Утилизация: Көлік бағасы арзандай ма?

Соңғы жылдары елімізде тіркеуі жоқ көліктер төңірегінде дау-дамай жиілегені жасырын емес. Бұл көлік нарығына да айтарлықтай әсер етті. Себебі шетелдік көліктерге белгіленген утиль алымының сомасын кез келген жүргізушінің қалтасы көтермейтін. Сонымен, алты жылдан бері утилизация алымын жинауды қолға алған ӨКМ (РОП)операторының қызметі тоқтады. Осы жаңашылдықтан кейін ескі көлік тізгіндеген ағайын көліктерін жаппай сатылымға шығара бастады.

Утилизациялық алым деген – техниканы кәдеге жарату үшін қалдықтарын қайта өңдеу мақсатында алынатын төлем. Мұны көлікті сатып алуға ниетті тұлға мен өндіруші транспортты экологиялық нормаға сай пайдаланған соң, қайта өңдеуді қаржыландыру үшін төлейді. Ашып айтсақ, шетелдік көлік мінгісі келетіндер темір тұлпардың қозғалтқышына, көлеміне және түріне қарай 400 мыңнан бастап 6 миллион теңгеге дейін шығындалатын. Халықтың бәйек қағып, дүрлігуінің тағы бір себебі – бізде автомобильдерді кәдеге жарату үшін белгіленген алымның мөлшері Еуропа елдерімен салыстыруға келмейді. Тіпті утиль алымына ауыл шаруашылығы саласына техника алуды көздеген шаруалар да нарызылық білдірді. Себебі жеңіл көліктерді кәдеге жарату алымының мөлшері 400 мыңнан 3,5 миллион теңгенің аралығында болса, ауыл шаруашылығы техникалары 14 миллионға дейін жететін. Ал ол қаржы мемлекетке емес, жекенің қалтасына кетті. Былтыр жаңа, сапалы және арзан көлік тізгіндеуді көздеген ағайынның утилизациялық алымның құнына қарсы петиция жариялап, қол жинауының сыры осында.

Елімізде Армения, Беларусь, Ресей және Қырғызстаннан келген көліктер қаптап жүр. Соның ішінде Ресейден жеткізілген көліктердің саны ел бойынша 80 мыңға шамалас болса, 2000-ға жуығы облыста екен. Ресми ақпараттарға сүйенсек, тіркелмеген көліктер жол ережесін жиі бұзатын көрінеді. Салдарынан оқыстан жол апатына тап болатын жүргізушілер жиілеп кеткен-ді. Утилизация жайын қаузай берсек, осы тектес мәселе көп. Бірақ соның ішінде негізгісі – «Қыруар қаржы қайда кетті?» деген сұрақ. Сонымен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, осы уақытқа дейін утиль алымынан түскен қаржы 691,9 миллиард теңгені құрапты. Осы сомадан автокөлік өндірушілерге кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген 338,9 миллиард теңге қайтарылған. Сондай-ақ салықтарға 49,1 миллиард теңге, экологиялық мәселелерді реттеуге 102 миллиард теңге жұмсалған. Ал қалған қаражат бүгінде екінші деңгейлі банктерде 220,6 миллиард теңге көлемінде сақталыпты.
Президент пәрмені баға нарығына ықпал ете ме?
Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдайға, соның ішінде халықтың әлеуметтік ахуалына байланысты бірқатар маңызды шешім қабылдады. Президент Үкіметке жүргізушілерді алаңдатып отырған утиль алымы жайында нақты тапсырма жүктеді. «Кәсіпкерлерде, жалпы қоғамда «Оператор РОП» деп аталатын компанияның жұмысына қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Үкіметке РОП операторының утиль алымына иелік етуін тоқтату бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналасуы керек. Сатып алушыларға утиль алымы есебінен ваучер арқылы отандық автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу мәселесін қарастыру керек. Ондағы қаражатты пайдаланудың басқа да қоғамға пайдалы тәсілдерін әзірлеңіздер», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президенттің тапсырмасынан кейін араға бір жеті салып Үкімет утиль алымын қолға алатын ұйымды белгіледі. Яғни Үкімет «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері туралы» Қаулы қабылдады. Құжатта «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалды. Сәйкесінше, «ӨКМ операторы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің утилизациялық алымды әкімшілендіру және тиісті қаражаттарды басқару шеңберіндегі қызметі тоқтатылды. Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді. Жалпы «Жасыл даму» акционерлік қоғамы – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағындағы ұйым. Министрліктің мәліметінше, кәдеге жарату алымының коэффициенттерін қайта қарау бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылыпты. Енді бұл мәселе ақпан айының соңына дейін жіті қаралып, бекітілмек. Ал нақты шешім қабылданғанға дейін кәдеге жарату алымы «Жасыл даму» акционерлік қоғамы операторына қолданыстағы мөлшерлемеге сәйкес төленеді екен. Осы өзгерістен кейін-ақ Жамбыл жұртшылығы арзан көліктерін сатуға мықтап кірісе бастағандай. Біз мұның сырын жеті жылдан бері автокөлік алып-сатумен айналысатын Ахмет Ибраһимнен сұрап, анықтауға тырысып көрдік.
– ӨКМ операторы жұмысын тоқтатқан соң, ел арасында «көлік бағасы арзандайды» деген сөз желдей есті. Содан ағайындар ескі көліктерін сатылымға шығара бастады. Бұл шаруаның нақты шешімін таппағанын ескерсек, әлі алда қандай өзгерістер болатынын білмейміз. Соған қарамастан тұрғындар арнайы сайттарға көліктерін шығарып, реті келсе көлігін сатудан кетәрі емес. Бұдан кім ұтып, кім ұтылатыны әзірге белгісіз. Бірақ, меніңше, бұл өзгеріс арзан көліктердің бағасына айтарлықтай әсер етпеуі керек. Сондықтан бірер жылда отандық көліктердің біразы жаңаратын секілді. Мен өзім көлік алып-сатумен 2015 жылдан бері айналысамын. Көбіне көліктерді Өскемен, Семей, Аягөзден алып, Жамбылда саудалаймын. Себебі онда ескі көліктер бағаланбайды. Әрі аталған өңірлердің тұрғындары көлік алып-сатуға үйір болмаған соң, көбіне жаңа көліктер алады. Ал бізде ескі және арзан көліктер көп, – дейді Ахмет Ибраһим.

Әзірге сарапшылар дәл осы жағдай бойынша түрлі пікір айтуда. Тұрғындар да қандай шешім қабылдарын білмей әлек. Сонымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Парламент Мәжілісінде көтерген утилизация бойынша атқарылатын шаруаның шеті көріне бастады. Ал мемлекет тарапынан жүргізушілердің пайдасына нақты қандай шешім қабылданатынын кезі келгенде біле жатармыз.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments (0)
Add Comment