайып, яки егін еккенге халық жеткізе алмайды. Осындай проблемалар өте көп. Сондықтан да Ираннан келген қандастарды зерделемей алып бара салған. Одан кейін көші-қон мен үй жалдауға берілетін қаражаттар әрбір облыстарға арнайы бөлінеді. Осындай жеңілдіктерге көптеген құжат жинау керек. Осындай жүйенің барлығын өзгерту қажет. Ал климатқа шыдамайды деу бос әңгіме. Суыққа шыдамаса, ешкім: «елім» демей-ақ, қойсын! Және келген қандастарды шашыратпай, бір ауылға 15-20 отбасыдан орналастырған дұрыс. Сонда олар ешқайда да көшіп кетпейді. Бір-бірімен араласып өмір сүреді. Павлодар облысындағы Қарасай ауылына барғанымызда, 12 отбасы қазір 20-дан асып кеткен. Мектептерінде де оқушылардың саны екі есе көбейген. Бәрі де ауыл халқымен араласып, жақсы күй кешуде. Қазақ мектептері жоқ жерлерде, қазақ мектептері ашылған. Осындай топтастырып ұйымдастыратын механимздер бізде жоқтың қасы. Көбісі тек сөз жүзінде қалып қояды.

 Кабулдағы Қазақстан елшілігіне көптеген азаматтар өздерін қазақпыз деп өтініш білдіріп жатыр екен. Олардың арасында басқа ұлттардың өкілдері де бар дейді. Осыған қарағанда, Қазақстанды басқа елдерден салыстырмалы түрде жақсы көретін болғаны ма?

– Бұл қиыншылық Ауғанстандағы қазақтардың ғана басына түсіп жатқан жоқ. Бізден де басқа да көптеген халықтар бар. Өзіміз көргендей Американың әскери ұшағының дөңгелектеріне жұрттар жармасты. Сондықтан да олар кез келген мемлекетке баруға дайын. Елшілікте де білімді азаматтар жұмыс істейді ғой. Олар мұның барлығын ажырата алмаса, қалай елші болып жүр? Мүмкін арасында бар шығар. Бірақ,ё одан қорқудың керегі де жоқ. Себебі 1957-1967 жылдары Қытайдан көптеген қазақтар жаппай көшті. Барлығында дерлік жеке төлқұжаттары болмады. Енді Ауғанстандағы жағдайды осы кезбен салыстырсақ. Сол кездері қазақтармен бірге бізге ұйғырларда келді. Сол ұйғырлардың өзі Қазақстанның азаматы болып, бізбен бірге еңбек етіп жатыр. Ешкім жаман болған жоқ. Сондықтан да қорықпау керек. Біздің елде де көптеген бақылаулар болады. Өтірік қауіптерді айта беру де ақымақтық. Ондайды тексере алмаса, не үшін елшілік жұмыс істейді? Туыстық байланыстар арқылы да зерттеуге болады. Егер, біз оларды тастап кетсек, өте ұят болады. Ертеңгі күні оларға да қауіп төнеді. Тіпті бізді тастап кетті деп, өзімізге қарсы тұратын басқа адамдар да пайда болуы мүмкін. «Қазағым», «елім» деп тұрған сәтте, олардың барлығын алып келейік. Олардың араларында небір кәсіп иелері де бар.

 Қазіргі таңда халықаралық «Атажұрт» жастары бірлестігі ауған қазақтарымен байланыс орната алды ма?

– Әрине! Мен ол жақтағы қандастар бойынша біраз ақпараттарды жинап жатырмын. Сондағы қандастар атынан алдағы уақытта үлкен бір жиналыс өткізбекпін. Сол кездері біздің билікке ұсыныстарымызды да жеткіземіз. Араб елдеріндегі елшіліктерімізге Ауғанстанның қазақтары сол жақтан виза сұраса, Кабулдағы елшіліктен алыңдар деген. Ал Ауғанстандағы елшілігіміздің сыйқы мынау. Мұндай қитұрқы әрекеттерді жасамау керек қой. Жиында осының барлығын айтамыз.

Өзім елшілік нақты шешімдер қабылдайды деп ойлап отырғаным жоқ. Сондықтан да мемлекетіміз ең мықты деген екі дипломатты сонда жіберсің. Осындай қысыл-таяң уақытта жемқорлық та белең алады. Мүмкін болып та жатқан шығар? Елге алып келген соң, солтүстікке орналастыру механизмдерін жүйелі түрде жасай білу керек.

 Сіздерге билік өкілдері хабарласып, қандастардың тізімін әзірлеу жөнінде немесе т.б. ақыл-кеңестер сұраған жоқ па? 

– Әзірге ешқайсысы хабарсыз. Журналистер ғана хабарласады. Ауғанстан қазақтарын айтса, кейбіреулер қорқатын сияқты. Бірақ біз тек қана билік шешеді деп отырмауымыз керек. Бізде осы елдің азаматымыз. Әрқайсысымыз өз еліміздің болашағы мен демократиясына еңбек етуге міндеттіміз! Әсіресе, шеттегі қазақтарды ұмытпауымыз керек. Сондықтан да белсенді азаматтарымыз алдағы уақыттарда жұмыс жасайды деп ойлаймын. Әрбір мемлекеттің басшысы халық. Билік халықтың қызметкерлері. Сол себепті де халық үшін аянбаулары қажет.

 Ауғандағы кейбір қандастардың өзбек, тәжік немесе т.б. ұлттармен жақын араласып, сіңісіп кеткен дейді. Егер де расымен осылай болса, қазақтардың тізімін нақты қалай жасай аламыз? 

– Мейлі, араб немесе парсы тілінде сөйлесе де, ата-бабасының өмірбаянын қысқаша білсе жетеді. Біз көптеген ұлттар мен ұлыстарды сыйдырған елміз ғой. Көп ұлтымыз бір ұлттай сіңісіп кеткен мемлекетпіз.  Енді өзіміздің қазақтарымызға бір сылтау айтудың өзі күлкілі жағдай. Биліктен бұрын өзім ұялып жатырмын. Қитұрқы әңгімелер өте көп.  Президент тек қана Қазақстандағы туыстары барын ғана алып келіңдер деген жоқ. Ауғанстанда тұратын қазақтарды алып келіңдер деді. Елшілік қазір басшыға қарсы шығып отыр. Өзімізде дәлелдер мен дәйектер көптеп жиналып жатыр. Әзірге тыныш отырмыз. Бұлай жалғаса берсе, қолымыздағы ақиқаттарды жайып саламыз. Виза ала алмай жүрген қазақтар көп. Масқара жағдай! Елшілік халықты тыңдасын! Бір ғалымның айтқаны бар: «елімнің шапанының тозғанын көріп тұрып айтпасам, елімнің сатқыны боламын» деген.

– Кабулдан арнайы ұшақпен Алматыға келіп орналасқан этникалық қазақтармен байланысып көрдіңіздер ме?

– Олармен әзірге байланыса алмадық. Билік оларды карантинге алды. Тіпті журналистерді де жолатпайды. Алдағы уақытта міндетті түрде байланысамыз. Билік оларды далада қалдырмайды деген үміттеміз. Әйтеуір, неде болса елге келді. Сондықтан да бұл мәселелер тек билікке ғана артылмаған. Билік адамдарының көбінің халықпен байланысы жоқ. Бәрі керемет десе, оларда керемет екен деп ойлайды. Қазақтарға жетекшілік ететін «Дүниежүзі қазақтары» бізде ең жоғарғы ұйым. Өйткені бірлестік Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қарамағында. Мен қандастар мәселесінде арнайы жобаларды да ұсынғанмын. Бірақ ешкімнен бірде-бір жауап болған жоқ. Олар ұйымдастыра алмаса, өзіміз ұйымдастырайық деп ойлаймын. Мемлекеттен ешқандай тендерге қатыспай-ақ, өз қалтамыздан ұйымдастырып жатырмыз. Амал қанша, біздегі қаржы аздық етеді. Билік бізді қолдайтын болса, еш айлықсыз жұмыс істеуші едік. Қазіргі кезде халықаралық «Жастар» қоғамдық бірлестігі шетелдегі қазақ жастарын елге алып келу үшін жұмыстар жасауда. Қазақстан үкіметі жыл сайын шетелдегі қазақ жастарына мыңдаған гранттар бөледі. Бірақ былтырғы пандемияға байланысты шетелден ешқандай қандастар келе алмады. Биылғы гранттың жартысынан да көбісі бос. Енді тура осыған Ауғанстандағы қазақтардың балаларын неге алып келмеске? Игерілмей жатқан қаржы деп, жыл соңында қайтадан мемлекетке қайтарады. Осы жұмыстарға белсенді түрде атсалысуға болады.

 Әңгімеңізге көп рахмет! Осындай игі жасап жатқан жұмыстарыңызға табыс, тамаша көңіл-күй тілейміз! Аман болыңыз!

– Сізге де рахмет! Сау болыңыздар! 

 

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК

Comments (0)
Add Comment