«Қыздармен кездесу үшін қызанақ ұрладым»

Боз ала таңды бозборан етіп шаттана шапқылап, ағаш атты ат қылып мініп, балшықтан үй тұрғызып, жапырақтан торт пісірткен балалықтың ауылы алыс қалады деп кім ойлапты?! Қанша ес жиып, етек жинап, есейіп кетсек те, ойыншық көрсек ойнап кеткіміз келіп, доп көрсек тебе жөнелетін әсерден шыққымыз келмейтіні рас. Бұл бір ойлаған сайын кеуденің сол тұсын шымырлатып ала жөнелетін, шұғылалы да шуақты шақты аңсап, сағыныштың сазын шертіп тұратын ерекше күй ғой.

Кез келген жанның жүрегін балғын кез, балауса шаққа деген сиқырлы сағыныш тербеп тұратыны айдан анық. Жер бетінде сол бір қамсыз, мұңсыз кезеңді аңсамайтын біреу бар десе де сену қиын. Қайта айналып соқпаса да, үнемі жүректі қимастыққа бөлеп, сыздатып тұратын балғын кезеңге саяхат жасап көрелік. Осы орайда «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ринат Нұрақбаев өзінің балалық шағы туралы әңгімелеп берген еді.
– Қайран балалық! Небір қызықты күндер өтті ғой. Мектеп қабырғасында түрлі қызықты бастан кешірдік. Пысық едім, бірде жәшікпен қызанақ ұрласам, енді бірде жасаған бұзықтығымнан қорқып, тамның төбесіне ұйықтап қалған күндер енді көзден бұл-бұл ұшты. Сондай ыстық, сондай тәтті шақтың естеліктері мәңгі жадымда жатталып қалды.
Бірде алдыңғы партада отырған бала маған шалқайып қараған сәтте, ойнап отырып, мұрнына ручка тығып алдым. Оның мұрнынан қан саулап, мені мұғалім тұра қуып, ауыл сыртындағы Арыс өзені жаққа қаша жөнелдім. Сол кеткеннен мол кеттім. Кеш болды. Мектепке барсам мұғалім, үйге барсам ата-анам ұрысайын деп тұр. Әкемнен қорқып, кешке үйге келіп, тамның төбесіне шығып, шөптің арасына ұйықтап қалыппын. Көрші-қолаң түгел іздепті. Кейін біреуі тамның төбесіне шығып, мені шөптің арасында ұйықтап жатқан жерімнен тауып алыпты.
Бір күні химия пәнінде кезекші болдым. Кезекшінің міндеті соңында қалып, бәрін тазалау ғой. Еден жуып болған соң, химикаттардың бәрін алып, гүлдерге құйып кеттік. Ертесі келсек, гүлдің бәрі солып қалыпты. Сөйтіп, ұстаздар сыбағамды берген еді. География пәнінен беретін ағайдың құлағы ауыр еді. Мен дайындалмай барған күні тақтаға шығарды. «Ағайдың құлағы ауыр ғой» деген оймен «Вена өзені мен Артерия өзені қатар аққан кезде» деп бір сөзді естіп, бір сөзімді естімей қалсын деген ниетпен бір сөзді қатты, екінші сөзді жайлап айтып, ойдан құрастырып, дамылсыз сөйлей бердім. Балалар күліп жатыр. Олар күлген сайын, күле бағып, өтірікті айта түстім. Бір кезде ағай: «Нұрақбаев болдың ба?», – деп сұрады. «Иә, болдым», – десем: «Отыр, 2», – дегені. «Неге 2? Мен сабақ айттым ғой», – деймін бетім бүлк етпей. Сонда ағай бетіме анықтап қарап тұрып: «Алдымен Вена мен Артерия өзенін ажыратып ал», – дегені. Сонда бетімнен отым шығып, ду ете қалды. Содан кейін ұстаздарды алдамайтын болдым.
Бозбалалық шаққа ат басын бұра бастаған кезең еді. Ауыл жанында демалыс лагері болатын. Ауыл адамдары төрт-бес үйден бөлініп, топтасып, егіс екті. Біздің үйдегілер де төрт үй бірігіп, еңбегінің жемісін көруге ниеттеніп жүрген. Мен болсам, қызық қуып жүрген бозбаламын. Лагерьдегі қыздарға көзім түсе бастады. Қалалық қыздармен танысып, сөйлескім келеді. Сөйтіп, қыздармен кездесудің амалын таптық. Қарауыл, вожатыйларға қызанаққа келісіп, жәшікпен ұрлауға көштік. Бір-бір жәшікті ұрлап, иыққа асып, лагерьге барамыз. Сөйтіп, бір күн кино, бір күн дискотекаға кіруге рұқсат аламыз. Қала қыздары ашық болады, олар ашық болған сайын біз ғашық боламыз. Оларды тағы көруге, тілдесіп қалуға ынтықпыз. Енді қыздармен тағы кездесуге бел буамыз. Алайда осы тұста біздің балаң сезіміміз үшін бәрін беруге даярлығымызды көрген лагерьдің қарауылы мен вожатыйлары ставкасын өсіре түседі. Енді олар қыздармен бір тілдесу үшін екі жәшік қызанақ сұрайды. Олай етпесек, қыздармен жолыға алмаймыз. Енді біз өз ата-анамыздың маңдай терімен егіп жүрген бақшасынан екі жәшіктен ұрлай бастадық. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам екені баяғыдан белгілі ғой. Әрине, бақташылар, яғни ата-анамыз бұл ұрлығымызды біліп қойды. Содан кейін қыздарды да, ұрлауды да қойып кеттік, – дейді Ринат Даниярұлы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment