Әуезді үн

Күн күлімдеп ұясына барып тығылды. Жарқыраған ай мен жылтыңдаған жұлдыздар аспан әлемін әрлеп тұр. Мүлгіген тыныштық жүректерге жылулық сыйлайды. Тек бір отбасы ғана сол тыныштыққа бағынбай, ұйқысыз отыр. Себебі Көркем бірер минуттан кейін 9 жасқа толады. Ата-анасы тәтті мен тосын сыйларын дайындап әуре. Міне, сағат тілі 12-ні көрсетіп, күткен сәт те келіп жетті. Үй іші ерекше қуаныш пен шаттыққа толды. Ата-анасының мейірімі, махаббаты мен жылуы кішкентай жүректің жанарына жас үйірді. Ертең бұл күнді еске алып отыру үшін суретке түсуді де ұмытпады. Бірер сағаттан соң ата-анасы ас үйді жинастырып, ұйықтап алу үшін кереуеттеріне жантая кетті. Ал Көркем үшін ұйқыға жату кейінге қалды. Себебі сүйіп көретін мультфильмі ұйқыдан да маңызды. Көркем таң атуға аз уақыт қалса да ұйықтауға асығар емес. Кейіпкерімен бірге жабырқау күйде қиындықтың шығар жолын іздеп отыр. Оның орман ортасынан өте бере құстардың сыңғырлаған үнін естіп, көңілденіп, қосыла ән шырқағанын көреді. Көркем көзі жайнап, өлең айтса көңілі көтерілердей дереу сыртқа шықты. Алайда өзге әуездегі дауысты естіп, қорыққанынан үйге кіріп, анасын оята бастайды. «Өзге ғаламшарлық» деп ойлаған қызының жылап тұрғанын көрген ата-анасы іле-шала киініп, далаға шықты. Түк түсінбей, аң-таң болып, қызынан сұрайды. Көркем:
– Біреу өлең айтып жатыр ма? Бұл не әуен? Тыңдап көріңіздерші, – деп тіл қатады. Әкесі мен анасы жандары жай тауып:
– Қызым-ау, бұл өлең емес, мешіттен естіліп жатқан азан дауысы. Бізді қорқытып жібердің ғой. Жүр, үйге кірейік, – дейді.
– Азан деген не? Неге оны қазір айтып жатыр? Басқалар жұмысқа ұйықтап қалмас үшін бе, әлде таңды осылай шақырып ала ма? Шақырмаса, шықпай ма?
Бұл сұрақтардың тізімін қарияның ойбайлаған дауысы үзіп жіберді. Көркем жүгіріп, сүйеніш болып, орындыққа отырғызады. Қария қызға:
– Қызым, ниетіңе рақмет! Мен асығыспын, – дейді.
– Ата, таң атпай қайда асығып барасыз? Демалып алсаңыз ештеңе етпес.
– Қарағым, әсем дауысты естіп тұрсың ба?
– Иә.
– Айналайын, бұл – бізге күн шықпай тұрып оқылатын таң намазын ескерту. Менің бар жұмысым – мешітке барып намаз оқу.
Жанындағы ата-анасын көріп:
– Таң намазына отбасыңмен баруды нәсіп етсін! Неткен керемет жан едіңдер! Алла ниеттеріңді қабыл етсін! Жақсы, мен барайын, – дейді.
Сол уақытта Көркем кідірместен ата-анасынан қариямен бірге баруға рұқсат сұрап, жауабын күтпестен қарттың жанына жетіп барып:
– Ата, барар жеріміз бір ғой, жүріңіз, мен сізге жәрдемдесейін, – дейді.
Анасы тоқтатқалы жатқанда әкесі:
– Күйбең тіршіліктің соңынан ерген бізге періштеміз арқылы Алла өзін еске салып тұрған сияқты. Жақсы амалдарымызды көбейтіп, ақыретке ұялмай бару үшін бұл мүмкіндіктен айырылып қалмайық. Осы күнді нәсіп еткен Аллаға шүкір етейік!
Жұбайының ашуы басылып:
– Дұрыс айтасыз. Бірақ біз дәрет алмақ түгілі, дұрыстап та киінген жоқпыз ғой. Ертең дайындалып барсақ болмай ма?
– Ертең кім бар, кім жоқ. Алаңдама, Алла өзі шешімін жібереді. Жүре ғой, қарияға жетіп алайық.
Бәрі бірге шүйіркелесіп, мешітке де бас сұқты. Шынында да, бар сұрақтың жауабы мен қиындықтардың шешімі табылады. Таң ата мұсылмандармен бірге барған отбасы алғаш рет таңның атуын өз көздерімен көрді. Көркемнің анасы мейірімге толы жүзбен:
– Қаншама жылдан бері үйіміздің іргесінде орналасқан мешітке алғаш аяқ басуым. Үстімнен ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Әльһамдулиллаһ!
Көркемнің есіне табиғатқа тамсанып ән айтқан кейіпкері түседі. Арманының уақыт алмай, тез орындалғанына аң-таң. Ән салып тұрған құстардың, ұйқысынан жаңа оянған жәндіктердің жыбырлап, еңбекке араласа бастағанын тамашалап, ата-анасына:
– Мен бақыттымын! Дәл ертегідей өмірдің орын алып жатқанына қуаныштымын!
Анасы жымиып:
– Періштем, ертегі де өмірден алынған.
Әкесі:
– Хикаяның соңы бақытты аяқталады. Бірақ арадағы сан түрлі сынақтардан өтсек қана нағыз ғажап өмірге жетеміз, – дейді.
Көркем таңдана:
– Бұдан өткен керемет өмір бола ма?
Әкесі Көркемнің басынан сипап:
– Әрине, балапаным, ол – жұмақ. Оған кіру үшін біз өмірдегі әрбір қиындыққа мойымай, толық адам болумыз керек. Бұл дүние уақытша.
– Әкешім, мен де жақсы адам болғым келеді.
– Сен онсызда менің ең жақсы, ең мейірімді періштемсің. Сенің міндетің – сол таза жүрегіңді өміріңнің соңына дейін пәк етіп сақтау. Оның жолы – иманды болып, Алланың тура жолымен жүру.
– Алла жақсы не жаман адам екенімізді қайдан біледі?
– Жаратушы бізді әркез бақылап отырады. Алайда біз Алланы тек жұмаққа кіргенде ғана көре аламыз. Ал әр іс-әрекетімізді иығымызда отырған екі періште жазып отырады. Сол үшін жаман нәрседен аулақ болуымыз керек.
Көркем сол кезде екі иығына қайта-қайта қарап, ұстап, ата-анасын тағы да күлдірді. Олар үйге жетіп қалған еді….

А.ЗАУТБЕК,
студент

Comments (0)
Add Comment