«Әулие-Ата» әуежайына Бауыржан Момышұлының есімі берілсе…

Әлемдегі көптеген мемлекеттердің астаналары мен ірі қалаларындағы халықаралық әуежайларына сол елдің белгілі тарихи тұлғаларының, қоғам қайраткерлері мен мемлекет басшыларының есімдері берілген. Мәселен, Нью-Йорк қаласындағы әуежай АҚШ-тың президенті болған Д. Кеннедидің есімімен айшықталса, Парижге сапар шексеңіз, Шарль де Голль әуежайынан түсесіз.

Сол секілді Стамбулда Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің, Бішкекте халық батыры Манастың есімін еншілеген әуежайлар бар. Соңғы жылдары бұл үрдіс елімізде де орын алуда. Айталық, Ақтөбе әуежайы Әлия Молдағұлованың, Семей әуежайы Абай Құнанбаевтың есімімен аталады.
Осы орайда мен «Әулие-Ата» халықаралық әуежайына ұлт мақтанышы, даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлының есімін берсе деген ұсынысымды жеткізгім келеді. Мұндай батыр тұлғаны әрдайым ардақтап, оның еңбегі мен ерлігін қастерлеу – ортақ парызымыз. Оның үстіне Әулиеата жеріне табаны тиген алыс-жақын мемлекеттерден келген қонақтар да ұлтымыздың ұлы перзентінің осы топырақтан түлеп ұшқанын біліп, ол туралы қызықты деректерге қанығар еді. Бұл, бір жағынан, еліміздің де айбынын асқақтатады. Сол арқылы батыр Баукеңнің ерлігі мен есімі ұлықтала түсетіні хақ.

Майдан Орынбаев,
еңбек ардагері

Comments (0)
Add Comment