Қыруар қаржы қаралғанымен, нәтиже қандай?

Соңғы жылдары Тараз қаласында қаңғыбас иттердің көбейгені тұрғындардың басты алаңдаушылығына айналды. Қала көшелерінде еркін қезіп жүрген иттер жұртшылықтың қауіпсіздігіне де, санитарлық жағдайға да тікелей әсер етуде. Әсіресе, таңертеңгілік мектепке бара жатқан балалар мен кешкі уақытта серуендеп жүрген тұрғындар үшін мұндай жағдай үлкен қауіп туғызатыны жасырын емес.

Әсіресе қаңғыбас иттердің жиі жиналатын жері – көпқабатты үйлердің ауласындағы қоқыс жәшіктерінің маңы. Әдетте олар балаларға үйір келеді. Иесіз күшіктерді бүлдіршіндер қызық көріп, тамақ беріп жатады. Кейде тұрғындардың өзі де тамақ қалдықтарын арнайы контейнерге салмай, «обал болмасын» деп иттердің алдына тастайды. Бірақ күшіктер есейген соң, жағдай күрделене түседі.
Мәселен, өткен жылы «Барысхан» алқабында бір ит мектеп оқушысына шабуыл жасаған. Сол оқиғадан екі-үш күн бұрын Айша бибі ауылында топтасқан қаңғыбас иттер мүмкіндігі шектеулі бір қызды талап тастаған. Зардап шеккен ауыл тұрғыны ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, үйіне қайтарған. Сондай-ақ былтырғы жылы «Шалғай Қарасу» алқабының бір топ тұрғыны күн ұясына батысымен көшеге шығудан қалғандарын айтып, дабыл қаққан болатын.
– Соңғы уақытта қаламызда қаңғыбас иттердің қаптап кетуі бәрімізді алаңдатып отыр. Әсіресе мектеп жасындағы балаларымыздың қауіпсіздігіне деген қорқыныш күннен күнге күшейіп барады. Таңертең мектепке аттанған бүлдіршініміздің жолын қара бұлттай торлаған қаңғыбас иттерден аман жетуін тілеп отырамыз. Балаларымыз сабақтан кейін еркін ойнаудың орнына, жан-жағына үреймен қарап, ит көрсе шошып, қашып жүретін болды. Сондықтан біз тиісті органдардан нақты әрі шұғыл шаралар қабылдауды талап етеміз. Қаңғыбас иттерді бақылаусыз көбейте бермей, заң аясында қауіпсіздік жұмыстарын күшейтіп, мектеп маңын тазарту – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі, – дейті қала тұрғыны Сұңқар Тілеп.
Осы сауал төңірегінде шаһар тұрғындарымен тілдескеімізде басым көпшілігі балаларға күнде қауіп төндіретін қаңғыбас иттердің көзін бір күннің ішінде жойып, тұрғындардың жүрер жолын қатерден құтқарғысы келетінін аңғардық. Дегенмен, жауаптылардың пікірі мүлдем басқа. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергеновтың айтуынша, қаңғыбас иттердің көбеюі көбінесе ит иелерінің жауапсыздығынан орын алады және көшеге бос жіберіп, бақылаусыз шағылысып, елді мекендердегі босқын иттердің санын көбейтуде.

– Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы қабылданып, 2022 жылдың 2 наурызынан күшіне енді. Осы Заңның аясында облыстық мәслихатпен бекітілген «Жамбыл облысы аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» және «Жамбыл облысы аумағында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің» қағидалары қабылданып, қолданысқа енізілді. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жануарлардың иелері иелігіндегі жануарларын ветеринариялық-санитариялық, гигиеналық талаптарды сақтай отырып, асырауға және ұстауға, есепке алуға, уақтылы вакцинация жасатуға, қоршаған ортаның, қоғамдық орындардың ластануына жол бермеуге және тұқым алу қажет болмаса өз қаражатынан үй жануарларына кастрация немесе стерилизация жасатуға міндеттелген, – дейді басқарма өкілі.
Оның айтуынша, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап иелері үй жануарларын, оның ішінде иттер мен мысықтарды тіркеу міндетті. Тіркеу үшін ветеринарлық клиникалар мен мекемелерге жүгінуге тиіс. Чиптер, болюстер немесе басқа сәйкестендіру бұйымдары орнатылғаннан кейін жануар туралы мәліметтер «ITCOR» ақпараттық жүйесіне тегін енгізіледі. Өткен жылы «ITCOR» дерек қорына барлығы 4 111, ал биылғы жылдың 8 айында 5 701 ит тіркелген.
Жалпы қаңғыбас иттерді аулау – адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатердің алдын алу, жануарлар аурулары мен олардың салдарларының алдын алу және жою, халықты адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, қаңғыбас иттердің санын реттеу мақсатында жүзеге асырылады.
– Бүгінгі таңда Сарысу ауданында ауланған иттер тұрақтайтын жеке панажай жұмыс істеуде. Ал Т.Рысқұлов, Шу,Қордай аудандарында аудан әкімдіктері құрылыстарын жүргізіп, аяқталуға жақын қалды. Сонымен бірге Мойынқұм, Жуалы, Байзақ, Жамбыл, Мерке, Талас аудандарында және Тараз қаласында уақытша ұстау орнындары (питомник) қолданысқа берілді, – дейді Т.Қожабергенов.
Көше кезген қарғыбаусыз иттердің көп екенін ескерсек, қазіргі таңда өңірімізде питомниктер санын көбейту маңызды сияқты. Жауаптылардың сөзінше, жеке тұлғалар тарапынан питомниктер салуға ниет білдірушілер болған жағдайда оның құрылысына қойылатын ветеринариялық талаптар бойынша әдістемелік көмек көрсетуге ветеринария басқармасы дайын.
Қаңғыбас иттерді аулаудың да өз заңдылығы бар. Тіпті заң аясында иттерге атыс қаруын қолдану былай тұрсын оларға қатыгездік көрсетуге, жарақаттауға болмайды. Бұл туралы біз тілдескен облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Әсел Қадыр айтты.
– Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңының 10-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға, облыстың елді мекендерінде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру функциясы берілген. Оны облыстың жергілікті атқарушы органдары құрған ветеринариялық ұйымдар мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларға сәйкес келісімшарт бойынша орындайды. Қаңғыбас иттерді аулау гумандық әдістерді, атап айтқанда, құрық және торларды қолдана отырып өткізіледі. Ерекше жағдайларда, егер жануар адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтыру ауруына күдік болса, ұйықтататын препараттар пневматикалық шприцтермен енгізіледі. Атыс қаруларымен иттерді ату жүргізілмейді. Ережеге сәйкес адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, қаңғыбас иттерді аулау кәмелетке толмағандардың көзінше жүргізілмейді. Ит аулаушы бригадаларына қаңғыбас жануарларға қатыгездік көрсетпеу, ауланған иттерді жарақаттануды болдырмайтын жағдайларда тасымалдау жайлы үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ауланған қаңғыбас иттер жаңа иелерін іздеу мақсатында уақытша ұстау орындарында ұсталады. Сұранысқа ие емес жануарлар эфтаназияға жатады және жойылады, өйткені ұзақ мерзімді ұстау үшін бюджеттік қаржыландыру бағдарламалары жоқ,– дейді маман.
Жылда қаңғыбас, иесіз қалған иттер мен мысықтардың көзін жоюға мемлекеттен миллиондап қаржы бөлінеді. Бірақ одан нәтиже шамалы секілді. Мәселен, биыл қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға және жансыздандыруға 30 миллион теңге, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды егу және зарарсыздандыруға 9 миллион 998 мың теңге, уақытша ұстауға 5 миллион теңге, сәйкестендіруге 5 миллион теңге, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіруге 525 мың теңге бөлінген.
Сандарды сөйлетсек, осы жылдың 8 айында «Жамбыл 109» диспетчерлік орталығына түскен 4 098 өтініштер бойынша облыс аумағында 15 998 бас қаңғыбас иттер ауланған. Ал өткен жылы Тараз қаласында 10 414 ит ауланып, жойылған болса биыл 8 009 ит ұсталған. Сонымен бірге 2025 жылдың осы уақытына дейін 507 адам ит пен мысықтан зардап шегіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бұл дегеніміз – жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, қаңғыбас иттердің саны облыс орталығында әлі де азаймай отыр деген сөз.
Мәселенің мәніне үңілсек, бүгінде Тараз қалалық ветеринариялық станциясы жанынан қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау мақсатында үш бригада құрылып, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына сай осы топтар аулау жұмыстарын жүргізуде. Алайда әр бригадада бар-жоғы екі адамнан ғана, яғни барлығы алты қызметкер жұмыс істейді екен. Олардың айлығы 150 мың теңге көлемінде. Ал 400 мыңнан астам тұрғыны бар шаһарда қаңғыбас иттердің көзін жоюға бар болғаны алты адамның күші қалай жетсін?
Жауаптылардың сөзінен білгеніміз, бұралқы иттерге ешқандай қару қолданбай қолмен аулау керек болған соң бұл салада жұмыс істеу өте қиын көрінеді. Кейде ұсталған иттің иесі бар болып, полицейлер қызметкерлердің өзін айыппұлға жығады. Нарық қос бүйірден қысқан қазіргі заманда 150 мың теңгеге жұмыс істеп, оның жартысынан көбін айыппұлға төлейтін болса, мұндай жерде кім жұмыс істегісі келеді? Сондықтан да жұмысқа тұрған азаматтар аз уақыт ғана істеп, мұндай қызметке «рақметін» айтып кете барады екен.
Осы мәселеде қоғам пікірі екіге бөлініп тұрғанын да жасыра алмаймыз. Жұртшылықтың дені қаңғыбас иттерден құтылуды ойласа, кейбір қоғам белсенділері жан-жануарларға жанашырлық танытып, қарсы тарапты мейірімді болуға шақырады.
– Иттен адамға аса үлкен қауіп жоқ. Шетелге шығып қарасаңыздар, жан-жануарларға деген мейірімділікті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жалпы жыл сайын ветеринария басқармасына бөлінетін қаржыға назар аударсаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Бірақ нәтиже көрінбейді. Бұл мәселе тіпті Парламент деңгейіне дейін көтеріліп, «Жануарларды қорғау туралы» заң талқыланып жатыр. Заң аясында иттерді стерилизациядан өткізу көзделген. Мұндай тәжірибе Испания, АҚШ, Үндістан сияқты мемлекеттерде кеңінен қолданылады. Тіпті әлемдегі шағын елдердің бірі – Бутанда бірде-бір қаңғыбас ит жоқ. Әлемдік тәжірибеге көз жүгірткенде, «біздің елде неге қаңғыбас ит көп?» деген заңды сұрақ туады. Менің ойымша, бұл – еліміздегі жемқорлықтың салдары. Себебі мемлекеттен бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлінеді, ол қаражаттардың қандай мақсатқа жұмсалып жатқаны белгісіз. Ал екінші жағынан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз. Қала көшелерінде иелеріне иттеріне ие болу, адамдарға қауіп төндірсе тәртіптік жаза бар екені жөнінде ешқандай ақпараттық жазба жоқ, – дейді тараздық қоғам белсендісі Жанна Папина.
Қорыта айтқанда, бүгінде итті қорғайтын заң бар. Ал адамды кім қорғайды? Әлде міндетті түрде қайғылы жағдай тіркелгеннен кейін ғана шара қолдануымыз керек пе? Әрине барлық іс заң аясында жүргізілгенін құптаймыз. Дегенмен, қаңғыбас иттер мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған өзекті түйткіл екені жасырын емес. Қалай десек те, қазір иесіз иттер баяғыдай мылтықпен қуып жүріп атуға болмайтынын білгендей, қала көшелерінде еркін кезіп, Орталық алаңда алаңсыз ойқастап жүр…

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment