Қызмет сапасы артып келеді

«Nur Otan» партиясының 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссия Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жұмыстардың жай-жапсарымен танысты. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері ондағы қызмет түрлері жайында толыққанды ақпар алып, тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізді.

Шарада облыстық мәслихат депутаты Абай Нұржанов бастаған комиссия мүшелері орталыққа келген халықпен арнайы жүздесті. Онымен қоса қолжетімді қызмет түрлеріне баға беріп, мамандардың біліктілігі жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ атқарылған жұмыстардың сапасы туралы пікір алмасып, қызмет алушылардың жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.

Қазір халықтың басым бөлігі «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрышы арқылы жұмыс жасай алады. Дегенмен 2013 жылы қолданысқа енгізілген қызметтің қолжетімді түрін пайдалана алмайтындар да бар. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек күтіп әлекке түсетіндердің көбісі егде жастағы азаматтар. Жыл сайын бұл кезектің қатары сейілуде. Алдағы уақытта тұрғындардың барлығы өздеріне қажетті құжаттарды жедел алуға үйреніп кетеді дегенге сеніміміз мол.

Ағымдағы жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының мамандандырылған бөлімінде 130 101 құжат қабылданған. Оның ішінде көлік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу бойынша – 93 499, жүргізуші куәліктерін тапсыруда – 31 892, сондай-ақ республикамыздағы ұлттық куәландыру орталығының куәлігін беру және қайтып алу бойынша 4 710 құжат қабылданған. Сонымен қатар «Өзіне-өзі қызмет көрсету» секторы бойынша қызмет алушыларға 2019 жылдың шілде айынан бастап «Көлік құралдарын тіркеу» және «Жүргізуші куәлігін беру» мемлекеттік қызметтері көрсетілді. Нәтижесінде «Электронды үкімет» порталы арқылы 730 көлік құралы тіркеліп, 1 547 азаматқа жүргізуші куәлігі берілді.

Партиялық рейд барысында комиссия мүшелері қызмет көрсету сапасына аса көңіл бөлу керектігін ескертті. Сонымен қатар қызмет түрлеріне арнайы мониторинг жасауды ұсынды. Электронды қызмет түрлерін БАҚ арқылы кеңінен насихаттау жөнінде ұсыныстар айтты.

Сәндібек ПІРЕНОВ,
ТарМУ студенті

Comments (0)
Add Comment