Ағымдағы жылдың 21-25 шілде аралығында облыс жастары арасындағы «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедициясы өтті. Экспедиция бірнеше тақырыптық бағыттарды қамти отырып, маңызды тарихи нысандарға барды. Күнделікті тапсырмалар берілді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының қолдауымен өткен шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында белгіленген тапсырмаларды және «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасының ІІ кезеңін іске асыру мақсатында қолға алынды.
Бұл шара жастар арасында жалпыұлттық патриотизмді қалыптастыруға, өлкетанушылық ақпаратты жинақтауға, туған өлкенің тарихы мен мол рухани құндылықтары туралы білімдерін арттыруға, белгілі бір аймақты тану мен зерттеуге бағытталды. Оған Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласынан 11 командалық топ қатысты.
Бір өңірдің командасы екінші өңірге бару арқылы сол жердің тарихы мен мәдени құндылықтарына қанық болды. Командалар күнделікті берілген тапсырмаларға сәйкес Жамбыл облысының ауылдары мен елді мекендерінде аттары ұмытылып бара жатқан тұлғаларының өмір жолы, осы күнге дейін белгісіз болған тарихи-археологиялық орындары, халық әндері және халық ауыз әдебиетінің тың үлгілері туралы ақпараттар жинақтап, тарих, археология және мәдениет үшін маңызды тарихи ақпараттардан күнделікті жазба жасады. Сондай-ақ барлық командалар барған өңірдің орталық музейлері мен кітапханаларын аралап, сол өңірге белгілі қолөнершілердің туындыларымен танысуға мүмкіндік алды. Топ мүшелері әлеуметтік желі парақшаларында экспедицияға қатысты фото және ол бойынша қысқаша ақпараттар орналастырды. Әр орналастырылған фото-ақпаратқа өзінің топ нөміріне сәйкес #JJJ#JASTARJAMBULJAUHAR1top – #JJJ#JASTARJAMBULJAUHAR11top хештегтерін қойды.
Экспедиция қорытындысы бойынша Тараз қаласында конференция ұйымдастырылып, командалық топ мүшелері экспедиция барысында жинақтаған материалдарының презентациясын жасап, өңірдің тарихи-мәдени мұраларының маңыздылығын талқылады.
Жамбыл облысының тарихы, мәдениеті, ескерткіштері бойынша командалардың ғылыми-танымдық материалдары мен тарихи-мәдени мұраларын зерттеудегі жаңаша көзқарастары бойынша ұсыныстары жинақ болып басылды.