Құқық қорғау, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет жұмыскерлерінің ант беру қағидаларына өзгеріс енгізілуі мүмкін деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Бас прокуратураның қаулысы Ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, енді аталған қызметтерді атқаратын азаматтар келесі мәтін бойынша ант қабылдайды:
Мен, __________ (тегі, аты, әкесінің аты) Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына, азаматтық қорғау органдарына, мемлекеттік фельдъегерлік қызметіне қызметке кіре отырып:
– өз халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға және өзінің барлық іс-әрекеттерінде заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын ұстануға тиіс;
– өзіме жүктелген міндеттерді адал орындауға және адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау үшін барлық күш-жігер мен білімді жұмсауға;
– моральдық тазалықтың, қарапайымдылықтың үлгісі болуға, өзінің кәсіби абыройын, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органы, азаматтық қорғау органы және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің жоғары атағын қадірлеуге;
– қызметке байланысты қиындықтарға лайықты төтеп беруге ант етемін.
– Антты бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатынын ұғынамын.
Анттың жаңа мәтінін бекіту туралы қаулы 23 тамызға дейін ашық талқылауға шығарылған. Кейін қол қою үшін Президентке жолданады.