Оралда жолаушыны зорлады деп айыпталған «Индрайвер» жүргізушісі мен оның серігіне қатысты сот ісі басталды. Екі ер азаматтың жасы – 29 бен 31-де. Екеуі де үйленген және балалары бар. Сот отырысына бірінің әйелі қоғамдық қорғаушы ретінде қатысуда, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz cайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, сот процесі жабық түрде өтіп жатыр.
Сотталушыларға 120 баптың 2 бөлігінің 2 тармағы бойынша айып тағылған (Зорлау, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған; өлтіру қатерін төндірумен ұласқан, сондай-ақ жәбірленушіге немесе басқа да адамдарға қатысты аса қатыгездікпен жасалған).
Аталған бап 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Оқиға қалай болған?
«Индрайвер» таксиіне отырған қызға 7 тамызда түнде шабуыл жасалған. Құрбысының үйінен шыққан жәбірленуші арнайы бағдарлама бойынша көлік шақырады. Сәлден соң ол «Универмаг» аялдамасына жақын жерге келген көлікке отырып кетеді.
«Көліктің ішінде тағы бір ер адам отырды. Мен оны жолаушы шығар деп ойладым», – деп еске алады зәбір көрген қыз.
Жолда біраз уақыттан кейін жүргізуші бірден бағытты өзгертіп, есіктерді құлыптап, қаланың сыртына шығып кетеді. Жүргізуші көлікті тоқтатып, өзі сыртқа шыққан соң қызға алдында отырған ер адам бас салады.
«Ол мен айқайлап, қарсылық көрсетпеуім үшін қылқындыра бастады», – дейді қыз өзіне жасалған зорлық әрекеті туралы.
Бұдан кейін зорлық әрекеттерін такси жүргізушісі жалғастырған. Екі ер адам әрекеттерін тоқтатпай, қызды «Құс фабрикасы» ауданындағы үйге апарып, қайта қорлай бастайды. Таңертеңгісін олар қызды жалдап тұратын пәтеріне әкеліп, көшеге тастап кеткен.
Жәбірленуші бірден полицияға хабар берген.
Қыздың айтуынша, полицейлер қылмыскерлерді сол күні-ақ телефон нөмірлері арқылы анықтаған. Оларды полицияға жеткізген соң, күдіктілер алғашқы жауап алуда қылмыстарын мойындаған. 27 тамызда күдіктілер қамауға алынған.
Сотта зәбір көрген қыздың – колледждің 3-курс студентінің мүддесін адвокат Мереке Ғабдуалиева қорғайды.
«Бұл адамдар өмірімнің астаң-кестеңін шығарды, денсаулығым қатты зардап шекті, ары қарай өмір сүргім келмейді. Бірақ мен үнсіз қалғым келмейді, өйткені көптеген қыздар өздеріне жасалған осындай зорлық-зомбылық туралы үндемегендіктен, мұндай қылмыстар қайталана береді. Зорлық жасағандар маған полиция арқылы ақша ұсынғысы келді, бірақ мен бас тарттым. Бұл оқиғаны барлығы естісін, мен олардың заң бойынша жазаға тартылғанын қалаймын», – дейді қыз.
Тергеу жүріп жатқан уақытта жәбірленуші суицидке жол беріп алмасы үшін психологтің бақылауында болды.