Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысып шықты.
Әуелі шаһар басшысы №27 орта мектепке барды. Қазіргі таңда онда 600 орынды жапсарлас ғимараттың құрылысы жүруде. Білім ордасында мердігер «Тараз Құрылыс Дизайн» ЖШС қазаншұңқыр қазу, қабырғаларын көтеру және шеберхананың кірпішін қалау жұмыстарын аяқтаған. Бұдан бөлек, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, ауланы абаттандыру, жылу, су, кәріз, байланыс желілерін жүргізу, есік-терезелерін орнату, қабырғаларды күшейту, сырлау және қасбетін орнату жұмыстары қарастырылған.
Келесі кезекте қала әкімі «Сұлутөр» алқабындағы кітапхананың ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Өткен жылы Жамбыл ауданынан қала аумағына қосылған бұл алқаптың бұрынғы әкімдік ғимараты кітапхана ретінде қайта жабдықталып, жаңғыртудан өтуде. Құрылыс сапасын жіті тексерген шаһар басшысы мердігерге бірқатар сын-ескертпе айтты.
Содан соң Бақытжан Әмірбекұлы А.Байтұрсынов және Ғ.Лукманов көшелерінің қиылысында салынып жатқан балалар ойын алаңшасымен танысты. Алаңша аумағын аралау барысында қала әкімі мердігер ұйым өкілдерімен және тұрғындармен тілдесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударды. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мұндай нысандардың тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өткен шаһар басшысы алаңшалардың қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуі керектігін қадап айтты.
Шаһар басшысы әрі қарай Абай даңғылында бой көтеріп жатқан көпірге аялдады. Теміржол үстінен өтетін көпірдің ұзындығы 1 шақырымға жуық. Жол өткелі қала орталығын теміржол желісінің арғы бөлігінде орналасқан тұрғын алқаптармен байланыстырып, облыс орталығының транзиттік көлік қозғалысын жеңілдетеді. Құрылысы былтыр басталған нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Б.Орынбеков «Аса» шағынауданындағы №10 тұрғын үйдің маңында орналасқан ойын және шағын футбол алаңшасының сапасын тексерді. Нысанды аралау барысында қала басшысы орнатылған ойын құрылғыларының беріктігіне, алаң жабынының сапасына және қауіпсіздік талаптарының сақталуына айрықша назар аударды. Аталған алаңшалар «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынған.
Сонымен қатар қала әкімі «Бектөбе» алқабындағы мәдениет үйінің жағдайымен де танысты. Нысанды аралау барысында шаһар басшысы ғимараттың қазіргі ахуалына көңіл бөлді. Биыл аталған мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимаратты заман талабына сай жаңғырту жоспарланып отыр.
Содан соң Бақытжан Әмірбекұлы «Отбасын қолдау орталығы» ғимаратының жөндеу жұмыстарын көрді. Қазір «Қаратау» шағынауданы, №39 «А» мекенжайында орналасқан ғимарат толықтай жаңғыртылып, жаңа кейіпке енуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл нысан Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ретінде пайдалануға берілмек. Орталықтың негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға кешенді көмек көрсету, олардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ету.
Қала әкімі осы күні Рысбек батыр, Қолбасшы Қойгелді, А.Асқаров көшелерін жөндеуден өткізу, Қ.Сәтбаев көшесі, №25 үйдің маңындағы балалар ойын алаңшасы мен №54 орта мектептің құрылыс жұмыстарымен танысып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.