Қызылшадан келер қауіп көп

Қызылша – өте жұқпалы вирустық инфекциялық аурулардың бірі. Ол көбінесе балалар арасында кездеседі, бірақ вакцина алмаған ересектер де бұл ауруға шалдығуы мүмкін. Қызылша дер кезінде алдын алмаса, ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал, сондықтан оның белгілері мен алдын алу жолдарын білу өте маңызды.

Қызылша – қызылша вирусы арқылы таралады. Вирус ауа-тамшылы жолмен жұғады, яғни науқас жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде ауаға тарайды. Бір науқас адам қысқа уақыттың ішінде бірнеше адамға жұқтыра алады. Вирусқа қарсы иммунитеті жоқ адамдар үшін бұл ауру өте қауіпті.
Қызылшаның алғашқы белгілері тұмауға ұқсас болады. Ауру әдетте келесі белгілермен басталады:
– дене қызуының 38-40°C-қа дейін көтерілуі;
– жөтел, мұрынның бітелуі;
– көздің қызаруы, жарыққа сезімталдық;
– әлсіздік, бас ауруы.
Бірнеше күннен кейін денеде қызыл бөртпе пайда болады. Бөртпе алдымен бетте және құлақтың артында шығып, кейін бүкіл денеге таралады. Бұл – қызылшаның ең көп таралған белгісі.
Қызылша жеңіл ауру болып көрінгенімен, ол өте қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Олардың қатарына:
– өкпенің қабынуы (пневмония);
– құлақтың қабынуы;
– іш өту;
– ми қабынуы (энцефалит);
– ауыр жағдайларда өлім жатады.
Әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар мен иммунитеті әлсіз адамдарда асқыну қаупі жоғары.
Қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Қызылшаға қарсы вакцина балаларға ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес егіледі. Вакцина аурудың алдын алып қана қоймай, оның ауыр өтуіне де жол бермейді.
Қоғамда вакцинация деңгейі жоғары болған сайын, қызылшаның таралу қаупі төмендейді. Бұл – ұжымдық иммунитеттің маңызы.
Қызылша – жеңіл ауру емес, ол адам денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан оның белгілерін дер кезінде танып, алдын алу шараларын сақтау аса маңызды. Вакцинация – өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды қорғаудың сенімді жолы. Денсаулыққа бейжай қарамай, алдын алу шараларын ұстану – әр адамның жауапкершілігі.

Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы

Comments (0)
Add Comment