Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен штаб отырысы өтті. Жиынның күн тәртібіне сәйкес әуелі қала әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев қысқы кезеңге дайындық барысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, шаһардағы жылумен қамтамасыз етуші 5 кәсіпорын дайындық бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, тиісті жұмыс жүргізуде.
– Кәсіпорын қазандықтарында негізгі пайдаланылатын отын түрі – табиғи газ. Осыған орай, барлық кәсіпорын газ жеткізу бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖӨФ-мен келісімшартқа отырған. Сонымен қатар олар резервтік отын қорын дайындаған. Атап айтқанда, «Жамбыл-Жылу» МКК-да 10 күнге жетерлік 342 тонна көмір, 390 тонна мазут, «Таразэнергоорталық» АҚ-да резервтік 5 күнге жетерлік 1 865,6 тонна мазут, «Таразтрансэнерго» МКК-да резервтік 5 күнге жетерлік 10 тонна көмір, «София» ЖШС-де резервтік 5 күнге жетерлік 10 тонна көмір, «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ-да резервтік 20 күнге жетерлік 11 993 тонна мазут қоры бар, – деді Ғабит Серғазыұлы.
Бұдан кейін қала әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Асанәлі Түкебаев тұрғын үйлердің, білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова оқу ордаларының жылыту маусымына әзірлігіне кеңінен тоқталды. Айталық, Тараз қаласының әкімдігімен ағымдағы жылдың 13 сәуірінде 28 көппәтерлі тұрғын үйлердің жылумен жабдықтау жүйесінде анықталған ақауларды қалпына келтіру бойынша атқарылатын жұмыстардың Жол картасы бекітілген. Соған сәйкес тұрғын үй қатынастары бөлімі мен «ТаразТрансЭнерго» МКК бірлесіп, 28 үйдің тұрғындарына ортақ мүлікті күтіп ұстауға пәтер иелерінің тікелей жауапты екендігі түсіндіріліпті. Бұдан бөлек зерделеу нәтижесінде 4 проблемалық үй анықталған. Осы үйлердің инженерлік желілеріндегі ақауларды жою бойынша аумақтық округтердің бас инспекторлары мен «ТаразТрансЭнерго» КМК бірлесе отырып, тұрғындармен арнайы жиналыстар өткізілген. Осының нәтижесінде жалпы 32 үйдің 24-і жөнделсе, 8 үй бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Басқосуды қорытындылаған шаһар басшысы жылыту маусымына қамданбаған қапы қалатынын қадап айтты.
– Жылыту маусымының басталуына санаулы күн қалды. Алайда кейбір кәсіпорындар бұған әлі де толығымен дайын емес. Мәселен, шаһардағы 29 мекемеде жауапты маусымға дайындық жұмысы аяқталмаған. Бұл берілген тапсырманың дер кезінде орындалмайтынын көрсетеді. Тағы бір айта кетерлігі, қалада көмір пайдаланатын аумақтар әлі де бар. Алайда осы күнге дейін қатты отын-ның нақты бағасына толыққанды зерделеу жүргізілген жоқ. Ертеңгі күні бұл тұрғындардың наразылығын тудырады. Содан соң бірқатар тұрғын үйлердің жылу жүйесінде орын алған ақаулар да назардан тыс қалмауы керек. Мектеп, балабақша, аурухана секілді бірінші деңгейлі әлеуметтік нысандардың ішкі ауа температурасын ұдайы бақылауда ұстау маңызды. Себебі, қажеттілік туындаған жағдайда ең әуелі аталған нысандарға жылу беріледі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Құрбанәлі Шахабай