Алдағы қысқа әзірлік барысы қандай? Тараз қалалық мәслихатының бір топ депутаттары облыс орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралап, осы мәселені зерделеді.
Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Юрий ЕФИМОВ
Алдағы сессияда «Қала объектілерін жылу беру маусымына дайындау барысы туралы» мәселені қарауға әзірлеу мақсатында құрылған уақытша комиссияның құрамындағы қалалық мәслихат депутаттары Нариман Мәуленов пен Марат Смаилов, Жанар Орынбаева, Жұмабек Бөлекбаев нысандардың дайындығымен танысты. Халық қалаулылары алдымен Сыпатай батыр көшесіндегі «Таразэнергоорталығына» көтерілді. Шаһардың басым бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған мекеме толығымен қыстың қамын жазда сайлап қойыпты.
– Біз қысқа толықтай дайынбыз. Жаз айларында жүргізілген күрделі жөндеудің арқасында қазандықтарды толығымен іске қосуға болады. Сондай-ақ басты қазандық құрылғылары да ауыстырылды. Қазандықта ауысым бойынша 50-ден астам адам қызмет атқарады. Жартылай автоматтандырылған қазандықтың басым бөлігі көгілдір отынмен жанады. Магистральды жолдарда авариялық жағдай туындаған жағдайда мазутты қолданамыз. Мазуттың көлемі де қыстан шығуға толық жетеді, – деді «Таразэнергоорталық» АҚ-ның президенті Әбутәліп Серікбаев.
Дегенмен жаздыгүні қалада ыстық судың болмауы – жылда көтерілетін мәселе. Бұл сауалды депутат Жанар Рымбекқызы қойды.
– «Таразтрансэнерго» мекемесі жазда қала тұрғындарын ыстық сусыз қалдырды. Не себеп? Тіпті Алматы, Астана қалаларында 4 күн ыстық су болмаса, халық наразылық танытады. Ал қалада айлап ыстық сусыз отырған халықтың шыдамы таусылды. Сіздер орталық көшелерді күрделі жөндеуден өткіземіз деп тұрғындарды ыстық сусыз қалдырсаңыздар түсінікті, ал мөлтек аудандар ше? Олар жөндеу жұмыстарының зардабын неге тарту керек? Қалталарыңызға артық шығын түспес үшін халықтың мүддесінен мекеменің мүддесін жоғары қоясыздар. Сол арқылы сіздер өзге мекемелерді де шығынға ұшыратып отырсыздар, – деді халық қалаулысы.
Бұл ескертулерді «Таразтрансэнерго» АҚ қаперіне алатындықтарын айтып, әңгімені басқа арнаға бұрып әкетті. Комиссия мүшелері бұдан кейін «Жамбыл-Жылу» МКК-нің РК-1 қазандығына ат басын бұрды.
– Қала бойынша 43 қазандық бар. 39 қазандық табиғи газбен, 4 қазандық көмірмен жұмыс істейді. 2020-2021 жылу маусымына қазандықтардың жылу жүйелерін жөндеу үшін жалпы сомасы 160,76 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалып, жөндеу толығымен аяқталды. Келер жылда «Қаратау», «Қарасу», «Массив Қарасу» шағын аудандарын үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында қуаттылығы 6 МВт болатын германиялық «Viessmann» маркалы қазаны сатып алынып орнатылуда. Қазандықтың қосымша қондырғыларының келу уақытына байланысты толық орындалу мерзімі қазан айына жоспарланып отыр. Жылыту маусымына уақтылы қосыламыз деп отырмыз, – дейді «Жамбыл-Жылу» МКК-нің бас инженері Бөрехан Ниязқұлов.
Қысқы маусымда қала ішіндегі жолдарды күтіп ұстау үшін қажетті инертті материалдарды сақтап, тұз, құм сеуіп, қар тазалайтын «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі де қысқа сақадай сай. Бірақ құм мен тұзды қала ішінде жеткізетін техиканың жайы мәз емес.
– Қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне мекеменің қысқа дайындығы туралы толық мәлімет жіберілген. Серіктестіктің техника базасын нығайту мақсатында өткен жылы техниканың 10 данасы жаңартылған. Бірақ бұл 100 пайыздың тек 40 пайызын ғана құрайды. Мекемеде 60 техника болса, оның ішінде тек 22 данасы ғана қысқа арналған. Қала көшелерін тазалайтын аумақ 1000 км құрайды. Ал біздегі техникамен бірден шаһардың барлық жерін тазалау мүмкін емес, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің бас инженері Талғат Торғаев.
Дегенмен мұнда 500 тонна тұз бен 500 куб құм уақтылы жеткізіліпті. Алдағы уақытта тағы 1700 куб құм мен 700 тонна тұз алынады екен.
Депутаттар №23 орта мектептің сыртқы жылу жүйесін жөндеу, құбырларды орнату жұмыстарының сапасымен танысу мақсатында оқу ордасына қайырылды. Ең алдымен көзге оғаш көрінгені – мектептің сыртқы қоршауының тозығы жеткендігі мен ауладағы жасыл желектің қурап кеткендігі. Бұл орайда мектеп директоры Ардақ Рысбаева: «Мектепке 50 жылдан астам уақыт болған. Жөндеу жұмыстары тек жылу құбырлары бойынша жүргізіліп жатыр. Тіпті мектептің сыртқы фундаментін сылау үшін өз қалтамыздан ақша шығарып отырмыз. Ал ауланы көгалдандыруға келер болсақ, суға айына 900 мың теңге төлегендіктен суаруды тоқтаттық. Оны біздің қалтамыз көтермейді», – деді. Бұл орайда мән-жайды тексерген депутат, «Жамбыл су» мекемесінің директоры Марат Смайлов: «Мекеме 900 мың айына төлем төлегені рас. Бірақ оған қосалқы тұрғын үйлердің қосылуы мен әжетханадағы судың тоқтаусыз аққандығы себеп болған. Мектептен арыз түскендіктен, қажетті жұмыстар атқарылған», – деді. Сондай-ақ мектептің жылыту маусымына арналған құбырларын ауыстырып жатқан мердігер компанияның жұмысы да депутаттар тарапынан сынға ілікті. Олар өз қателіктерін мойындап, жұмысты стандартқа сай тапсыратындықтарын жеткізді. Ал депутат Нариман Мәуленов ауланы көгалдандыру бойынша мектепке қол ұшын беріп, суға арнайы қондырғы (скважина) орнатып беруге уәде етті.
Рейд барысында депутаттар «Самал» мөлтек ауданындағы №№16, 18 үйлердің жөндеу жұмыстарымен де танысты. Жалпы бүгінде қала бойынша 80-ге жуық көпқабатты үйде шатырдан бастап жертөлеге дейін жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Тек санаулы үйлер ғана жылыту маусымына дейін толығымен жөндеуден өтеді. Ал бұл жұмыстардың барлығын қала әкімдігіне қарасты жауапты бөлімдер назарда ұстайды. Алдағы уақытта халық қалаулылары кезекті сессияға дейін тағы да бірқатар нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысын көпшілік алдында жария етіп, сессияда мәселелерді күн тәртібіне шығармақ.