«VI Үркімбаев оқулары» басталды

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде академик, техника ғылымдарының докторы, профессор Марс Үркімбаевты еске алуға арналған дәстүрлі «VI Үркімбаев оқулары» басталды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға алыс-жақын шет елдердің ғалымдары қатысып, ғылыми жаңалықтарын ортаға салды,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz”ақпарат агенттігі.

Халықаралық конференцияның пленарлық мәжілісінен бұрын Жамбыл облыстық мәлихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков және университет ректоры Талғат Ешенқұлов бастап, факультет декандары мен оқытушылар Марс Фазылұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң конференция қонақтары университет ғалымдарының жетістіктері мен Марс Үркімбаевтың суреті қойылған көрмені тамашалады.

–Ғылыми-практикалық конференцияның көрмесіне «Музыка және қолданбалы өнер», «Дизайн индустриясы» кафедрасындағы студенттердің, профессор оқытушылардың қолөнер бұйымдары қойылды. Ең маңыздысы, мұнда Марс Үркімбаевтың тарихи сәттерінен естелік суреттер мен ғылыми еңбектері  жинадық. Бұл әрине университет және өңір тарихына қажетті құнды дүние,–деді,–  «Музыка және қолданбалы өнер» кафедрасының аға оқытушысы   Нұргүл Көшкінбаева.

Пленарлық мәжілісте Марс Үркімбаев туралы деректі фильм көрсетіліп, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков пен университет ректоры Талғат Ешенқұлов дәстүрлі Үркімбаев оқуларының мән-маңызы жайында кеңінен айтты. Бұдан соң Дулати университетінің профессоры, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, Әбдіманап Әбдікерімұлы Марс Үркімбаевтың ғылыми еңбектеріне тоқталды.

Енді «Zoom» платформасы арқылы қашықтан өтетін конференцияда еліміздің және шетел ғалымдары үш секцияға бөлініп, ауылшаруашылығы, туризм және спортты дамыту, құқықтану, экономика саласына кадрлар даярлау сондай-ақ ғылым-білімді дамыту бағытындағы жобаларымен бөліседі.

Comments (0)
Add Comment