Қызылордада V Ұлттық құрылтай өз жұмысын бастады

Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың V отырысы басталды. Ел дамуының өзекті мәселелері талқыланатын алқалы жиын екі күнге жалғасады.

Құрылтайдың алғашқы күні төрт панельдік секция аясында отырыстар өтуде. Атап айтқанда, әлеуметтік-мәдени даму секциясын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жүргізсе, білім және ғылым мәселелеріне арналған секцияға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жетекшілік етуде.

Күннің екінші жартысында азаматтық қоғамды дамыту мен экономикалық өсімге қатысты тақырыптар қамтылады. Бұл секцияларда қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық даму тетіктері талқыланбақ.

Ұлттық құрылтай барысында ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын бірқатар өзекті мәселелер ортаға салынып, нақты ұсыныстар мен бастамалар көтеріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар құрылтай мүшелері Қызылорда қаласындағы әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық маңызы бар бірқатар нысанды аралап, өңірдің даму барысымен танысады.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтай – мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтып, ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға ықпал ететін маңызды алаң саналады.

syrboyi.kz

Comments (0)
Add Comment