«Қуаныш» отбасының қуанышы көп болсын!

Бүгін облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында ҚР Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шара барысында орталық тәрбиеленушілеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды әлем елдері санасатын саяси стратегиялық маңызы зор мемлекет ретінде қалыптастыру, ел тәуелсіздігінің тұғырын бекіту жолындағы ерен еңбегі жайлы мол мағлұмат берілді. Сонан соң балдырғандар Отан, Тәуелсіздік пен Елбасы жайлы ән-жырдан шашу шашып, жиын қатысушыларының қошеметіне ие болды.

Сонымен қатар шара аясында орталықта «Қуаныш» отбасының тұсауы кесілді. Айта кетер жайт, орталықта тәрбиеленетін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға отбасылық үлгіде тәрбие беру ісі қолға алынған. Аталған жүйеге сәйкес тәрбиеленушілер топқа біріктіріліп, бір жанұяның баласындай өседі. Үлкендері кіші бауырларына үй тапсырмасын орындауға жәрдемдесіп, өзге де тұрмыстық мәселелерде қолдау көрсетеді. Мұндай үлгі орталыққа бір үйден қабылданған бауырлардың аралары ажырамауына, сондай-ақ бүлдіршіндердің отбасы жылуын сезініп өсуіне мүмкіндік береді.

Орталық іші әр отбасына арналып пәтерлерге бөлінген. Онда балалардың жатын бөлмелері, асхана мен демалыс бөлмелері секілді өзге де қажеттіліктің барлығы жасалған. Тәрбиешілер мен мекеме қызметкерлері әр отбасының ата-анасы ретінде бекітілген. Бүгінде мекемеде тәрбие алып жатқан 98 бала осы іспетті отбасыларға жіктелген.

Тұсауы кесілген «Қуаныш» отбасы да осы жүйемен өмір сүреді. Бұл ретте отбасының «Қуаныш» аталуы кездейсоқ емес екенін айтып өту керек. Бұл атау өмірден өткенше орталыққа қамқорлық көрсетіп, ата-ана мейіріміне мұқтаж балдырғандарды бауырына басып келген Қуаныш Көшербаевтың құрметіне қойылған. Жиынға қатысқан Қ. Көшербаевтың анасы Алшакүл Әбдікәрімова мен бауырлары отбасының салтанатты лентасын қиып, жанұяға бақыт пен береке тіледі. Салтанатты шарада «Қуаныш» отбасының мүшелері толқынысын жасырмай, жан жылуын аямаған Қуаныш ағаларының жарқын жүзін әрдайым жүректерінде сақтайтындарын айтты. Ал орталық директоры Айжан Мейірханова жанұяның пәтерін жайлы етуге көрсеткен қолдаулары үшін Қ. Көшербаевтың бауырларына алғысын жеткізді.

Comments (0)
Add Comment