«Қызғылт қазан»: қатерлі дертпен күресушілерге қолдау

Қазан айы бүкіл әлем бойынша, соның ішінде Қазақстанда әйелдер денсаулығын қорғау мен сүт безі обыры туралы хабардарлықты арттыру айы болып саналады. Осыған орай Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында «Қызғылт қазан» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Айша Молдашева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, Паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина және «Амазонка» онкологиялық науқастарды қолдау қорының директоры Анжелика Сарьян қатысып, тұрғындарға өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.
Акция аясында ұйымдастырылған интерактивті аймақтарда онкологтар мен маммологтар қала тұрғындарына аурудың белгілері мен алдын алу шаралары туралы кеңес беріп, тұрақты медициналық тексерудің маңызын түсіндірді.
Ресми бөлімнен кейін акция қатысушылары жүгіру жарысына қатысып, аспанға қызғылт түсті шарлар ұшырды. Бұл шара обыр дертімен күресіп жүрген әйелдерге үміт пен қолдау білдірудің белгісі ретінде ұйымдастырылды. Акцияның соңы көтеріңкі көңіл күй сыйлаған «Қызғылт толқын» флешмобымен қорытындыланды.
Жалпы, мамандардың айтуы бойынша жыл сайын елімізде сүт безі обырының 5 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталады. Бұл дерттің таралуы өңірлерде де өзекті мәселе болып отыр. Мәселен, Жамбыл облысында жыл сайын шамамен 200-ге жуық әйел осы диагнозбен диспансерлік есепке алынады екен. 2021 жылы 170 жаңа жағдай тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 206-ға дейін өскен. Өкінішке қарай, жыл сайын 55-60 әйел осы дерттің салдарынан көз жұмады. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысында сүт безі обыры диагнозымен 2 007 әйел есепте тұр екен. Оның ішінде алғаш рет тіркелгендер саны – 173.
Дәрігерлердің пікіріне сүйенсек, ауруды ерте сатысында анықтаған жағдайда ем нәтижелілігі 80-90 пайызға жетеді екен. Ал 2024 жылы облыс бойынша 40 074 әйел скринингтік тексеруден өтіп, бұл облыстағы әйелдердің 82,2 пайызын құраған. Нәтижесінде 45 жаңа жағдай тіркеліп, олардың 21-і аурудың бастапқы сатысында анықталған. Сонымен қатар 8 380 әйелде сүт безінің әртүрлі патологиялары анықталған. Бұл – тексерілгендердің 20,9 пайызына тең.
Қазақстанда 2009 жылдан бері 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерге екі жылда бір рет скринингтік маммография жүргізіледі. 2025 жылдан бастап жас шегі 76 жасқа дейін кеңейтіліп, скринингтік тексерулер барлық әйелдерге қолжетімді болмақ.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment