Қызғыш құстай қорға балапаныңды!

Небір зұлымдықты естігенде пенде біткен ес кетіп, есеңгіреп қалғанымен, аспан айналып жерге түспейді. Жер де өз бағытынан ауытқымайды. Табиғи апаттың жөні бөлек. Әрине, ол туралы әлдене айтудың өзі артық. Мұнда адам қолымен жасалған зұлымдыққа, әсіресе, бейкүнә балаларға жасалған қасақана қастандыққа қайтсе тосқауыл қоюға болады? Жуырда ғана Сәтбаев қаласында шау тартқан шалдың бес жасар бүлдіршінді ұрлап, зорлағаны талайдың төзімін тас-талқан етіп, жаға ұстатты. Аталмыш қала тұрғындары ашуға булығып, күдікті ұсталған үйдің алдын таңға торып, педофилді халықтың табанына таптатып, жазасын өздері беруді талап еткен. Иә, қызғыш құстай балапанын қорғаған қала халқының ашуға булығатын жөні бар. Дәл осындай зорлық жағдайы дәл осы қалада осыдан үш жыл бұрын елуді еңсерген еркектің қолымен жасалған екен.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Бала өмірін қор қылған жауыздыққа қандай шара сеп? Бүршігін жаңа жарған жауқазын гүлдің өскінін күн көзіне сүйдірмей, бұлақ суынан қандырмай сабағынан солдыру нендей қатыгездіктің шегі? Бейкүнә баланың табанынан таспа тілгендей тағдырын талқандап, бала жүрегіне жүк артудан қалай ләззат алуға болады? Ессіз һәм есер педофилдердің көзін қайтсе жоюға болады? Олар қайдан шығады, бұл халге қалай душар болады? Олар кім? Бұл жауыздық олардың бойына қалай пайда болды?

Жауап іздеп көрелік…
«Педо» – бала, «филия» – әуестік, махаббат деп аударылады, яғни балаларға ауатын адамның жыныстық құштарлығы, ауытқудың бір түрі деп есептеледі. Бұл құмарлық екіге бөлінеді екен. Бірінде шынайы жыныстық әуестік тек балаларға болса, екіншісінде алмастырушылық жыныстық жетілген партнердің жоқ болуынан туындайтын сорақы жағдай. Балаларды зорлағандардың 30 пайызы – отбасының бір мүшесі, яғни өгей әкесі, атасы, ағасы және тағы басқа туған-туыстары болып шығады.
Кез келген ересек бала болып, доп қуып, асық ойнап, мейірімге толы анасының ақ сүтін еміп өсті ғой. Бейкүнә балаларға жыныстық қорлық көрсететін адамдардың көбі өздері де кішкентай кезінде зорлыққа ұшырағандар деп жатады. Мақұл, ана құшағын көрмей, әлдебір зәбір, жетіспеушіліктің жетегінде жетілген күннің өзінде де соншалық қатыгездікті бойына дарыту, сыйдырып ғұмыр кешудің өзі қауіпті. Кейбірі психикалық ауытқудың салдарынан осы әрекетке барады делік. Күйзеліске түсіп, рухани дертінен арыла алмай жүргендер де осындай жиіркенішті қадам жасайды екен. Бұл – мамандардың талдап, зерттеуі бойынша алынған нәтиже.
Педофилдердің өзі перзент сүйіп, іні-қарындастарына сүйеу, қамқор болды дегенге де сену қиын. Сенгің де келмейді. Олар мүлде безбүйрек басқа, жат, бөтен әлемнен елге енген зауал іспетті.
Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, ең алдымен педофилдің жасы 16-дан төмен болмайды, ал оның құрбаны одан 5 жас кішкентай болуы тиіс екен. Ал зорлық құрбаны болған адамның жасы 13-тен жоғары болмайды. Көп жағдайда педофил өз құрбанына ең кемі жарты жыл уақыт қызығушылық танытып, онымен жақындасуға тырысады. Олар таңдаған құрбанын басында тек сылап-сипап, одан кейін сыйлықтар беріп, өзіне бауыр бастырып, балалармен эмоционалды түрде байланыс орнатады. Әбден сенімге кірген соң барып, арам ойын іске асырады. Статистикалық мәлімет бойынша балаларды зорлағандардың 30 пайызы – отбасының бір мүшесі, яғни өгей әкесі, атасы, ағасы және тағы да басқа туған-туысы. Олар көп жағдайда қылмысқа суық ақылмен келіп, өз құрбанын жақсы таниды. Отбасымен тығыз араласып, жылдар бойы балаға қамқорлық танытқансып жүреді. Мамандардың айтуынша, педофилдер әдетте үйінде ата-ана жылуын сезінбейтін, эмоционалды қолдауға зәру балаларды таңдап, өзінің арам ойын іске асыруды ғана ойлайды.
Кейбір жағдайда педофил толық емес отбасыларды нысанаға алады. Себебі ондай үйлерде балаға толық бақылау болмайтынын жақсы біледі. Өз құрбанының анасы немесе әкесі жұмыста болған уақытта баласына қарайтынын айтып, балажан секілді көрінгісі келеді. Жақын таныстардың немесе отбасы мүшесінің баланы қорқытып-үркітіп, біраз уақыт бойы зорлап келген мысалдардың көп кездесетіні бар.

Патологияның себеп-салдары
Ең өкініштісі, көбіне педофилдерден көрген зорлығын жас бала ешкімге айтпай, құпия сақтайды. Біріншіден, бала психологиясы үрейден тұншығып қалады. Оның үстіне арам ойын іске асырушы баланы жай жібере салмайтыны анық. Қорқытып-үркітіп тастайды. Кейде олар қандай зәбір көрсе де, өзін ғана кінәлі сезінеді. Баланың аты – бала. Ата-анасына айтуға қорқады. Сөйтіп, небір бала тәніне жасалған қорлық жасырын қалады. Бұл күнде әлеуметтік желіде #Менайтуғақорықпаймын хештегімен бала кезінде бастан өткерген оқиғасын жазғандардың 70 пайызы – арада неше он жылдық өтсе де, жабулы қазан жабулы күйінде ешкімге тіс жармағандар. Олардың бойында сол сәттегі үрей мәңгіге қалып қойған. Зиянкестер сөйтіп заң алдында жазаланбай кетті.
Мамандар МРТ арқылы педофилдерден сексуалды патологияны анықтапты. Педофилдердің кейбірінде психосоматикалық ерекшелік кездесетінін айтады. Олардың ақыл-ой даму коэффициенті орташа көрсеткіштен сегіз сатыға төмен болады. Зерттеушілердің мәліметінше, педофилдің интеллектуалдық деңгейі оның құрбанының жасымен байланысты болады. Педофилдің интеллектуалдық деңгейі төмен болған сайын оның құрбандары да жасара береді екен. Бүгінде көп әйелдер айына толмай ерте босанып қалады. Ондай жағдайда баланың орталық жүйке жүйесі бұзылады. Мұның барлығы баланың ойлау қабілетіне, ақылына нұқсан келтіреді. Осылайша, адамда балаға деген әуестік пайда болады. Психиатрияда «инфантилизм» деген термин адамның ойлау қабілеті өз жасынан төмен болатынын көрсеткен. Әйелдің жүкті кезінде ауруы, ыспен улануы немесе екіқабат кезде ішуге тыйым салынған дәрілерді ішіп қоюы әсер етеді. Бұрын қазіргідей ажырасу, ерте жастан жүкті болу секілді жағдай көп болмайтын. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, ашық-шашық жүретіндердің көбейгені адам психикасына әсер етпей қоймайды. Телефоннан қалаған уақытта ұятсыз сайттарға кіруге болады. Мұның барлығы адамның азғындауына алып келеді.

Жылдар тізбегіндегі мәңгілік мұң
Бір таныс қыз мектепті, соңыра универді қызыл дипломмен тәмамдады. Ақылына көркі сай, бір көрген жан көркіне тәнті болып, ұнатып қалатындай әсем еді. Алайда бірде-бір ер баламен кездеспеді, сөз байласпады. Ер азаматты жақындатпаған күйі биыл қырықтың бесеуіне шықты. Көрген жерден тұрмыс құру, сәби сүю, отбасы бақыты туралы әңгіме айта қалсақ, қос қолымен құлағын басып қаша жөнеледі.
Бірде екеуміз оңаша қалдық. Оған жаным ашитынын айтып, жалғыздықтың құдайға ғана жарасатынын сөз етіп, «ештен кеш жақсы» екенін ескертіп, көңіліне келетін сөз айттым. Басында өзіне жалғыздық ұнайтынын айтып, міз бақпаған ол әрнені бір сылтауратып отырып, кенет жылап жіберді. Онға толар-толмас жасында ойнап жүрген жерінен нағашы ағасы балмұздақ әпермекке ертіп кетіп, сан жылдар өтсе де, жанына жазылмас жара сыйлап, сол күні арын таптап, әлдекімге айтса аямайтынын жеткізген екен. Сол күннен кейін ер азамат атаулыдан зәре-құты қалмай қорқатын болып қалған. Неше жыл бойы жүрегіне мұң болып қатқан жара сол күні көз жасына айналып төгіле берді, төгіле берді.
Бірде балаларды түзету мекемесіне бардым. Ондағы балғын мүсін жеткіншектермен сөйлестім. Сонда небәрі 12-14 жасынан бастап тәнін саудалаған жезөкше қыздармен сөйлестім. Солардың 80 пайызы зорланғанын айтты. Бірін өгей әкесі, екіншісін туысы, үшіншісін саябақтағы бөтен ағай масқаралапты. Ол қыздар ешкімге айтпай, алқымынан алған өміріне үнсіз көндіккенін жеткізді. Олардың бірінің ата-анасы ащы суға салынып, қызын қорғауға санасы жетпесе, екіншісі анасының қаталдығынан айтуға қорқып, өзін кінәлі сезініп, тіс жармаған. Тұлымшағы желбіреген қылықтылардың он екіде бір гүлі ашылмай жатып осылай солып қалған екен. Негізі кейбірі тіпті бұл зорлық-зомбылықтың заңсыздық екенін де, бұл нәрсеге тиесілі заң бар екенін де түсінбеген. Қорланған тағдырына мойынсұнған һәм бүлініп, тас-талқаны шыққан арын сатып, ақша табуды көздеп қана күнелткендерін жеткізді.
«Педофилге кешірім болмасын» дейді ішкі түйсік. Баладан садаға кеткірлердің санасын емдеп, ел қатарына қосқанша, заң жүзінде тынысын бітей салғанымыз оңайырақ шығар. Бірақ «өлім жазасы – педофил үшін тым оңай олжа» деген пікір де қылаң берді. Ой сан алуан. Осы орайда танымал заңгер Абзал Құспан педофилияға қатысты өз ойын білдірген еді.
– Өлім жазасына қарсымын, себеп – басқа саланы білмесем де, ҚҚ жүйесінде дилетанттар жетіп артылады. Оның үстіне соңғы кезде жаппай орын алған заңгер мамандығына кез келген жерде, кез келген ЖОО-да дайындай беру де бүгіндері өз жемісін беруде. Байыптылық керек. Жалпы адам тағдыры таразыға салынар тұста дүрмекке еруге, эмоцияға бой алдыруға болмайды. Құқық ғылымы адамзат тарихындағы ең алғашқы ғылымдар қатарына жатады. Ол одан бері дамыды, жетілді, кемелденді. Сондықтан заңға өзгеріс енгізуде, ең бірінші, ғылыми негіздеме басшылыққа алынуы тиіс. Қылмыс – адамзат жаралғалы пайда болған құбылыс, қияметке дейін жалғасады деп ойлаймын. Азаюы, көбеюі мүмкін, бірақ біржола жойылмайды-ау. Құранда да, Библияда да Адам ата мен Хауа анадан туған ағайынды Әбіл мен Қабыл бір-бірін өлтіреді емес пе?! Сондықтан ату жазасы енгізілсе, қылмыс тоқтап қалады деудің қисыны жоқ. Әдетте қылмыскер Қылмыстық кодексті ашып «мен ұсталып қалсам, қандай жаза күтіп тұр, одан қалай құтыламын?» деп отырмайды. Барлық қылмыскерге тән ортақ нәрсе – өздерін ешқашан ұстатпайтын Фантомас сезінетіндері. Әйтпесе, қазіргі өзгеріс бойынша ең кемі 10 жыл айрықша (особый) режимге сотталу мен кастрацияға ешқайсысы қуана қоймасы анық. Мен педофилия елде көбейіп кетті деген пікірмен әзірге келіспеймін, себебі еш жерден нақты дәлел-дәйек көре қоймадым. ХХІ ғасыр – ақпарат заманы, бұрын естіле бермейтін жаманат хабар қазір сәуле жылдамдығынан тез таралады. Педофил – бірінші кезекте ауру адам, сосын барып қылмыскер. Сондықтан кез келген ауруды емдегендей оны емдеп, сосын жазасын беру керек, оның ішіне, әрине, кастрация да кіреді, – деп жауап берген.
Күннің сәулесі мен гүлдің жұпарынан шаттанып, дала төсінде алшаңдай басып, ертегіге сенген ойын баласының арманының тас-талқанын шығарғандар жердің төсін талтаңдап баспай-ақ қойсын. Қандай жаза болса да күн нұрына тұсауын кестіріп, айдың тұнығына шомылдырған көз қуанышымыздың бір күрсінісіне де татымайтын тіршілік қой бұл!

Comments (0)
Add Comment