«Бақыт, қайда барасың? Ата-анасын сыйлаған, ұйымшылдық ойлаған, тату жерге барамын», – деген екен. Бүгінде берекені бекемдеу бағытында жастардың алатын орыны ерекше. Себебі, жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты, берекелі қоғам құру жолында күш біріктіретін болса, ол елдің еңсесі биік, қоғамы тұрақты болмақ.
Бұл бағытта жамбылдық жастар да белсенді жұмыстар атқаруда. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде студенттік бірлік пен достықтың символына айналар «Алтын шаңырақ» студенттердің кіші ассамблеясының ашылуы осы сөзімізге дәлел,.
Жастар арасындағы этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуды мақсат еткен ұйымның ашылу салтанатында сөз алған университет ректоры Махметғали Сарыбеков студенттік ассамблеяның қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудағы маңыздылығын атап өтті.
– Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі. Біз әрдайым этносаралық татулық пен достықты жоғары қоямыз. Университет қабырғасында ашылған «Алтын шаңырақ» студенттердің кіші ассамблеясы – жас ұрпақтың бірлігін нығайтатын алаң болмақ. Бұл ұйым студенттерді толеранттылыққа, қоғамдық келісім мен патриотизмге баулиды, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.
Сондай-ақ шара барысында Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева студенттік ассамблея Қазақстанда өмір сүретін этнос өкілдерінің салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын құрметтеуге бағытталған бастама екеніне тоқталып, студенттік демократияны дамытудың да оңтайлы тетігіне айналатындығын жеткізді.
– Жамбыл облысы – түрлі этностардың татулықта өмір сүріп жатқан мекен. Бүгінгі студенттік ассамблея – осы тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтудың жарқын көрінісі. Студент жастар үшін мұндай ұйымның ашылуы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейін қалыптастырады, – деді ол.
Сонымен бірге салтанатты жиында өз ойын білдірген «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары, Жамбыл облыстық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Хамида Турдыева да жастар алаңының ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде ол қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған шараларды бірлесе өткізетініне сенім білдіретінін жеткізіп, ұйымның негізгі мақсаты жастарды қоғамдық келісім мен бірлік идеясына ұйыстыру екенін атап өтті.
Жиын барысында жаңадан құрылған «Алтын шаңырақ» студенттердің кіші ассамблеясының төрағасы болып Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының І курс студенті Аяна Ким сайланды.
– Бұл – студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Біз бірлік пен достықты нығайту мақсатында түрлі мәдени-танымдық шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Университет жастарының қоғамдық белсенділігін арттырып, ел болашағына үлес қосуына жағдай жасаймыз. Басты мақсат – студенттер арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту, этносаралық келісімді сақтау, бейбітшілік пен бірлікті дәріптеу және өзге этнос өкілдерінің мәдениетін отанымыздың өмір салтымен ұштастыра отырып патриотизмді қалыптастыру. Ерекше атап өтерлігі, бұл үйім аймағымыздағы жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет біздің университетте ашылып отыр, – деді А.Ким.
Жиын барысында студенттер әртүрлі этностардың мәдениетін насихаттайтын жобалар мен шараларды жүзеге асыруға дайын екендерін білдіріп, студенттік ассамблеяның жемісті жұмыс істеуіне атсалысатындарын жеткізді.
«Алтын шаңырақ» кіші ассамблеясы – жастарды қоғамдық өмірге белсенді түрде тартатын, олардың этномәдени шараларға араласуына мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бұл бастама арқылы студенттер өздерінің көшбасшылық қабілеттерін дамытып, түрлі этнос өкілдерімен тәжірибе алмасуға жол аша алады.
Бибігүл ШАХЗАДА,
«Қоғамдық келісім» КММ Ақпараттық жұмыс және
қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы,
бас сарапшысы