Ғылыми жарияланымдарды қолдау бойынша семинарлар кешені өткізілді

Отандық жоғары білім және ғылым саласында оқытушылар мен ғалымдардың қызметін кешенді бағалау ісінде бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Олардың бірі – рейтингісі жоғары ғылыми басылымдарда мақалалар жариялау мәселесі және ондағы жарияланатын мақалалар көлемін көбейту қажеттілігі болып отыр.

Әсіресе, мұндай мақалалардың тек Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларына енген басылымдарда ғана жариялану маңыздылығы өте жоғары. Бұл мәселенің өзектілігін тиісті ведомстволық орган бекіткен көптеген нормативтік құжаттарда ғалымдар мен оқытушылардың қызметін бағалау барысында арнайы критерий ретінде қарастырылып, есепке алынатынынан байқауға болады. Мәселен, PhD докторанттарының диссертациялық жұмыстарын қорғау үшін, магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік ету үшін, ғылыми жобаларды қаржыландыру конкурстарына қатысуға өтінім беру үшін, қауымдастырылған профессор немесе профессор ғылыми атақтарын алу үшін және т.б. жағдайларда жоғарыда аталған халықаралық дерекқорларға енген ғылыми басылымдарда жарияланған мақалалар міндетті түрде талап етіледі.

Осындай қажеттіліктерді ескере отырып және университет ұжымына қолдау көрсету мақсатында Дулати Университетінің Ғылым және коммерцияландыру департаментінің бастамасымен 2022 жылдың 14-24 ақпан аралығында университетте семинарлар кешені  ұйымдастырылып, өткізілді. Семинарлар білім ордамыздың барлық институттары мен факультеттерінің ұжымдарына жеке-жеке өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – университет ұжымына Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларына енген ғылыми басылымдарда мақала жариялау ерекшеліктерін таныстыру және негізгі тәртіптеріне түсініктеме беру болды.

Әрбір семинар жұмысы Ғылыми зерттеулер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, з.ғ.к., профессор Данияр Нұрмұханбеттің баяндамасымен басталды. Өз сөзінде проректор осындай форматтағы мақалалар жариялау өзектілігі мен қажеттілігін негіздейтін көптеген жағдайлар жөнінде баяндады. Семинар модераторы – Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры, PhD Сейітжан Орынбаев ұжымға семинардың мақсаты мен міндеттерін айқындап, баяндамашыларды таныстырып, сұрақтарға жауап беріп, тиісті түсініктемелер беріп отырды. Семинар жұмысына баяндамашылар ретінде Сейітжан Орынбаев, Кітапханалық-ақпараттық орталығының бөлім басшысы Надежда Рыбалкина, Ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің маманы Нұржан Жоламанов, Ғылыми журналдар редакциясының маманы Ерлан Атенов, «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының доценті Маржан Қалмаханова қатысып, әрқайсысы тақырыптық презентациялар жасады.

Семинар барысында ұжымға университет кітапханасының ғылыми басылымдар қоры, отандық және шетелдік реферативтік дерекқорларға шығу және олармен жұмыс жасау мүмкіндіктері, ғылыми басылымдар іздеу жүйесі таныстырылды. Мақаланы дайындау жөнінде оның құрылымына қойылатын негізгі талаптар мен ерекшеліктер айтылды. Авторлардың ғылыми метрикалық жеке индекстерін алу және халықаралық дерекқорларға тіркелу тәртіптері көрсетілді. Мақаланы басылымға жолдау мен әрі қарай редакциямен байланыс орнату ерекшеліктері түсіндірілді. Хирш индексі туралы түсініктеме беріліп, өзара сілтемелер жасау, оны ресми жоғарылату жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар, семинар барысында ұжымға «Dulaty University Хабаршысы» және «Механика және технологиялар» журналдарына да мақалалар жариялау бойынша қабылданған жаңа талаптар таныстырылды. Бұдан бөлек, шет мемлекеттермен қаржыландырылатын, жуырда жарияланатын ғылыми жобалар конкурстарының талаптары ұсынылды, оларға өтінім беру ерекшеліктері түсіндіріліп, жинақталған тәжірибелер айтылды.

Әр семинардың соңы тыңдаушылар мен баяндамашылар арасындағы сұрақ-жауаптар алмасумен, қосымша түсініктемелер берумен және жеке тәжірибелермен бөлісумен қорытындыланды. Ұсынылған барлық презентациялар мен материалдар университетішілік Public желісіндегі әр институт пен факультеттің папкаларына орналастырылды.

Осылайша университеттің 2 институты мен 5 факультетінің ұжымдарын, сондай-ақ докторанттар мен постдокторанттарды қамтыған семинарлар кешені өз тақырыбы бойынша ұстаздар мен ғалымдарға өзекті әрі нақты ақпараттар беріп, мақсатын толық орындады.

Ендігі кезек – шығармашылық және ғылыми әлеуеті жоғары ұжымымыздың ұстаздары мен ғалымдарының өзекті ізденістерінің нәтижелерін ғылыми мақала форматында дайындау, сонымен қатар оларды Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларына енген ғылыми басылымдарда жариялау жұмыстарын қарқындату ісі тұр. Ендеше, әріптестерімізге сәттілік тілейміз! Ал, өз тарапымыздан осы істе барынша қолдау көрсетінімізді ерекше атап өтеміз.

Ерлан АТЕНОВ

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

Ғылыми журналдар редакциясының маманы       

Comments (0)
Add Comment