«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет.
Әрине, қайырымдылық жасау қызметпен өлшенбейді. Жүрегіне мейірім ұялаған кез келген адам мұндай іске бара алады. Ал қоғамның тыныштығын кірпік қақпай күзетіп, қылмыстың алдын алуда аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлері қысылтаяң сәтте қиналған жанға қол ұшын соза білсе, олардың абыройы аспандай түсері сөзсіз.
Таяуда жұртшылық тараздық құқық қорғаушылардың қайырымды ісіне куә болды. Айталық, патрульдік полиция қызметкерлері әдеттегідей аумаққа бақылау жүргізу барысында жол бойында көмек сұраған азаматтарды байқаған. Тез арада жақындап, жағдай сұрағанда, көлік жолаушысының талмасы (эпилепсия) ұстағаны белгілі болды. Бішкек қаласынан Тараз қаласы арқылы Дағыстанға бағыт алған 39 жастағы ресейлік азаматтың әкесінің көлік ішінде денсаулығы күрт нашарлаған. Полиция қызметкерлері шұғыл түрде науқасқа қажетті алғашқы көмек шараларын жасап, қалалық ауруханаға жеткізіп, дәрігерлерге табыстады.
Жол үстінде кенеттен қысылған қарт әкесіне қайдан көмек сұрарын білмеген азамат полиция қызметкерлерінің дер кезінде жәрдемге келгеніне ризашылығын жеткізіп, алғысын білдірді.
– Мен, шыны керек, полиция қызметкерлерінің әрекетіне таң қалдым. Қазақстандық полицейлердің қарапайым азаматтардың жағдайына бейжай қарамай, адамгершілік жасағанына риза болдым. Дер кезінде көрсеткен алғашқы медициналық көмектерінің арқасында әкемді өлімнен арашалап қалдық десем болады. Алғысым шексіз, – деді Насир Балаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелген. Әрқашан ширақ қимылдап, батыл әрекет жасау – кәсібиліктің белгісі. Олардың жұмысы ауыр әрі қатерлі. Бұл саладағы әрбір маманның қызметі маңызды. Халқымыздың бейбіт өмір сүріп, өз елінің болашағына сеніммен қарауы сіздердің адал қызметтеріңізге байланысты. Жұрт өздеріңізге үміт артады. Қауіпсіздігімізді қорғайды деп сенеді», – деген еді. Осы бір қайырымды ісі арқылы сала мамандарының сенім үдесінен толығымен шығып жүргендерін тағы бір мәрте дәлелдегендей.
Аман ЕСЕН