Валюта «алтынға» ауысады ма?

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде теңгенің құнсыздануы мен Қазақстанның жаңа валютасы «алтынға» ауысатыны туралы ақпарат таралып жатыр. Аудиохабарламадағы белгісіз дауыс кезекті рет қазақстандықтарды доллар сатып алуға үгіттеп, қарызға автокөлік, пәтер алуға кеңес береді. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Бүгінгі қаржы нарығындағы ахуал қандай? Мемлекет кімдердің несиелерін тегін жауып береді?

Арайлым Шабденова

Қаржы нарығында өсім бар

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының мәжіліс залында филиал директоры Евгений Шарыгин журналистермен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Алдымен қаржы нарығындағы ахуал жөнінде сөз қозғаған ол облыс бойынша «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы да жан-жақты айтты.
– Еліміз бойынша ағымдағы жылдың маусым айында жылдық инфляция 5,4 пайыз деңгейінде қалыптасты, бұл өткен жылдың деңгейімен (5,9%) салыстырғанда төмен және Ұлттық Банкпен 2019 жылға белгіленген 4-6 пайыз арнаулы дәлізіне сәйкес келеді. Жамбыл облысы бойынша жылдық инфляцияның деңгейі 5,1 пайыз деңгейінде қалыптасты (2018 жылы – 5,8%). Инфляцияның құрылымында еліміз бойынша да және облыс бойынша да азық-түлік тауарлары көп қымбаттады. Облыс бойынша жылдық көрсеткіште 7,7 пайыз (еліміз бойынша – 8,2%), облыс бойынша азық-түлік емес тауарларына және ақылы қызметтерге бағаның жылдық өсімі сәйкесінше 5,9 пайызды құрады. Бүгінде берілген кредиттер көлемінің өсуі жалғасуда. Екінші деңгейдегі банктер филиалдары 2019 жылдың қаңтар-мамырында 85,7 млрд теңге сомасына жаңа кредиттер берген, ол өткен жылмен салыстырғанда 26,4 пайызға көп. 2019 жылғы мамырдың соңында ЕДБ кредиттік қоржыны 205,2 млрд теңгені, сонымен бірге ұлттық валютада берілген кредиттер 204,1 млрд теңгені, шетел валютасында берілген кредиттер 1,1 млрд теңгені құрады, – деді Евгений Шарыгин.
Ал «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері Жамбыл облысының серіктес банктері 2,22 млрд теңге сомасына 310 өтінім қабылдаған. Оның ішінде 1,17 млрд теңге сомасы шамасына 162 өтінім мақұлданып, 993,3 млн теңге сомасына 135 кредит беріліпті.

Кімнің кредитін мемлекет төлейді?

Қазақстан Республикасының Президенті 2019 жылғы 26 маусымда «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» 2019 жылғы 26 маусымдағы №24 Жарлыққа (бұдан әрі – Жарлық) қол қойды, онда үш негізгі бағыт қамтылған. Осы Жарлықты іске асырудың бірінші бағыты екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржылық ұйымдарда азаматтардың жекелеген санаттары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде өтеуді көздейді. Берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауға тиіс.
Ұлттық Банк Үкіметпен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп, белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін адамдар тізбесін қалыптастыру және олардың берешегінің жалпы мөлшерін анықтау бойынша жұмыстарды бастап та кеткен. Үкімет «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ына (Оператор) республикалық бюджеттен нысаналы қаржыландыру бөлетін болады. Бұдан әрі Оператор азаматтардың жекелеген санаттарының кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейінгі берешегін өтеу үшін екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржылық ұйымдармен шарттар жасасады. Өз тарапынан Ұлттық Банк берешекті өтеу бойынша мәліметтердің қарыз алушылардың кредиттік тарихының дерекқорында көрсетілуіне бақылауды қамтамасыз етеді.
Екінші бағыт – Қазақстанның бүкіл азаматтарына кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұл сомаларын есептен шығаруды көздейді.
Ағымдағы ай аяқталған соң Ұлттық Банк банктермен және микроқаржылық ұйымдармен бірлесіп, кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлға 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша салыстырып тексеру мен тіркеуді жүзеге асырады. Есептелген айыппұлдар мен өсімпұлды есептен шығару бірінші кезекте банктердің және микроқаржылық ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы көлемінен 30%-дан аспайтын сома Ұлттық Банк айқындаған Оператордың қаражаты есебінен өтеледі. Бұл мақсаттар үшін Ұлттық Банк Операторға қажетті қаржыландыру көлемін бөледі. Банктердің және микроқаржылық ұйымдардың айыппұлдар мен өсімпұлдың айтарлықтай бөлігін шығыстар ретінде танып, оларды жүйеден тыс есептен шығарғанын ескере отырып, қаржыландырудың түпкілікті сомасы танылған шығыстардың сомасына азайтылатын болады.
Екі жағдайда да қарыз алушыға банкке, МҚҰ-ға немесе басқа ұйымдарға өтініш беру талап етілмейді. Банктер және микроқаржылық ұйымдар берешекті өтеу және есептелген айыппұлдар мен өсімпұлды есептен шығару бойынша бүкіл жұмысты дербес жасайды. Әрбір қарыз алушыны банк/микроқаржылық ұйым жұмыс нәтижелері туралы хабардар етеді.
Үшінші бағытта қарыз алушыларды қосымша қорғау бойынша реттеушілік сипаттағы шаралар кешені көзделеді.
Тұтынушылық кредиттеудің барынша белсенді өсуінің реттелмейтін секторда (онлайн кредиторлар, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар) байқалатынын ескере отырып, Сенат ағымдағы жылғы 24 маусымда барлық кредиттеу субъектілерін реттеу мен қадағалауды енгізуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдап, Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға енгізді. Заңға таяу уақытта қол қойылатын болады. Қаржылық ұйымдарға қатысты қосымша реттеушілік шаралар қабылданады. Біріншіден, мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салу. Бұл азаматтарды берешек сомасының тұрақты өсуінен қорғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салу енгізіледі. Үшіншіден, барынша сақ тұтынушылық кредиттеу үшін қарыз алушының борыштық жүктемесін есептеуге арналған тәсілдерді жетілдіру сияқты қосалқы шаралар, банктердің меншікті капиталына қойылатын қосымша талаптар көзделеді. Осылайша, қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға нақты көмек көрсетіледі, олардың отбасыларының әл-ауқаты жақсартылады, шамадан тыс кредиттелудің болашақ тәуекелдері шектеледі және халықты жауапты кредиттеу үшін жағдайлар жасалады.

Валюталық ипотекалық қарыз мерзімі ұзартылды

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасына жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру мерзімін ұзартуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін барлық валюталық ипотекалық қарыз алушыларды бағдарлама аясында барынша қамту мақсатында осы қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін, таратылып жатқан «Астана Банкі» АҚ және «Qazaq Banki» АҚ банктеріндегі қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырылуға тиіс. Бағдарламаға енгізілген түзетулерді ескере отырып, қарыз алушылар 2019 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей қайта қаржыландыруға өтінішпен кредитор банкке жүгінуі қажет екенін айтып өткен жөн. 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға 64,9 млрд теңге сомасына 7 735 валюталық ипотекалық қарыз мақұлданды, 51,4 млрд теңге сомасына 6 283 валюталық ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылды. Жамбыл облысы бойынша бағдарлама шеңберінде 872,4 млн теңге сомасына 231 өтінім мақұлданды, оның ішінде 613 млн теңге сомасында 151 қарыз қайта қаржыландырылды.

Теңге құнын жоғалтпайды

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде, сондай-ақ WhatsApp және басқа да мессенджерлер арқылы Қазақстанның 2019 жылғы тамызда жаңа валюта алтынға өту және теңгенің құнсыздануы туралы ақпарат таратылуда. Аудиохабардағы белгісіз дауыс кезекті рет қазақстандықтарды шұғыл тәртіппен жинақ ақшасын долларға айырбастауға немесе автомашиналарды, пәтерлерді және т.б. сатып алуға жаңа қарыздарды ресімдеуге шақыруда. Ұлттық Банк бұл ақпараттың экономикалық қаскүнемдікке шақыратын дәйексіз, арандатушылық ақпарат екендігін ресми түрде хабарлайды.
– Біз қазақстандықтарға мынадай өтінішпен жүгінеміз. Аудиохабарларда дауысты таныған жағдайда бізбен +7 727 2704 591 нөмірі бойынша немесе Ұлттық Банктің әлеуметтік желілеріндегі ресми беттеріндегі дайректте, Facebook, Instagram, NBK Online – халықтың ҚРҰБ өзара іс-қимылдарына арналған құрал арқылы хабарласу қажет екендігін ескертеміз. Жалған ақпарат таратушылар мен жолдаушыларды анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына жүгіндік, – дейді банк директоры.

Comments (0)
Add Comment