Қураған ағаш қу басқа түспесін

Көктем, күз айларында әлеуметтік желіден көше бойында құлаған ағаштардың бейнежазбаларын көреміз. Мұндай оқиғаларға қатысты халықтың пікірі сан алуан. Ағаштарды күтіп баптап, уақтылы кесіп отыратын қала тазалығына жауапты мекемелерге желі белсенділері де шағымын айтып, талап-тілектерін жолдап жатады.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Көктем келгенде қала көшелері өзгеше кейіпке еніп, ажарлана түседі. Көше бойын жағалай өскен гүлдер мен бүршік атып, көктеген ағаштар да көздің жауын алады. Шаһардың топырағы құнарлы екенін осыдан-ақ білуге болады. Иә, ағаш көктейді, уақыт сәтімен өседі, көркейеді. Бірақ бір нәрсеге назар салуды кейде ұмыт қалдырамыз. Ағаш та қартаяды, тамыры суалады, шіриді, тіпті құлайды. Табиғат заңдылығына таласымыз жоқ. Кінә өзімізден. Тек талды уақтылы кесіп, баппен қарайтын болсақ, төтенше жағдайдың алдын алудың озық үлгісін көрсетер едік. Өткен айда қалада долы жел тұрып, салдарынан бір күнде бірнеше оқиға тіркелді. Бұған төтенше жағдайлар департаменті мен қала аумағындағы арнайы техникалары бар мекемелер жұмылдырылып, жедел шара қабылданды. Нәтижесінде жағдай көп ұзамай реттелді. Біз сол оқиғадан бұрын да қала тұрғындарының қураған ағаштар жайында пікірін білген едік. Сұрақтарды саралай келе, қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сауал жолдап, жауабын алдық.

– Тұрғындардың басым бөлігі «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі қураған ағаштарды қалай анықтайды?» деген сауалдың жауабын білгісі келеді екен…

– Жалпы өсімдіктер мен тал-дарақтарды күтіп баптау ережесіне сәйкес, Жамбыл облысы мәслихатының 2014 жылғы шешімімен ағаштарды кесу, отырғызу, тым биіктерін аласарту бойынша жұмыстарды жүзеге асыратын арнайы комиссия бекітілген. Комиссия құрамында қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің және «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің мамандары бар. Жалпы қураған ағаштың жайы комиссия шешімімен қаралады.

– Қала тұрғыны ауласындағы апатты жағдайдағы ағашты анықтады делік, оны кесу үшін кімге жүгінеді?

– Әрине, бізге. Әуелі аталған комиссия тұрғындардан түскен өтінішті қабылдайды. Кейін ережеге сәйкес акті толтырып, кейін сол өтініште көрсетілген мекенжайға барып, жағдайды бақылайды. Жұмысшы топ ағаштың түр-түсін анықтап, сараптама жасайды. Соның нәтижесінде ортақ шешім шығарады.

– Жұмысшы топ апатты жағдайдағы ағаштарды тек өтініш бойынша кесе ме?

– Мекеме жеке және заңды тұлғалардың өтінішінсіз күз және көктем айларында бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бірақ тыңғылықты тексеру барысында да кейде апатты жағдайдағы ағашты анықтау мүмкін болмайды.

– Қураған ағашты кесу туралы өтініш қабылданды делік. Ал жұмыс жеке және заңды тұлғалардың есебінен жүргізіле ме?

– Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.

– Долы жел тұрғанда, ең бірінші кезекте қандай шұғыл шаралар қабылданады?

– Егер қалада дауыл жел тұрса, әуелі зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Бұтағы сынған немесе құлаған ағаштар анықталса, сол аймаққа «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің бригадасы жұмылдырылып, жағдайды реттейді.

– Тұрғындар арасында «қала әкімдігіне қарасты тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өтініш қалдырдық. Бір жыл өтті, бірақ әлі күнге дейін шара қолданылмады» деп шағым айтатындар бар…

– 2020 жылы ағаштарды аласарту, яғни бұталау бойынша 800-ден аса өтініш түсті. 25 ақпанға дейін 125 өтініш рәсімделді. Бірінші кезекте қала тұрғындары көп шоғырланған аймақтардағы биік ағаштарды аласартуға күш саламыз. Жалпы осы бағыттағы жұмыстар бойынша қала халқынан өтініштердің көптеп түсуіне байланысты барлық азаматтардың талап-тілегін қанағаттандыру мүмкін емес.

– Өткен жылы нақты қандай жұмыстар атқарылды? Ауа райы сан құбылатын көктем айына дайынсыздар ма? Жоспар қандай?

– 2020 жылы жұмысшылар 10 000-ға жуық биік ағашты бұталап, 300-ден астам апатты жағдайдағы ағашты реттеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес, 2021-2025 жылдарға дейін қаланы көгалдандыру бойынша аймақтық жоспар бекітілді. Енді сол жоспарға сәйкес қала әкімдігі тарапынан 10 000 көшет отырғызып, бір гектарға дейінгі аумақты көгалдандыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Тараз қаласы әкімдігінің қаулысымен көктемгі екі айлық ұйымдастырылады. Айлық аясында көшет отырғызу, ағаштарды бұталау және әктеу бойынша жұмыстар атқарылмақ.

Comments (0)
Add Comment