«Әулиеата жастары»: бағдарлама үмітті ақтады ма?

Ағымдағы жылдың шілде айында облысымызда «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған болатын. Алғашқы жарнасы 5 пайызды құрайтын бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, журналистика саласының 35 жасқа дейінгі қызметкерлері қатысуға мүмкіндік алды. Күні кеше конкурстық комиссияның шешімімен іріктеуден өткен 30 адамның тізімі жарияланды. Алайда о баста жоспар бойынша аталған бағдарламаның арқасында 50 жас тұрғын үймен қамтылады деп күтілген. Бірақ нәтижесінде 30-ақ адамға жолдама берілгені баспаналы болудан үмітті бірқатар жастың көңіліне күмән ұялатқаны жасырын емес.

Осы мәселенің мәнісіне үңілу мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхарға хабарласқан едік.
– Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында өзара келісім жасалып, бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. «Отбасы банк» те өз тарапынан қаржы қарастырады деп жоспарланған. Бірақ бұл пилоттық жоба болғандықтан, олар мұны кейінге қалдырды. Бағдарламаға құжат тапсыруға берілген 10 күннің ішінде «e-jambyl» ақпараттық жүйесіне жалпы саны 591 өтінім келіп түсті. Алайда белгісіз себептермен 49 азамат өз өтініштерін қайтарып алды. Нәтижесінде 542 адамның құжаты комиссияның қарауына берілді. Олардың 70-80 пайызы денсаулық және білім саласының қызметкерлері. 21 адамнан жасақталған комиссия әрбір үміткердің өтінімін жіті қарап, сұрыптаудан өткізді. Сөйтіп, ортақ шешіммен барлық талапқа сай келетін 30 адам жолдамаға ие болды. Енді неге дәл осы азаматтар таңдалғанына тоқтала кетейін. Жалпы бұл жоба өзге мемлекеттік бағдарламалармен баспаналы болуға мүмкіндігі жоқ жастарға арналған. Бірақ соны көпшілігі түсінбеген болуы керек, мемлекеттік балабақша, аурухана, мектептерде жұмыс істейтін жастар да өтініш берген. Бағдарламаның тағы бір шарты бойынша таңдалған 5 саланың бейінді қызметкерлері ғана өтініш тапсыруы керек-тұғын. Яғни әкімшілік, техникалық қызметкерлердің еш мүмкіндігі жоқ. Осы жағын да көпшілігі ескермеген. Ал енді кейбірінің «Отбасы банктегі» жинақ шоты мүлде ашылмаған немесе жеткілікті сома жиналмаған. Тіпті арасында ақпараттық жүйені сынап көргісі келіп, конкурсқа дым қатысы жоқ түрлі фотосуреттерді жібергендер де кездесті. Содан соң конкурс барысында үміткердің отбасылы, бала-шағалы болуы және осы өңірдегі еңбек өтіліне басымдық берілді. Мәселен, адами тұрғыда қарасақ, облысымыздың дамуына 10 жылдай тер төккен адам мен жұмыс істегеніне нәбәрі 1 жылдан енді асқан жас маманның қайсысының мүмкіндігі жоғары болуы керек? Әрине, біріншісінің.

Міне, осы секілді шарттар басты назарға алынды. Яғни барлық жағынан сәйкес келетін қатысушылар іріктеуден іркілмей өтті. Қазір көпшілігін «Бастапқыда жоспарланған 50 адам неге 30-ға қысқарып кетті?» деген сауал толғандырып жүр. Жоғарыда айтқанымдай, жалпы бөлінген қаржы – 500 миллион теңге. Ал бағдарлама шартына сәйкес, ең жоғарғы ипотекалық несие сомасы – 13 миллион теңге. Егер сол 500 миллионды теңдей 13 миллионға бөлетін болсақ, 38, 39 адамға жетеді екен. Бірақ барлығының үй алуына 13 миллион кетпейді ғой. Біреуі баспананы арзанырақ 5 миллионға, енді бірі 10 миллионға сатып алуы мүмкін. Демек, тұрғын үймен қамтылатын жастың саны шамамен 40-50-ге жуықтайды. Қазір бізге апелляциялық шағыммен жүгініп, шешіммен келіспейтіндігін білдіріп жатқандар бар. Алдағы уақытта сол азаматтардың арыз-шағымы негізінде тағы да комиссия отырысын өткізіп, олардың да ішінен үміткерлерді анықтаймыз. Содан соң қазан айының ортасына таман бағдарламаның екінші кезеңін жариялаймыз. Ол конкурстан да бірқатар азаматтың суырылып шығатыны анық. Оның үстіне банкке жолдама алған жастардың барлығы дерлік үйлі болып кетпеуі де ықтимал. Өйткені кейбіреуінің төлем қабілеті расталмаса, енді бірінің құжаттары дұрыс болмауы мүмкін ғой. Мұны енді банк жүйесі анықтайды. Демек, тек 30-ақ адам өтті, қалғанына ештеңе бұйырмады деп кесіп айтуға әлі ерте. Алдында айтқанымдай, әлі апелляциялық шағымдар негізінде және екінші кезең бойынша өтетін комиссия отырыстары бар. Сондағы шешімдерге сәйкес, баспаналы болатын жастардың қатары толығады. Бір сөзбен айтқанда, тиесілі 500 миллионның бір тиыны да желге ұшпай, жастардың баспаналы болуына жұмсалады. Оған ешкімнің күмәні болмауы қажет. Тағы бір айта кетерлігі, бағдарламаны облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те қолдап отыр. Енді келер жылы бөлінетін қаржының көлемін 2 есеге арттыруды көздеп отырмыз. Биыл бағдарлама сәтті жүзеге асса, «Отбасы банк» те өз тарапынан қаражат қарастыруға мүдделі. Бұдан бөлек, «e-jambyl» ақпараттық жүйесін интеграциялау да жоспарда бар. Яғни үміткерге соншама құжатты жинатпай, тек жұмыс орнынан берілетін анықтаманы ғана өткізіп, қалғандарын бір ғана ЭЦҚ-ның көмегімен алуға қол жеткізетіндей етіп жасасақ деп отырмыз. Бұл да алдағы уақыттың еншісінде, – дейді Жомарт Дүйсенұлы.
Ал журналист Исламбек Дастан комиссия мүшелерінің шешімімен келіспейтінін айтады.
– Өзім де сол конкурстық комиссияның құрамында болдым. Шынын айту керек, бұл жерде біздің пікіріміз аса ескерілген жоқ. Біріншіден, үміткерлердің құжаттарын сараптау мерзімі аяқталғанға небәрі 2 жұмыс күні қалғанда ғана ұсынды. Сол себепті біздің барлығын жіті зерделеуге мүмкіндігіміз де, уақытымыз да жетпеді. Себебі 500-ге жуық адамды сонша аз уақыттың ішінде қарап шығу физикалық жағынан да, басқа жағынан да мүмкін емес. Екіншіден, жалпы шарт бойынша негізі қатысушының сол 5 салаға қатысы болмаса және атында үйі болса конкурстан жіберілмеуі керек еді. Ал бұл жерде тырнақ астынан кір іздеп, бір құжаттың күні қате жазылса да, тіпті тыныс белгісі дұрыс қойылмаса да, келесі кезеңге өткізбей тастап отырды. Ал басқарма «біз белгіленген ережеден ауытқи алмаймыз» дегеннен әрі аса алмады. Ал мен мұны жастарға деген жанашырлық емес, керісінше, қиянат деп түсінемін. Сол үшін мен бұған келіспейтінімді ашық айтып, іріктелген 30 адамды қолдаған жоқпын. Келесі жолы да дәл осындай сан түрлі сылтаумен жастарды шетке ысыра беретін болсақ, бұл бағдарламаға да, оны ұйымдастырған басқармаға да ешқандай сенім қалмайды, – дейді қоғам белсендісі.
Облыстық «Aq jol» газетінің жауапты хатшысы, комиссияның тағы бір мүшесі Маржан Рақайдың да пікірі осыған саяды.
– Аталған бағдарлама қанатқақты жоба болғандықтан болар, шикі, әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары баршылық. Талаптары да бастапқыда оңай көрінгенімен, кейбір нәрселер ескерілмеген. Соның салдарынан көптеген сауалдар туындауда. Көпшілігінің құжаттарында болмашы ғана қателіктер кеткен. Сол себепті көпшілігі баспаналы болу мүмкіндігінен айырылды. Тағы бір қоса кетерлігі, іріктеуден өткен азаматтар автоматтандырылған компьютерлік жүйе арқылы сұрыпталған. Яғни бұл жерде комиссияның ешқандай құзыреті болған жоқ. Себебі талқылауға бар болғаны 2-ақ күн берілді, – дейді әріптесіміз.
Жас журналист Нұрдәулет Асан болса, құжат жинағанда банк қызметкерінің кеңесіне сүйенемін деп іріктеуден өтпегенін жасырмады.
– Бағдарлама іске қосылған сәтте-ақ құжат жинап, әріптестеріммен бірге бағымды сынап көруге бекіндім. Содан бағдарлама шартын егжей-тегжейлі қарап, құжаттарды «www.e-jambyl.kz» порталына жүктедім. Кейін комиссияның шешімі шыққанда, екі әріптесімнің құжаты толық қаралса, порталда менің бір ғана құжатым сақталып, қалғаны өшіп қалыпты. Қателік нақты кімнен, қайдан кеткені белгісіз. Осы келеңсіздік жөнінде басқарма басшысына да қайырылып едім, ол: «Порталдың қателесуі мүмкін емес», – деп кесіп айтты. Сол секілді біз «Отбасы банктен» шот ашатын кезде, банк қызметкері бізге жеке шотқа 7 500 теңге аударатынымызды айтты. Ал ипотеканың алғашқы төлемін, яғни 5 пайыз жарнасын іріктеуден өткен соң барып қана төлейтін болдық. Комиссияның шешімі шыққан соң, мән-жайды басқарма басшысынан сұрап білсек, біз 5 пайыз жарнаны өтініш тапсырмай тұрып жеке шотқа аударып, анықтамасын платформаға енгізуіміз қажет екен. Ал өтініш тапсыратын платформада ол анықтама сұралмады, – дейді Нұрдәулет Асан.

«Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді халқымыз. Бүгінде әркімнің пәтерін жалдап, босағасын сығалап жүрген жастарымыз жетерлік. Соларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін осындай бағдарламалар керек-ақ. Ал бұл жоба жастардың үмітін қаншалықты ақтады? Бұл енді алдағы уақытта белгілі болмақ.

Comments (0)
Add Comment