400-ден астам салымшы «Лидер», «Алтын Тұмар», «Ұлы болашақ» қаржы пирамидаларына ақша аударған,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, салымшылар 63 миллион теңгеден астам қаржы құйған.
«Агенттіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың қызметін тоқтатты. Орал қаласының екі тұрғыны «Лидер», «Алтын Тұмар» және «Ұлы болашақ» қаржы пирамидаларын ұйымдастырып, оларға азаматтардың қаражатын тартқан. Осылайша, олар WhatsApp желісінде чат құрып, 7 күн ішінде салынған қаражаттан 100% асатын сыйақы алуды ұсынған», – деді департамент өкілі.
Табысқа кенелеміз деген салымшылар ақшаны қолма-қол да берген. Kaspi Gold картаға да аударған.
Тергеу барысында бір салымшыға басқа салымшылардың есебінен шынымен де табыс түскені анықталды. «Лидер», «Алтын Тұмар» және «Ұлы болашақ» қаржы пирамидаларына 435 салымшының 63 миллион теңгеден астам қаражаты тартылған. Пирамиданы ұйымдастырған адамдар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін АҚШ-қа барып, көп ақша табамыз деп алданып қалған жастар туралы жазған болатынбыз.