«Жасыл Ел-Тараз» кәсіпорны жыл сайын облыс орталығын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарады. Көшеден қолына сыпырғы, күрек ұстаған тазалық жанашырларын күнделікті көреміз. Жұмысшылар көбінесе шаң-тозаңда, шақырайған күннің, шытынаған аяздың астында жұмыс істейді. Ауа райының қолайсыздығына да қарамайды. Өйткенi олар қала тазалығына жауапты екенін сезінеді.
Зере ҚУАНЫШ Суреттерді түсірген Ю.ЕФИМОВ
Негізі «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС 1998 жылы «Жасыл Тараз» мамандырылған кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын» ретінде тіркелген. Қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылуына байланысты 2012 жылы орта бизнес субъектісі ретінде тіркелген. Бүгінгі таңда «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарғылық капиталында 100 пайыз мемлекеттік қатысу үлесімен серіктестік «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жасыл Тараз» мамандырылған кәсіпорын» ШЖҚ МКК-нің барлық, соның ішінде даулы да, құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып табылады және жалғыз қатысушысы ретінде «Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі» КММ саналады. Жалпы мекеменің қызметіне қалалық полигонға техникалық қызмет көрсету, қатты қалдықтарды қалалық полигонға көму және сақтау, шаһар көшелерін, тротуарларды жазда, қыста жолдарды күтіп ұстау, саябақтарды, көгалдар (газон) мен алаңдарды күтіп ұстау, стихиялық күл-қоқысты жою жұмыстары (тиеу, техникамен шығару), тұрғын үй ғимараттарына, кәсіпорындарға және жеке тұлғаларға коммуналдық қатты қалдықтарды шығару бойынша қызметтер кіреді. Сондай-ақ қаланы абаттандыру (кішігірім сәулеттік нысандарды, орындықтарды, есіктерді жөндеу және орнату), көгалдандыру (жасыл алаңдарды сатып алу және өсіру, отырғызу және күтіп ұстау, әртүрлі ағаш егу, гүл егу және күтім жұмыстарын жүргізу), жолдарды жуу, жасыл алаңдарды суару, көшелерді, саябақтарды, қоқыс тастайтын жерлерді тазарту да мекеменің құзырында.
– Бүгінгі таңда «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-де 427 адам қызмет етсе, оның ішінде ИТҚ – 54 адам, жұмысшы –169 адам, келісімшарт бойынша 204 адам қызмет етсе, қоғамдық жұмысшылар саны – 203 адам. Біздің жұмысшыларымыздың еңбектері адал. Жанға бататыны – тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Менің ойымша, адал еңбекпен тапқан наннан қадірлі не бар?! Біздің жұмысшыларымыздың жүрмейтін жері жоқ. Жауын-шашын, төтенше жағдай болғанда да, техникамызбен аяқтан тік тұрамыз. Соңғы кезде қаламыз көркейіп келеді. Таразда ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Осыдан он жыл бұрынғы Тараз бен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Өйткені қала көркі ол кездегіден әлдеқайда көркейгені байқалады. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі зор, – дейді мекеме басшысы Талғат Зауырбеков.
Әлемді шарпыған пандемия мекеменің жұмысын қиындата түскені белгілі. Себебі көктем-күз айларындағы үш айлық сенбіліктер болмай, шаһардың тазалығы толық серіктестіктің жауапкершілігіне өткен. Қылышын сүйреп келген қыс та қытымыр мінез танытуын қояр емес. Мекемеде ауа райының күрт сууына байланысты екі ауысымды жұмыс кестесі бекітіліпті.
– Біздің мекеменің жұмысшылары күннің райына қарамастан, диспетчерлік қызметке апатты көше туралы хабарлама келсе, көше тазалау болмаса, көшедегі мұзды ою туралы тапсырма түссе, лезде техникамен барады. Әкімдікпен 88 көшенің тізімі бекітілген. Көшелердің жалпы ұзындығы 289 шақырым болса, тазалау аймағы 2,692 миллион шаршы шақырымды құрайды. Сонымен қатар 749,128 мың шаршы метр жаяу жүргіншілерге арналған жол да бар. Бұл тек қала ішіндегі жолдардың жағдайы. Жалпы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа мекемені қолдап жатқаны үшін алғыс білдіреміз, – дейді мекеме басшысы.
Серіктестіктің теңгеріміндегі техника бірлігі 102 бірлікті құрайды. Оның ішінде күрделі жөндеуде 12 бірлік техника бар. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша 2018 жылы 22 бірлік арнайы техника сатып алыныпты.
Жалпы мекеменің тыныс-тіршілігімен танысу барысында газет журналистері серіктестіктің инженері Жасталап Дәулетбековпен шаһар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімізбен көрдік. Алдымен Саңырақ батыр көшесінің бойындағы сквердегі атқарылған жұмыстардың барысын байқадық. Бірнеше жыл бұрын Саңырақ батыр мен Тәуке хан көшесінің қиылысы мен «Зеленый ковер» аймағы көлік базарына айналып, жабайы сауданың отаны болатын. Ал бүгінде тап-таза, асфальтталып, Саңырақ батырдың монументі қойылған жолдың жиегі көздің жауын алады. «Кез келген аймақты, ауланы, скверді, саябақты күтіп ұстасаң, уақтылы суарып, тал-дарақтарды жайнатып егуге болады. Тек сол аумақта арнайы суаратын скважина болса болды. Бұл скверге де арнайы суару скважинасын орнаттық. Күтіп, баптап ұстау тек мекеме жұмысшыларына ғана керек емес. Әр тұрғын жауапкершілікті сезіну керек», – дейді инженер.
Мұндай абаттандыру жұмыстары «Химпоселек» аймағы мен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің маңында да жасалған. Сонымен қатар Ниетқалиев көшесінің бойында 550 метрге жалғасқан заманауи скверде де мекеме қызметкерлерінің қолтаңбасы бар. Мұнда жасыл желек отырғызылып, орындықтар орнатылып, демалушыларға арнайы жағдай жасалған. Сонымен қатар мекемеде қаланы гүлмен қамтамасыз ету мақсатында арнайы өндірістік база қалыптасыпты.
– Біздің қарамағымызда 11 жылыжай бар, оның ішінде ең ұзыны мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда жылыжайда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келер жылға қажетті жабдықтардың барлығын алып қойдық. Оның ішінде көшеттер мен гүлдерді егіп, өсіруге арналған кассеттер, 1,8 млн тұқым алынды. Одан кем дегенде 1,5 млн гүл аламыз. Әл-Фараби мен Исатай батыр көшесінің қиылысында орналасқан жылыжайдың ішкі температурасы қатты аяз күндерінде де бір қалыпты сақтап тұрады. Осында қала бойынша отырғызылған гүлзарларды көруге болады, – дейді мекеменің агрономы Жасұлан Молдабаев.
Кәсіпорынның басты және ең қиын міндеттерінің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және сақтау. Әрине, бұл жұмыспен «Сұлтанқазы», «Нұрлы-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен қатар «Махмудов Т.», «Сәрсенбай», «Баймұханбетов» жеке кәсіпкерлігі де айналысады, бірақ негізгі жұмысты «Жасыл Ел -Тараз» ЖШС атқарады.
– Қоқыс шығару орны Тараз қаласынан 18 шақырым жерде Жамбыл ауданы аумағында орналасқан. Қазіргі таңда қоқыс шығару алаңына мекеме өз қаражатымен электр қуатын іске қосты. Бүгінде жұмысшылар екі ауысымда жұмыс істеп, күніне 90-120 рейс күл-қоқысты сол жаққа шығарады. Бізден басқа мекемелер де қоқыстарын сонда тастайды. Бұл тұста айта кететін мәселе, қоқысқа апаратын жол аса күрделі жөндеуді қажет етеді. Шұңқыр жолдар мен ойықтар техниканың тез бұзылуына әкеліп соғуда. Ал техниканы алудың өзі үлкен қаражатты қажет етеді. Шамамен жолды жөндеу үшін 150 млн теңге қаржы қажет. Егер бюджет ақша бөлсе, көктем айларында жол жөндеуді жоспарлап отырмыз. Тұрмыстық қоқыстарды реттейтін зауыттың керектігі – жыл сайын көтерілетін мәселе. Егер арнайы қоқыс өңдейтін зауыт жұмыс істесе, біраз мәселенің күрмеуі шешілер еді, – дейді серіктестік басшысы.
нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Бұл тек сала мамандарының ғана тілегі емес, жалпы тұрғындардың назы. Ал күндіз-түні бір тынбай еңбек етіп жүрген сала мамандарының жұмысына табыс тілейміз.