Алматылық Мақпал Нұрлан үш ай бұрын босанған қызының ұл емес екенін әлі дәлелдей алмай жүр. Қалалық нөмері үшінші перзентхана аталып кеткен перинаталдық орталық дәрігерлері қыз болып дүниеге келген медициналық туу туралы куәлігіне сәбидің жынысын «ұл» деп жазып жіберіпті. Есімін Ажар деп қойған нәрестесінің дүние есігін ашқанына біраз уақыт өтсе де, әлі ешқандай құжаты жоқ. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме беріп хабарлайды.
Мақпал Нұрлан көп балалы ана. 29 қыркүйек күні қалалық перинаталдық орталықта бесінші сәбиін босанған ол күтпеген кедергіге тап болған.
“Өзі қыз, құжат бойынша ұл. Бізге өзгертіп бере алмай жатыр. Туу туралы куәлігі жоқ баламның әлі. Екі жарым ай болды сол қателесіп бізде әлі құжат жоқ. Азан шақырып Ажар деп ат қойдық, бірақ туу туралы куәлігі жоқ баламның әлі. Соны өзгертіп бере алмай жатыр. Бір жарым айда өзгертіп береміз деп айтқан”, – дейді анасы Мақпал Нұрлан.
Қазақстанда қағазсыз ештеңе бітпейтінін айтқан Мақпалдың жолдасы Ұларбек Омар перзентханадағылардың адаммен қарым-қатынасы да көңіл көншітпейді дейді. Орталыққа қанша рет келгенімен жөні дұрыс жауап та ала алмапты.
“Азаматтығымыз бар, ЗАГС-ымыз бар. Толыққанды ҚР азаматымыз. Екі жарым айдан бері осы. Туу куәлікті бермей жатыр. Қайда барсаңдар онда барыңдар деп бізге дұрыстап жауап бермей тұр”, – дейді баланың әкесі Ұларбек Омар.
Ал перинаталдық орталығындағылар баланың жынысын жаңсақ жазғандарын мойындап отыр. Бірақ бұл дәрігер қателігі емес дейді.
“Бұл қателік дәрігер салғырттығына да, дәрігер қателігіне де жатпайды. Бірақ ақпараттық жүйеге сәби туралы ақпарды енгізген кезде оператор бала жынысын жаңсақ жазған. Біз бұл қателікті бірден байқадық. Бірақ барлық ақпараттық жүйе бір-бірімен байланыста болғандықтан оны сол жерде жөндей алмадық. Біз алгоритм бойынша өзімізден жоғары тұрған мекемеге хат жаздық”, – дейді Алматы қалалық перинаталдық орталық директорының орынбасары Салтанат Ерболатова.
Қателікті түзету үшін қалалық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдаған перинаталдық орталықтағылар олқылық жуық арада түзеледі деп сендірді. Ал сәбидің ата-анасы құжат қолына тисе сотқа жүгіріп ешкімді мазаламаймыз деп тарқасты.