Вакцинаны қалай және қашан салдырған жөн?

Вакцина туралы білу керек ең маңызды нәрсе – екпе инфекциядан емес, аурудың ауыр ағымынан, коронавирустан болатын өлімнен қорғайды. Ал жалпы вакциналау қоғамдық иммунитетті қалыптастырып, инфекцияның әлсіреуіне алып келеді.

   Вакцинация – өзіңізді және жақындарыңызды COVID-19 жұқпалы індетінен қорғаудың ең тиімді әдісі. Коронавирустың таралу динамикасын ескере отырып, ерте ме, кеш пе, инфекцияны бәрі жұқтыратыны сөзсіз. Сондықтан оған ағзаңызды алдын ала дайындап, кем дегенде ішінара иммундық қорғаныспен қамтамасыз еткеніңіз жөн. Коронавирус әсіресе созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіпті екені белгілі. Оларда аутоиммундық реакция болып (бөгде вирустың орнына организм өзінің сау жасушаларына шабуыл жасай бастайды) асқыну қаупі жоғары болуы мүмкін. Кез келген басқа дәрі-дәрмек сияқты коронавирустық вакциналардың да қарсы көрсетілімдері бар.

Егер екпе салардан бір немесе екі күн бұрын сіз өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, вакцинаны кейінге қалдырған дұрыс. Созылмалы аурулардың өршуі жағдайында вакцинаны сауыққаннан немесе ремиссиядан кейін 2-4 аптадан соң жасау ұсынылады. Мүмкін болса, толық бір ай күткен дұрыс. Бұл туралы дәрігермен кеңескен жөн. Егер тұмау сияқты жеңіл ЖРВИ-мен ауырған болсаңыз, екпені ертерек ала аласыз. Науқастың дене температурасы табиғи түрде қалыпқа келгеннен кейін және ол таблетка ішуді тоқтатқаннан соң вакцина жасауға болады.

Адамдардың көпшілігі вакцинаны ешқандай ерекше белгісіз өткізеді. Ал кей адамдарда инъекция орнында аздап ауырсыну, қызару немесе ісіну, әлсіздік болуы мүмкін. Сонымен қатар бұлшық еттерде аздап ыңғайсыздық болуы ықтимал. Кейде дененің қызуы көтерілуі, аздап қалтырау, жүрек айну және лимфа түйіндерінің шамалы ұлғаюы мүмкін.

Бүгінгі таңда қолжетімді барлық коронавирустық вакциналар екі дозадан тұрады. Бұл дегеніміз алғашқы инъекциядан біраз уақыт өткен соң, қорғаныш әсерін күшейту үшін сізге екінші компонентін салғызу керек. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдайда екпенің толық компонентін салдыруға келісу қажет. Бірінші инъекция ағзаның иммундық реакциясын тудыруы және кем дегенде ішінара қорғауды қамтамасыз етуі керек. Бұл аурудың ауыр ағымын болдырмау үшін жеткілікті болуы қажет. Егер сіз бірінші дозаны салдырғаннан кейін суық тиіп, сырқаттанып қалсаңыз, екіншісін сәл кейінге қалдырған дұрыс. Дәрігерлер бірінші және екінші дозаларды салғызу арасында вакцинацияның тиімділігі тұрғысынан ешқандай зиян келтірмес екі айға дейін үзіліс болуы мүмкін екендігін айтады.

Коронавирустық инфекциядан қорғаудың максималды деңгейіне екінші инъекциядан үш-төрт аптадан кейін, толық иммунитет қалыптасқан кезде қол жеткізіледі. Алайда тіпті бұл жағдайда да вакцинацияланған адам вирусты білмей-ақ жұқтыруы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше екпе салдырғаннан кейін де маска киюді жалғастыру керек және басқалардан алыс жүрген жөн.
Әрбір вакцинацияланған адам білуі керек ең басты нәрсе – екпе инфекциядан емес, аурудың ауыр ағымынан қорғайды. Коронавирустан өлу немесе реанимацияда жату ықтималдығын вакцина іс жүзінде нөлге дейін азайтады.

Вакцинациядан кейін де COVID-19 инфекциясымен ауырып, ауруханаға түсіп немесе үйде емделу мүмкіндігі қала береді. Бірақ бұл көрсеткіш айтарлықтай азаяды.

                                                                                                                                                          Рыскелді САПАРБЕКОВ,
                                                                                                                                                          Байзақ аудандық орталық
                                                                                                                                                          ауруханасының бас дәрігері

Comments (0)
Add Comment